“ШАЛҚИЯНЫҢ” ҚАЙТА ШАЛҚИТЫН КҮНІ ҚАШЫҚ ЕМЕС

93

0

“ШАЛҚИЯНЫҢ” ҚАЙТА ШАЛҚИТЫН КҮНІ ҚАШЫҚ ЕМЕС

Өткен шілде айында «Шалқия» кенішінде кен өндірумен айналысатын «Шалқия Цинк ЛТД» ЖШС-ның 100 пайыздық үлесін «Тау-Кен Самұрық» Ұлттық компаниясының сатып алу жұмыстары аяқталды. Нақты кезеңде аталған кен орнында шетелдік
инвесторлармен бірге жөндеу және қалпына келтіру жұмыстары қарқынды жүргізіліп
жатыр.

Алыстан үйелеп жатқан түйедей
болып көрінетін қарт Қаратау мол қазынаны бауырына басып жатқалы қаш-шан?!
Табиғат үйген тау тастарының астында мыс пен мырыштың, алтын мен молибденнің,
цирконий мен титанның мол қоры бар екендігін ғалымдар дәлелдеп, айтудайын
айтып-ақ келеді. Осы байлықты игеруге әлденеше рет талпыныстар жасалғанымен,
жерасты қазба байлығына қатысты бұл шаруа әлі де түбегейлі шешімін таба алмаған
сыңайлы.

Иә, кешегі кеңестік кезеңде
Шалқияңыз кішігірім қала кейпіне еніп, мұнда көпқабатты үйлер салынып, жаңа
типтегі әлеуметтік нысандар бой көтерген-ді.
Мұнда КСРО-ның түкпір-түкпірінен кеншілер ағылып, қалашықтағы тұрғындар
саны оншақты мыңға да жетіп жығылды. «Шалқиядағы» қорғасын-мырыш өндірісі сол
кездегі ірі кеніштердің санатына да жатқызылып үлгерді-ау. Кеңес үкіметі
тараған соң мұндағы жұмыстың да берекесі кетті, сыртқы байланыстар үзілді,
кеншілер өзге жерлерге қоныс аударды, ғимараттар бұзылып, талан-таражға түсті.

Екі мыңыншы жылдардан бері де
«Шалқияға» кім көз қырын салмады дейсіз. Болгарлар мен қытайлар, поляктар мен
ағылшындар да келді. Алайда, «Қызды кім
айттырмайды, қымызды кім ішпейдінің» керімен сөзден нақты іске көшкен ешқайсысы
болмады. Беріде шамалы қимыл болғанымен, әлемдік дағдарыс әсерінен, нарықтағы
металл бағасының төмендеп кетуі салдарынан кен орны өз жұмысын амалсыз
тоқтатып тұр.

Қош, сонымен 2007 жылы
«Казгипроцветмет» институтымен «Шалқия» кенішінің жерасты құрылысы туралы»
жобасы жасалынып, мұндағы қазба байлықтың мөлшері 4 миллион тоннаға жететіндігі
нақтыланды. Ал 2012 жылы «Казгорпроектсервис» ЖШС арқылы «Шалқиядағы» түсті
металл жерасты қазба байлығын игеруді іске қосу жобасы мақұлданды. Аталған
жобаны нақтылай іске асыру барысында
кеніш басында кен байыту фабрикасын салу қажеттігі тағы да алдан шықты.
Бұрын өндірілген шикізатты кеніштен 165-170 шақырым жердегі Кентау қаласына
тасымалдауға тура келіп, бұл көп шығынды талап етіп келген-ді. Ал өндіріс
ошағын жаңаша іске қосу барысында мұндай шығындардан басты арашалаған жөн.

Енді «Шалқияны» бұрынғы
иесінен «Тау-Кен Самұрық» ұлттық компаниясы сатып алды. Атап айтқан жөн,
кейінгі нақты іс-қимылдар облыс әкімі Қырымбек Көшербаевтың батыл әрекеттері
нәтижесінде және шалғайдағы «Шалқияға» уақытпен санаспай, бірнеше мәрте
сапарлауы барысында біртіндеп жүзеге асып келеді. Мұнда министрлер мен Үкімет
басшысы да келді. Үкіметте «Қызылорда облысының тау-кен металлургиялық кешенін
дамыту бойынша «Жол картасы” қабылданып, онда кенішті қайта жаңғырту көзделген.

Жаңа жобаны жүзеге асыруға
469 млн. АҚШ доллары қажет болса, оның 320 млн. доллары алғашқы үш жыл ішінде
игерілуі тиіс. Мамандар алдағы 3 жыл ішінде құрылыста 945 адам жұмыс
жасайтындығын алға тартып отыр.
Инвесторлар осы арада кен-байыту комбинатын салу арқылы өндіріске
салынған қаражаттың қысқа мерзімде өтелетіндігіне сенімді. Сонымен қатар,
жергілікті тұрғындар жұмыспен қамтылып, олардың әлеуметтік жағдайы көтерілетін
болады. Бір сөзбен айтқанда, «Шалқия» түтінінің түзу ұшуы елге береке әкелмек.

«Тау-Кен Самұрық» Ұлттық ком­паниясының
«Шалқия» кенішінің тізгінін қолға алуы көпшіліктің үміт отын жақты. Қайта
жаңғырту жұмысына әлемдегі беделді компаниялар – «Outotec» (Финляндия),
Xstrataplc (Швейцария) және
«Уралмеханобр» ААҚ (Россия) тартылады деп күтілуде. Бұл сөзден нақты
істің қозғалысқа түсетіндігін аңғартса керек. Бастапқы кезеңде кеніште 500
кенші еңбек етсе, бұдан бөлек, 200 адам құрылыс жұмыстарымен шұғылданатын
болады. «Шалқияға» қайта оралуға бұрынғы маман-кадрлар дайын. «Кеніш қайта іске
қосылатын болыпты!» деген жағымды жаңалық шыққалы олар жиі хабарласып, өз
түйіндемелерін ұсыну үстінде. Бұл – жаңа өндіріс кадр тапшылығын аса сезіне
қоймайды деген сөз. Сонымен қатар, Жаңақорған, Шиелі аудандарындағы
аграрлы-техникалық колледждер кенішке қажетті мамандарды дайындауды қолға алып
жатыр. Мұнан өзге, Ресей­дің Санкт-Петербург, Мәскеу институттарына жүзден
астам жергілікті жас түлектер инженерлік-техникалық мамандық алу үшін облыс
әкімінің гранты бойынша оқуға жіберілуде.

«Шалқия Цинк ЛТД» серіктестігінің бас геологы Ю.Пірмахановтың мәлімдеуінше, техни­калық жабдықтарды
жөндеу-қайта қал­пына келтіру жұмыстарын жүргізуге қазір­дің өзінде 60
жұмысшы-слесарь алынған. Олардың қатары алдағы уақытта өсе түсетіні анық. Ал, Шалқия
кентінің әкімі С.Өмірбековтен аймақ
басшысының қолға алған бұл ісінің шарапатынан жергілікті тұрғындардың сенімі
нығайып, олардың жеке тұрғын үйлер салуға белсене кірісіп жатқандығын, өз
қожалықтарында қолайлы шаруалармен шұғылдануды өрістете бастағандығынан
хабардар болдық.

Иә, сенімділік бар жерде
әрдайым елдің ынтымағы мығым, ісі де берекелі болмақ. Сөйтіп, «Шалқияның» қайта
шалқитын күні де қашық емес.

Н.Назымханұлы.

Жаңақорған ауданы, Шалқия
кенті.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз