САРЫАРҚАДА – СЫРДЫҢ ЖӘРМЕҢКЕСІ

86

0

25 қазан, сенбі күні Астана төрінде Қызылорда облысының
ауыл шаруашылығы өнімдерінің жәрмеңкесі өтеді.

Берекелі күз келіп, мерекеге кенелген Сыр аймағы тұрғындары
қуаныш құшағына бөленуде. Биылғы жылы аймақ диқандары Сырдың атын шығарып,
дәулетін тасытқан ақ маржанның әр гектарынан 50,1 центнерден өнім алып, қамбаға
395 мың тоннадан астам астық құйып, ел мерейін асқақтатты. Бұл – еліміз
егемендік алған жылдар ішіндегі ең жоғары рекордтық көрсеткіш. Төрт түлік мал
басы да жыл өткен сайын көбейіп, ет-сүт өнімдерін өндіру мен өңдеуде де тың
серпіліс бар. Сондай-ақ, Елбасымыздың сарабдал саясаты арқасында Кіші Аралдың
айдыны шалқып, ТМД елдерімен қатар Еуропаға дейін балық өнімдері экспортталуда.
«Батыс Еуропа-батыс Қытай” автодәлізі аймақта өндірілген ауыл шаруашылығы
өнімдерін таяу және алыс шетелдерге тасымалдауға да мол мүмкіндік туғызып отыр.

Егіс даласындағы дүбірлі науқанда, жоғарыда айтқандай,
толағай та­быс­қа кенелген сырбойылықтар пейіл­дерін кеңге салып, азық-түлік
өнімдерін ел несібесіне арзан бағамен ұсынуда. Жылдағы дәстүр бойынша өздері
өндірген өнім түрлерін Астана жұртшылығына тарту етуді мұрат тұтып, Елордаға ат
бастарын тіреді. Жәрмеңкеге жол тартқан 15 ауыр салмақты жүк көлігі 440 тонна
ауыл шаруашылығы өнімдерін артып апарған. Саралап айтар болсақ, 123 тонна ақ
күріш, 57 тонна картоп, 27 тонна жуа, 25 тонна сәбіз, 20 тонна ет, 23 тонна
балық, ондаған тонналаған көкөніс-бақша мен ет-сүт өнімдерін астаналықтар дастарқанына
арзан бағамен тарту жасамақ. Астаналықтарға апарылған өнім түрлері 30-дан асып,
құны 72,0 млн. теңгені құрайды.

Ел-халық несібесін молайтуға бар ықылас-ниеттерімен барған
сырбойылықтарға астаналықтардың айтар алғысы шексіз болса керек. Өйткені,
жәрмеңкедегі азық-түлік өнім бағалары нарықтағы бағадан 20 пайыз төмен бағамен
сатылады. Қараңыз, күріш бағасы келісіне 180 теңге болса, картоп, жуа, сәбіз,
қырыққабат бағалары бары-жоғы 60-75 теңге аралығында ұсынылмақ. Балық өнімдері
келісі 480 теңгеден, ал төрт түлік мал еті 1000 теңгеден сатылмақ.

Сыр аймағының өнер шеберлері Астана жұртшылығына
күмбірлеген күй, мың бұралған би мен әсем әндерден де шашу шашпақ.

Е.АҚҚАЛИҰЛЫ.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз