Шетелде діни білім алудың қауіптілігі

5100

1

Қай кезде де шетелде білім алу адамның таным көкжиегін кеңейтетіні белгілі. Оқушы білім алумен қатар сол елдің мәдениетімен етене танысып, өз туған жерімен салыстыра қарайды. Өзге елдің даму үрдісін байқайды, тәжірибе жинақтайды.

Дегенмен, шетелде білім алудың пайдалы тұстарымен қатар, қатерлі тұстары да қатар жүретіні сөзсіз. Оның бірі – деструктивті діни ағымдардың ықпалында қалу қаупінің басымдығы.

Қазіргі жастардың шетелде білім алып, болашағына сеніммен қарап, отанына керекті маман боламын деген ұмтылыстары құптарлық іс. Оған қоса, елімізде жастардың «Болашақ» мемлекеттік бағдарламасы аясында және әртүрлі гранттар мен жеке қаражат есебінен шетелде білім алуына барлық жағдай жасалған.

Өкінішке орай, Таяу Шығыс елдерінде соңғы жылдардағы әртүрлі діни ағымдардың белсенділігінің артуы мен дінаралық қақтығыстардың белең алуы, террористік ұйымдардың ашық әрекет етуі себебінен қоғамдық-саяси және діни ахуал күрделеніп кетті. Бұған қоса, қазіргі күнде әртүрлі жалған және деструктивті ағымдардың қызметі ашық жүргізіліп, олар басқа елден білім алу мақсатымен келген шетел азаматтары арқылы өз қатарын толықтыруды көздейді. Сондықтан, ел азаматтары өздерінің болашақ білім алатын елін таңдау барысында сол мемлекеттің қоғамдық-саяси және діни ахуалы туралы ой түйіп, оның тарихын, мәдениетін, діні мен ділі туралы біліп алғаны жөн.

Өз кезегінде, шетелде оқып, елге оралған жастар мұндағы қоғамға қайта үйренісуі қажет.

Аталған жағдайдың бәрінде де ата-ана көмегінің маңызы өте жоғары. Әсіресе, шетелге шығу кезінде қазақстандық жастар тап болуы ықтимал төмендегідей қауіп-қатерлерге ерекше тоқталғанды дұрыс деп есептеймін.

Біріншіден, сол білім алуға барған елде немесе оқу ордасында жат діннің ықпалына түсу қаупі. Әдетте, адам мұндай келең­сіздіктерге атауы беймәлім ұйымдар, бауырластық, достық атын жамылған түрлі діни қауымдастықтар тарапынан қаржылай көмек алатын шет тілдерін үйрету орталықтарына қатысу, мемлекеттің бақылауынан тыс ғибадат ету орындарын аралау, белгісіз дін лидерлерінің жеке сабақтары мен дәрістерін тыңдау кезінде теріс діни ағымдардың құрығына тап болуы мүмкін.

Екіншіден, бала шетелде діни білім алатын болса, онда ата-ана баласының қандай діни мекемеде оқып жатқанын білуі міндетті. 

Сондай-ақ, белгісіз «хұжыралар» мен «марказдарға» (діни орталықтар) байқамай түсіп кетпеуін де жіті қадағалап отырғаны абзал. Сонымен бірге балаларының бос уақытын қалай және кіммен өткізетіні аса маңызды.

Үшіншіден, ата-аналар мен жастар шетелдің кейбір діни ұйымдардың атауларын әртүрлі зайырлы неме­се ресми атаулармен жасыратынын білулері керек. Мәселен, ағылшын немесе араб тілдерін, бизнес жүргізу негіздерін тегін үйрету курстары, өзін-өзі дамыту, танымал психология, шешендік өнер курстарының артында шетелдік азаматтарды арбаумен айналысатын деструктивті ұйымдар тұруы мүмкін. Олар діндарлар арасында ой мен көзқарас қақтығыстарының, қоғамның азаматтық, әлеуметтік-экономикалық және моральдық-этикалық өмір сүру аяларында теріс көзқарастың туындап, дамуына әсер етуі ықтимал. Мұның бәрі, әрине, бізді қатты толғандырады, әрі шетелдегі азаматтардың қауіпсіздік шараларын терең зерттеуге мәжбүрлейді.

Қазақстан Республикасының Конс­титуциясына сәйкес, мемлекетіміз өз азаматтарының қорғанысы мен қамқорлығын ел шекарасынан тыс жерлерде де қамтамасыз ететіні белгілі. Сондықтан, елдің мемлекеттік органдары қазақстандықтарды шет мемлекеттердегі түрлі даулы жағдайларға немесе жат діннің идеологиялық арбауына түсу жолдарынан шеттетуге бар күш-жігерін жұмсап отыр. Алайда мұндай жағдайлардың алдын алуда ата-аналар мен студенттердің рөлі ерекше екенін тағы да атап өту керек.

Қазіргі таңда діни білім алуды армандаған жастарға оны отандық діни оқу орындарында алғаны маңызды. Студенттер сапалы діни білім алуда Қазақстанның да мүмкіндігі жоғары екенін білуі керек. Бүгінде Қазақстан мұсылмандары діни басқармасына қарасты 1 ислам университеті мен 9 медресе жұмыс істейді. Елбасы Н.Назарбаевтың тікелей ықпал етуімен Алматыда «Нұр Мүбәрак» Египет ислам мәдениеті университеті ашылды. Алғаш құрылған жылдан бастап-ақ университет елдің белді діни оқу ордасына айналып үлгерді. Бүгінде аталған білім ошағы жаңа заман талабына сай жоғары білімді, әрі білікті дінтанушы, исламтанушы, араб және ағылшын тілдерінің аудармашысы мамандарын даярлаумен айналысады. Осы оқу орындарындағы барлық діни, сондай-ақ, зайырлы пәндерді оқыту бағдарламалары ҚР Білім және ғылым министрлігінің талаптарына сәйкес дайындалған.

Сонымен қатар, зайырлы білім берудің бөлігі ретінде елімізде 5 жоғары оқу орнында – Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті, Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті, Е.Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университеті және Қ.Яссауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінде «дінтану» мамандары даярланады. Аталған жоғары оқу орындарында мемлекеттің тапсырмасымен 1000-ға жуық студент – болашақ дінтанушылар мен теологтар білім алуда.

Қорыта айтқанда, шетелдердің діни оқу орындарында ҚМДБ және мемлекетаралық келісім негізінде ғана магистратура және доктарантура оқуға болады. Ал бастапқы білімді, яғни, бакалаврлық базалық білімді өз еліміздегі оқу орындарынан алу қажет. Сондықтан да болашағын дінтану мен теологиялық ілімдерді зерттеуге арнаған жастар өз  Отанында да кәсіби білім алудың барлық мүмкіндігі жасалғанын ескергені абзал.

С. СМАҒҰЛОВ

Қармақшы аудандық

ішкі саясат бөлімінің

басшысы

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<