СЕНАТОРЛЫҚҚА ҮМІТКЕР ҰСЫНЫЛДЫ

63

0

Сейсенбі күні облыс әкімі Қ.Көшербаевтың қатысуымен облыстық мәслихаттың
кезектен тыс 30 сессиясы өтіп, онда ҚР Парламентi Сенатының депутаттығына
үміткер ұсыну мәселесі қаралды.

Сесссияға төрағалық еткен
депутат Қылышбай Бисенов «Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік
басқару және өзін-өзі басқару туралы»
Заңға сәйкес ұсынылып отырған күн тәртібімен таныстырып өтті.
Депутаттардың барлығы күн тәртібіндегі мәселені қолдап дауыс бергеннен кейін
депутат, «Нұр Отан» партиясы фракциясының мүшесі Абзал Ералиев сөз алып, екі
айдан кейін өтетін Сенат сайлауына облыстық мәслихат хатшысы Бекмырза
Еламановтың ұсынылып отырғанын жеткізді. Үміткердің өмір жолы мен атқарған
қызметтері жайлы айтып өтті. Депутат Қалқазбек Әжібеков ел үшін қалтқысыз
қызмет атқарған азамат Сенат депутаты болуға лайық деген ойын айтты. Халық
қалаулысы Аманжол Оңғарбаев жоғары палата депутаттығынан үміткер жайлы жылы
лебізін білдірді.

Депутаттар жарыссөзінен кейін
облыс әкімі Қырымбек Көшербаев сессия отырысына ұсынылып отырған мәселе жайлы
түйінді сөз айтты.

– Сайлау – елдің
ауызбіршілігін сынайтын сәт,– деді аймақ басшысы. – Талай қызмет баспалдағынан
өткен, әкімдік пен мәслихат арасындағы байланысты шебер үйлестірген Бекмырза
Қайыпұлын жоғары палата депутаттығына үміткер атануға лайық азамат деп
есептеймін. Жергілікті атқарушы билік атынан саяси науқанның сәтті өтуіне
тілектестік білдіремін.

Осыдан кейін кезектен тыс
сессияның шешімі облыстық сайлау комиссиясына ұсынылды.

М. АҚЫНҰЛЫ

***

Сейсенбi күні Қызылорда
қалалық мәслихатының кезектен тыс отыз екінші сессиясы болып өтті. Оның
жұмысына қала әкімі Нұрлыбек Нәлібаев қатысты. Сессия төрайымы депутат Ләйлә
Қожаниязова күн тәртібінде «Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының
депутаттығына кандидат ұсыну туралы” мәселесі қойылып отырғандығын жеткізді.

Мұнан соң «Нұр-Отан” партиясы
Қызылорда қалалық филиалы төрағасының бірінші орынбасары, қалалық мәслихаттың
фракция жетекшісі Мақсұт Баекеев мінберге көтерілді. Ол Қызылорда қалалық
мәслихатындағы «Нұр Отан” партиясы депутаттық фракциясының 1 тамыздағы № 6/1
шешімімен Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаттығына
кандидаттыққа Еламанов Бекмырза Қайыпұлы ұсынылып отырғанын хабарлады.
Хабарламашы бұдан кейін ұсынылып отырған кандидаттың өмір жолы жайлы айтып
берді.

Бекмырза Қайыпұлы 1950 жылы
дүниеге келген. Білімі жоғары, Алматы зоотехникалық-малдәрігерлік институтының
түлегі. Еңбек жолын Қармақшы аудандық партия комитетінде нұсқаушы болып
бастаған. Одан кейін еңбек жолы «ІІІ-Интернационал” колхозында бастауыш
ұйымының хатшысы, «Қуаңдария” кеңшарының директоры, халық депутаттары Қармақшы
аудандық кеңесі төрағасының орынбасары, төрағасы, Қармақшы ауданының әкімі
қызметінде жалғасты. Осыдан соң Сырдария ауданы «Шапағат” ЖШС директоры,
Қызылорда облысы әкімінің орынбасары, облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының
бастығы, Жаңақорған ауданы әкім қызметтерін атқарды. Қазіргі уақытта облыстық
мәслихаттың хатшысы қызметінде.

Б.Еламанов «Құрмет»
орденімен, «Қазақстан Республика­сының конституциясына – 10 жыл», «Астананың 10
жылдығы», «Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігіне – 20 жыл” медальдарымен
марапатталған.

Қала әкімі Нұрлыбек Нәлібаев
кандидаттыққа ұсынылып отырған Б.Еламановтың ұзақ мемлекеттік қызметтер атқарып
келе жатқанын, сол себепті әлеуметтік
саланы жақсы түсінетінін, сондықтан бұл салаға қатысты заңдарға жетік екенін
жеткізді. Парламент Сенатының депутаттығына оның лайықты азамат екенін атап
өтті.

Қалалық мәслихаттың кезектен
тыс сессиясының күн тәртібінде ұсынылған мәселе депутаттар тарапынан толық
қолдау тапты.

 

Ыдырыс ТҰРЛЫҒҰЛОВ.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз