ШЫҚҚАН БИІКТЕН АЛАР АСУ КӨП

54

0

Дүйсенбі күні облыс әкімі Қырымбек Көшербаев іссапармен Сырдария ауданында болды. Тереңөзек кенті тұрғындарының көптен көкейінде жүрген толғақты мәселе ауыз су болатын. Облыс әкімі осы мәселеге қатысты Тереңөзек кентіндегі ауыз су жүйесін қайта жаңғырту жобасы аясында салынған биотазалау станциясында болды. 
Жоғарыдағы жоба 2010 жылы «Ақбұлақ» бағдарламасы негізінде республикалық бюджетке енгізіліп, басталған еді. Жұмыс мердігері – «Бақ Береке – 2030» ЖШС. Жұмыстың сметалық құны – 1180,7 млн. теңге. Су құбырының тораптары 29438 шақырым болса, арынды канализация 10058 шақырым жерді алып жатыр. 
Облыс әкімі аудан орталығын ғана емес, барлық елді мекендерді сапалы ауыз сумен қамтамасыз ету қажеттігін баса айтты. Сондай-ақ, аудан аумағында алдағы жылдары атқарылар инвестициялық бизнес жобаларымен егжей-тегжейлі танысты. Бұл жобалар негізінде ауданға инвесторлар тартып, ондаған жобаларды іске асыру арқылы жаңа кәсіпорындар ашылып, сол арқылы жұмыссыздықты азайтуды мақсат еткен. Аудан аумағындағы елді мекендерді көркейту, ауыл тұрғындарының тұрмыс-тіршіліктерін жақсарту бағытында жоспарлы жұмыстар қолға алынбақ. Ақжарма ауылы тірек ауылына айналады. Нақтылай айтар болсақ, бұл ауылда 2014-2016 жылдары қаржысы 149 млн. теңге тұратын 6 инвестициялық жоба іске асырылып, 87 адам тұрақты жұмысқа тартылады. Басты-бастыларын саралап айтар болсақ, алдағы жылы кірпіш өндіру зауыты салынбақ. Осы ауылда күріш ақтау цехы жобасы да іске асырылмақ. Ол 2014 жылы іске қосылады деп болжануда. 
Аудандағы тағы бір құптарлық іс – мұнай қалдықтарын өңдеу жобасы. Жобаның бастамашысы «Экотехника» ЖШС 200 млн. теңгені өз есебінен жұмсап, жобаны алдағы жылы іске асырмақ. Сондай-ақ, аудан аумағында қаражаты 20 млн. теңге тұратын Тереңөзек кентінде сауда орталығын салу жобасын «Энергия» ҚК қолға алмақ. Ал, «Байқоңыр» ӘКК ҰҚ» АҚ шаруашылықтары тұралап тұрған А.Тоқмағанбетов, С.Сейфуллин, Қалжан ахун, Қоғалыкөл ауылдарында консорциум құруды қолға алыпты. Мұнан да басқа инвестициялық жобалармен етене танысқан облыс әкімі жаңа жобаларға оң баға беріп, іске қосуға қатысты мәселелерге байланысты өз ой-пікірлерін ортаға салды.
Облыс әкімі іссапар соңында аудандағы шаруашылық басшылары және кәсіпкерлермен кездесіп, ашық әңгіме өткізді.
– Аудан еңбеккерлерін, – деді өз сөзінде облыс әкімі, – Тәуелсіздік мерекесімен шын жүректен құттықтау үшін арнайы ат басын бұрдым. Мерейлі мерекелеріңіз құтты болсын! Сырдариялықтар үшін тағы бір аса қуанышты жағдай, осы ауданның айтулы азаматы, «Абзал и К» толық серіктестігінің директоры Абзал Ералиев еліміз Тәуелсіздігін алғалы Сыр аймағынан тұңғыш рет «Қазақстанның Еңбек Ері» атағын алып отыр. Сондықтан да бұл қуаныш – Сыр елі үшін ғана емес, бүкіл Қазақстан халқының қуанышы.
Мұнан соң облыс әкімі биылғы жыл қорытындысы мен алдағы жылы алар асулар жайлы қысқаша баян етті. 
Облыс әкімінің айтуынша, алдағы жылы алар асулар биылғы жылғыдан әлдеқайда басым. Алла жазса, алдағы жылы Солтүстік Арал теңізінің ІІ кезеңі бастау алады. Оған республикалық бюджеттен 46 млрд. теңге қаржы қаралмақ. Құрылыс жұмысы 3-4 жылда толықтай аяқталып, ел игілігіне беріледі деген болжам бар. Бүгінде жылына 4 мың тонна балық ауланып отырса, келешекте 30 мың тоннаға дейін балық ауланбақ.
Екінші мәселе – Байқоңыр мәселесі. Елбасымыз Ресей Президентімен кездесуде көп көкейін толғандырып жүрген Байқоңыр мәселесін үнемі назарға салып отыр. Төретам мен Ақай елді мекендерін дамытуға қатысты Ресей мен Қазақстан арасындағы «Жол картасы» жақын арада бекітілмек.
Yшінші мәселе – кен түрлері мол Жаңақорған ауданы аумағында металлургия кәсіпорындарын ашу, тұралап қалған Шалқияны іске қосу. Yкіметтің қолдауымен бұл жоба ақпан айында бастау алады деген тоқтам бар.
Қ.Көшербаев сөз кезегінде «Бейнеу-Бозой-Шымкент» газ құбырының түбегейлі шешімін тапқанын айтып, қала халқының толықтай, ал екі жыл ішінде аймақтағы барлық елді мекендер газбен қамтамасыз етілетіндігін жеткізді. Сондай-ақ «Сексеуіл-Бейнеу» арасындағы темір жолы іске қосылған. Ал, «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» тас жолы құрылысы да қарқынды жүргізіліп, жол бойынан жеке кәсіпкерлердің жұмыс орындарын ашуларына да жағдайлар жасалуда.
Кездесу соңында еңбек ардагері Ширек Ысқақов сөз алып, алдағы жылдары атқарылар істерге аса жоғары баға беріп, келешек ұрпақтар үшін жасалып жатқан жұмыстарға сәттілік тіледі.
Еркін ӘБІЛ.
Сырдария ауданы.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз