САҚТАНСАҢ, САҚТАРМЫН ДЕГЕН…

62

0

Жақында баспасөз клубында облыстық төтенше жағдайлар департаменті бастығының орынбасары Б.Ертаев пен төтенше жағдайлар департаменті мемлекеттік өрт бақылау басқармасының бастығы, өртке қарсы қызмет подполковнигі Ғ.Төрешовтің қатысуымен баспасөз мәслихаты өткізілді.
Баспасөз мәслихатында жылу-энергетика кәсіпорындары және тіршілікті қамтамасыз ету нысандарының 2013-2014 жылдардағы жылу беру маусымына дайындығы, төтенше жағдайлардың алдын алу, өрт қауіпсіздігі ережелерін сақтау төңірегінде әңгіме өрбіді.
– «Қызылордажылуэлектрорталығы» МКК-да «Оңтүстік қазандығын» қосқанда барлығы 43 дана жылу қазандығы бар. Осының 27 қазандығы төтенше жағдайлар департаментінің бақылауында тұр. Биылғы жылы 24 қазандықты жөндеу жоспарланса, осының 22-сі толықтай жөнделіп, сынақтан өткізілді. Сондай-ақ, қаладағы газ тапшылығы көлемін толықтыру мақсатында қаланың газ құбырлары желілерін «Бейнеу-Бозой-Шымкент» магистральды газ құбырының екі нүктесіне жалғау жұмыстары жоспарға енгізіліп отыр, – дейді облыстық төтенше жағдайлар департаменті бастығының орынбасары Б.Ертаев.
Ал, мемлекеттік өрт бақылау басқармасының бастығы Ғ.Төрешовтің айтуынша, биылғы жылдың өткен 10 айында облыс аумағында 390 өрт оқиғасы тіркеліп, 6 адам тілсіз жаудан қаза болса, 14 адам ауыр жарақат алған. Бір өкініштісі, оқиғалардың басым бөлігі жеке тұрғын үйлерде орын алған. Оған электр жабдықтарын, қондырғыларын, желілерін пайдаланудағы салақтық, балалардың отпен ойнауы себеп болған.
Өрттің алдын алу бағытында 1548 нысанға техникалық тексерулер жүргізілген. Нәтижесінде, 912 әкімшілік құқық бұзушылық істер қаралып, 47-сіне ескерту шарасы жасалса, 865 жеке және заңды тұлғаларға 10 млн. 938 мың теңгеден астам айыппұл салынған. 
Баспасөз мәслихаты барысында төтенше жағдай мен тілсіз жау оқиғаларының алдын алу үшін аймақтың барша тұрғындарына қауіпсіздік ережелерін сақтау қажеттігі, сондай-ақ балаларды бақылаусыз қалдырмау жөнінде баса айтылды.
Е.АҚҚАЛИҰЛЫ.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз