СЕНБІЛІК СЕРПІНДІ ЖҮРГІЗІЛУІ ТИІС

54

0

Облыс әкімінің орынбасары Рзақұл Нұртаевтың төрағалығымен селекторлық жиын болып өтті. Онда облыс көлеміндегі санитарлық-тазалық, көгалдандыру жұмыстарының жүргізілуі мен қалдықтарды орналастыру және оны жою орындарын айқындауға байланысты бірқатар мәселелер талқыланды. 
Ауқымды істің түйінін облыстық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының басшысы Еркебұлан Бекжанов бірінші болып тарқатты.  Бүгінде тазалық айлығы басталғаннан бері сенбілікке 39 мыңнан аса адам қатысып, қоқыстарды шығаруға 361 техника жұмылдырылса керек. Нәтижесінде арнайы полигондарға 25 мың текше метр тұрмыстық қалдықтар шығарылып, қала әкімдігінің атсалысуымен Тұңғыш Президент саябағында 3000 дана көшет егілген. Қазіргі таңда көркейту-көгалдандыру шарасын арнайы құрылған  жұмысшы топ өз бақылауына алып отыр. 
«Бұл жұмыстар қазіргі кезде өз нәтижесін беруде. Мәселен, ІІД қатысуымен жыл басынан бері қоғамдық жерлерді ластау, белгіленген орындарға тұрмыстық қалдықтарды шығару бойынша 1281, қала және елді мекендер аумағындағы инфрақұрылым объектілерін бұзу, тазалық ережелерін сақтамау, жасыл желектерді бүлдіру ісі бойынша – 518, белгіленбеген жерлерде сауда жасау негізінде 132 әкімшілік құқық бұзушылық фактісі анықталып отыр. Бұларға нақты шаралар қолданылып, айыппұлдар да салынды», – деді басқарма басшысы. 
Дегенмен, тазалық сақтаудың бірден-бір кепілі ретінде тұрмыстық қалдықтарды жинақтайтын полигондардың талапқа сай болу керектігін ескерсек, бұл тұста аймағымыздағы 145 қоқыс орнының 3-і ғана Экологиялық кодекстің талаптарына сәйкес келеді екен. Сондай-ақ, коммуналдық қалдықтардың тарифтерін бекіту мәселесі де Арал, Қармақшы, Жалағаш, Жаңақорған аудандарында шешілмей тұр. 
Жоғарыда көтерілген мәселелер бойынша мұнан соң қала және аудан әкімдерінің орынбасарлары сөз алып, тазалық жұмыстарына байланысты атқарып жатқан істері турасында мәлімдеме жасады. Сондай-ақ, бірқатар тиісті басқарма басшылары да ойларын ортаға салды. Барлығын тыңдап, саралаған  облыс әкімінің орынбасары Р.Нұртаев көркейту шарасында көшеттерді көптеп егуді, сенбілікті серпінді жүргізуді жиынға қатысушыларға баса айтты.
Мейрамгүл ДАУЫЛБАЙҚЫЗЫ.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз