СЕРВИСТІК КОМПАНИЯЛАР ТҮРЛІ КӨРМЕЛЕРДЕ ТӘЖІРИБЕ АЛМАСУДА

52

0

Облыс әкімі Қырымбек
Көшербаевтың қатысуымен өткен дағдарысқа қарсы штабтың кезекті отырысында
Байқоңыр қаласындағы, Төретам және Ақай елді мекендеріндегі әлеуметтік ахуал
мәселесі қаралды.

Мәжілісті
бастаған облыс басшысы Байқоңыр қаласындағы құрылысы салынып біткен
перзентхананың әлі күнге дейін пайдалануға берілмей отырғанына қатысушылар
назарын аударды. Бүгінгі таңда бұл нысанды көпсалалы ауруханаға айналдыру
мәселесі күн тәртібіне қойылып отыр.
Олай болатын себебі, Байқоңыр қаласындағы федералдық аурухананың жұмысын
тоқтата бастаған жайы бар. Сол себепті дайын тұрған перзентхана ғимаратын
облыстық медициналық орталықтың филиалы ретінде ашу бағытындағы жұмыстар
жүргізілуде.

Мәжілісте бұл
туралы облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының міндетін атқарушы Сәкен
Серғазиев егжей-тегжейлі баяндап өтті. Оның атап өткеніндей, облыс әкімдігінің
бастамасымен перзентхана ғимаратын көпсалалы ауруханаға айналдыру мақсатында ҚР
Денсаулық министрлігімен, Қаржы министрлігімен тиісті жұмыстар жүргізілген.
Жүргізілген жұмыстар нәтижесінде ҚР Үкіметінің резервінен 605,3 млн. теңге
көлемінде қаржы бөлінуде. Бірінші кезекте бұл қаржы есебiнен көпсалалы аурухана
үшін құрал-жабдықтар алынатын болады. Жалпы алғанда ауысымында 100 келушіге
арналған емханасы бар 120 орындық аурухана ашылады. Бұл бағыттағы жұмыс екі
кезеңде атқарылады.

Басқарма өкілі
сондай-ақ жаңадан ашылатын денсаулық нысанында федералдық аурухананың
медициналық-санитарлық бөлімшесінде жұмыстан босатылғандарды орналастыру
жұмыстары жүргізілетінін жеткізді. Қазіргі күні жұмыстан босатылған медицина
саласы қызметкерлерінің саны 188 болса, оның 142-сі қазақстандық мамандар.
Алдағы уақытта олардың саны тағы да көбейетін түрі бар. Мәжілісте медициналық сақтандыру бойынша
түйткілді мәселелердің шешімін табу бағытында да жұмыстар жүргізіліп жатқаны
баяндалды.

Мәжілісте күн
тәртібінде белгіленген тағы да басқа мәселелер қаралды.

Ыдырыс ТӘЖІҰЛЫ.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз