ШИЕЛІ ЖАҢАЛЫҚТАРЫ

56

0

ТАКСИ ҚЫЗМЕТІ ӨРІСТЕУДЕ
Шиелі ауданында жеке кәсіпкер Тұрсынай Есенова таксимен жолаушылар тасымалын жолға қойып келеді. Оның басшылығындағы «Шиелі такси» тасымалдау қызметі тәулік бойы жұмыс істейді. Бүгінде оның қарамағында 52 адам жұмыспен қамтылған. 
Кәсіпкер жақында БТА банкінен 6 млн. теңге несиеге 4 жеңіл автокөлік алып, қосымша 8 адамды жұмыспен қамтыды.
АУЫЛДАҒЫ ЖЕКЕ БАЛАБАҚША
Аудан орталығының іргесіндегі Бидайкөл ауылы өткен жылды жақсы қорытындылады. Мал мен егін шаруашылығы арқылы тұрғындардың тұрмыстары көтеріліп келе жатса, оларға жасалынып жатқан әлеуметтік қолдау қарқыны да жақсы. 
Мәселен, жуырда 60 орындық жеке балабақша ашылса, ауылды жарықпен қамтамасыз ету үшін 1 тансформатор орнатылды. Сонымен бірге, ауыл ішіндегі 2 шақырым аяқ су каналы тазаланып, орталық 3 көше асфальттанды.  
Одан өзге, № 6 кен басқармасының көмегімен мәдениет үйінің ауласында «Бәйтерек» символикалық нысаны бой көтерді. 
САҒАТҚА ҚАРАП, АУА РАЙЫН БІЛЕСІЗ
Шиелінің кіреберісіне үлкен сағат орнатылды. Сағат тұғырының ұзындығы 11 метр, ал сағаттың диаметрі 1 метр көлемінде, алыстан көрінеді. Бағанға бекітілген таблода күнтізбе мен ауа райы температурасының көрсетілетіндігі де оның тиімділігін арттыра түскен секілді.
Орталық алаңдағы Мұстафа Шоқай ескерткіші мен субұрқақтың жаңалануы, телеэкранның орнатылуы замана жаңалығын сездіріп тұрғандай.  
ТОЙХАНА КӨП, ТОЙ ДА КӨП 
Ауданда шағын және орта кәсіпкерлік қарқынды дамуы әсерінен өзін-өзі жұмыспен қамтушылар саны артып келеді. 
Жұртшылықтың мәдени демалыстарға деген құлшынысы олардың еңбек өнімділігін де көтеріп келеді. Бұл күндері аудан орталығындағы мейрамханалардың саны 11-ге жетсе, одан өзге 40-тан астам кафе, 650 орындық 1 орталық базар және  7 ірі сауда орталықтары жұмыс жасайды. Оларға жуырда кәсіпкер Өмірзақ Рановтың «Мерей» атты мейрамханасы қосылды. Мұнда 25 адам еңбек ететін болады. 
Н.НАЗЫМХАНҰЛЫ. 
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз