ШАРУАСЫ ДӨҢГЕЛЕНГЕН ШАРУАШЫЛЫҚТАР

47

0

Бейсенбіде облыстық ішкі саясат басқармасының ұйымдастыруымен пресс-тур
болып өтті. Онда БАҚ өкілдері ауылшаруашылық саласы­ның ілгерілеуіне өз үлесін
қосып жүрген жеке шаруа қожалықтарының жұмысымен танысты.

Бірінші бағыт мал бордақылау және мал союмен айналысатын «Ақбарыс» ЖК
болды. 2008 жылдан бері шаруасын дөңгелентіп келе жатқан шаруашылық бүгінде
тәулігіне 100 басқа дейін ірі қара бордақылауда. Шаруашылық биылдан бастап 3-ші
деңгейлі бордақылау алаңы деп танылды. Осыған орай, мемлекет тарапынан
берілетін субсидиямен қамтылған. Бұл кәсіпорын қызметкерлеріне серпін беріп
отыр.

– Ауылшаруашылық өнімдеріне субсидия беру – бұл мемлекеттің дер кезінде
қолға алған үлкен көмегі. Себебі, қаржылай қолдау көрсету арқылы саланың
дамуына, экономиканың қарқын алуына жағдай жасалуда. Қазіргі күні 1 келі етке
120 теңгеден алып отырмыз. Осының негізінде жұмысшыларымның еңбекақысын көтердім.
Олар да жұмысқа тұрақтала бастады, –
деді шаруашылық төрағасы Ерболат Рсалиев.

Мұнан өзге, «Ақбарыс» ЖК өз жұмысын әрі қарай жандандыруға «ҚазАгроҚаржы»
АҚ арқылы 35 млн. теңге алуға оң шешім алған. Бұл қаржы шаруашылықтың игерілмей
тұрған жерлерін пайдалануға, мал басын көбейтуге, әсіресе, шұжық және ет
консервілеу цехтарын ашуға жұмсал­мақ. Халықтың сұранысына сай қыз­мет
көрсетуді мақсат етіп отырған кәсіпорын алдағы уақытта мал санын 500 басқа
жеткізуді де көздеуде. Шаруашылық өнімдері тендерге түсу арқылы әлеуметтік және
мұнай өндіру мекемелеріне таратылады. Дегенмен, тұтынушылар арасында шет елден
келген тоңазытылған етке деген сұраныс
көп дейді шаруашылық төрағасы. Айта кететін жайт,
шаруашылықта арнайы ветеринария маманы да жұмыс жасайды. Яғни, сатылып алынған
мал тексеруден өтіп, түрлі аурулардан таза екендігі анықталған соң ғана
бордақылау алаңына жіберіледі.

Халықты ет өнімдерімен қамтып
отырған қожалықтың бірі «Жирен» ШҚ. Ақсуат ауылдық округіне қарасты
«Сұлтантоғай» жерінде орналасқан шаруа қожалығына Әділжан Ізтілеуов басшылық
етеді. Қожалықтың мал бордақылау алаңы 500 бас мүйізді ірі қараға лайықталып
салынған. Қазіргі кезде мұнда 100 бас МІҚ малы, 40 бас жылқы, 50 бас қой
бордақылануда. Бұл алаң алдағы жылы толық қуатта жұмыс жасайтын болса, бір
жылда 2000 бас сиырды бордақылап, 432 тонна сиыр етін өндіретін болады. Сонымен
қатар, қожалықта зооветеринариялық талапқа сай типтік жобадағы мал соятын
пункттің құрылысы салынуда. Құны 32 млн. теңгені құрайтын пункт соңғы үлгідегі
лабораториямен, мал дәрігерлік бөлме және басқа да құрал-жабдықтармен
қамтылатын болады.

Елбасы Н.Назарбаев халыққа
Жолдауында ірі қара мал етінің экспорттық әлеуетін дамыту бағдарламасы бойынша
жұмысты жандандыруға күш салу керектігін баса айтқаны белгілі. Осы орайда,
бағдарламаның үшінші бағыты болып саналатын мал бордақылау алаңын салу –
бүгінгі күннің талабы. Олай болса, шаруаларын жандандырып, істерін өркендетіп
отырған бұл шаруашылықтар халқымыздың ата кәсібі болған мал шаруашылығын дамыту
мен халықты отандық өніммен қамтамасыз етуде талапқа сай үдесінен шығуда.

 

М.ОТАРАЛЫ.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз