СЕРГЕЛДЕҢГЕ ТҮСКЕН ШАРУА ҚОЖАЛЫҚТАРЫ ӨЗ МҮЛІКТЕРІ МЕН ЖЕРЛЕРІНЕ ҚАЙТА ИЕ БОЛДЫ

134

0

Шиелі ауданындағы «Ақмая”, «Төңкеріс”, «Бидайкөл” және «Бестам елі” шаруа
қожалықтарының жері банк кепілдігінен босатылды. Бұл жөнінде Т.Жүргенов
атындағы шығармашылық үйіндегі облыстық коммуникациялар орталығында
журналистермен жүздескен Шиелі ауданының әкімі Қайратбек Сәрсенбаев айтып
берді. Сондай-ақ, брифингке «Ақмая” және «Бестам елі” ЖШС басшылары А.Жұмаділов
пен Б.Қошқаров та қатысты.

Аудан әкімінің айтуына қарағанда
шаруалардың шырғалаңға түсуінің тамыры тереңде жатыр екен. Атап айтқанда, 2003
жылы құрылған «Томирис LTD” ЖШС ауданның «Шиелі Авангард”, «Жаңа Бестам”, «Қаптағай
К” және «Ынтымақ ГТ” серіктестіктерімен жұмыс істеуді бастаған. Бірақ та араға
үш жыл салып «Томирис LTD” ЖШС «Dihan”
күріш компаниясы ЖШС болып өзгеріп, қайта құрылып, әрі жоғарыда аталған
шаруашылықтарға құрылтайшы болып «БТА Банк» АҚ-мен тікелей бас кредиттік
келісім-шартқа отырған. Сөйтіп, бұл компания 2008 жылы банктен 2 млрд. 655 млн.
теңге қарыз алады. Қалған серіктестіктердің күріш компаниясына еш қарызы
болмаса да «Dihan” бұл серіктестіктермен қосымша бірлескен жауапкершілік жайлы
келісім-шарт жасап, өз қарызын шаруашылықтарға бөліп берген. Дегенмен де, «БТА
Банкінің» басшылығына қозғалған қылмыстық іс барысында осы жоғарыдағы
жағдайларды негізге алған Қазақстан Республикасы Бас прокурорының көмекшісі,
тергеу тобы басшысының 2010 жылғы сәуір айындағы қаулысымен жоғарыда аталған
төрт шаруашылық серіктестіктерінің барлық мүліктеріне тыйым салынған. Тіпті
мүліктермен қоса, жер үлестері де аталған тізімге енген.

Осындай себептерден шаруашылық
серіктестіктерінің қалыпты жұмыс жасауына кедергі келген. Сөйтіп олар облыстық
мамандандырылған экономикалық сотына жасалған мәмілелерді заңсыз деп табу,
серіктестіктердің мүлкін кепілден босату жайлы арыз түсіреді. Нәтижесінде 2013
жылдың қараша айында облыстық мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының
шешімімен серіктестіктердің мүліктері кепілден босатылады. Осыған орай 2013
жылдың желтоқсан айында «Шиелі-Авангард”, «Қаптағай К”, «Ынтымақ ГТ” және «Жаңа
Бестам” ЖШС кезектен тыс жалпы
жиналысында серіктестіктердің жарғылық капиталына шартты жер үлестерін қосқан
қатысушылар серіктестіктен шыққан. Сөйтіп, «Ақмая”, «Төңкеріс”, «Бидайкөл” және
«Бестам елі” шаруа қожалықтарының құрылуына байланысты жер үлестерін осы шаруа
қожалықтарына беруге шешім қабылдайды. Бұл жөнінде барлық құжаттар заңға сәйкес
рәсімделген. Алайда Шиелі аудандық әділет басқармасы ҚР Бас прокурорының
көмекшісі, тергеу тобының басшысы мүліктерге тыйым салу 2010 жылғы сәуір
айындағы қаулыны басшылыққа алып, мүліктерге тыйым салу туралы жоғарыда аталған
төрт шаруа қожалықтарының жалға алу құқығындағы жер учаскелерін мемлекеттік
тіркеуге алмай, бас тарту жөнінде хабарламалар берген.

Айта кету керек, аталып отырған
шаруашылықтар Шиелі ауданының төрт елді мекенінде орналасқан. Әрі олардың
құрамында үш мыңға жуық жер үлесі иелері бар. Бар тірлігі жермен байланысты
шаруашылық басшылары барлық сатыдағы тиісті құзырлы органдарға өз
мұң-мұқтаждарын айтып, өтініштермен шыққан. Алайда, олар бір-біріне сілтеумен
әрі сырғытпа жауап берумен шектелген. Тек бұл іс облыс әкімінің тікелей
қолдауының арқасында Шиелі ауданы әкімі Астана және Алматы қалаларындағы ҚР Бас
прокуратурасы мен «БТА Банк» АҚ және ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас
жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігіне барып тікелей жұмыс жасауының
нәтижесінде өткен жылғы желтоқсан айында оңды шешімін тапты. Сөйтіп,
серіктестіктер Шиелі аудандық әділет басқармасынан мемлекеттік тіркеуден өткен.

Сонымен, бір компанияның кесірінен біраз
жыл сергелдеңге түскен шаруа қожалықтары өз жерлеріне қайта еге болды. Енді
олар алдағы көктемгі егіс науқанына қазірдің өзінен дайындық жұмыстарын да
бастап кеткен.

Айғали ҚАРАБАЛАЕВ.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз