ШЫНЫ ӨНЕРКӘСІБІ: ОНЫҢ ӘЛЕМДЕГІ ДАМУ СИПАТЫ ҚАНДАЙ?

43

0

Сыр өңірінде шыны өндірісінің құрылысын
жүргізу – көптен бері күн тәртібінен түспей келе жатқан өзекті мәселенің бірі.
Бұл үлкен жоба. Сондықтан оның Елбасының деңгейінде көтерілуі тегін емес.
Жуырда Елбасы Иран президентін Астанада қабылдағанда Қазақстанның бірқатар
өндірісінде иран бизнесмендері жүзеге асыратын жобалардың қатарында шыны
өндірісі де сөз болды.

Сонымен шыны өндірісі бізге не береді?
Егер сәті түсіп, мұндай ірі жоба жүзеге асқан жағдайда өңірдің
әлеуметтік-экономикалық даму сипаты біршама өзгеріске ұшырайды. Облыстың
бюджеті өз табысымен молығады. Сондай-ақ, ол өткір деген әлеуметтік проблема
жұмыссыздықты азайтуға септігін тигізеді.

Әрине, бүгінгі таңда әлемде кез келген
деңгейде бәсекелестіктің жоғары деңгейге көтерілгені соншалық, өнім өткізу
өзекті проблемаға айналып отыр. Рынок тауарларға толы. Жалпы алғанда,
Қазақстанда, оның ішінде Сыр өңірінде, міне, бірнеше жылдан бері көтерілгеніне
қарамастан аталмыш өндірістің әңгіме шеңберінен аса алмаған себебін осы
жағдаймен түсіндіруге болады.

Бизнес – үлкен өнер. Ол білімді,
біліктілікті, сауатты менеджментті талап етеді. Бұл тұрғыда қазіргі таңда Қытай
кәсіпкерлері әлемде алдыңғы қатарға шықты. Солардың бірі қытайлық кәсіпкер –
Цао Дэван. Ол автомобил шынысы өндірісін өркендеткен әлемдік деңгейдегі
кәсіпкердің бірі. Автомобиль шынысы жалпы шыны өндірісінің бір буыны болып
табылады. Әлемде автомобиль рыногы жедел дамып отырған бүгінгідей қауырт
кезеңде осы өндірістің келешегінен үміт күтуге болады. Алайда бұл салада да
рынокты дамыған елдердің алпауыттары жаулап алған сыңайлы. Өнімді өткіземін
десең, мұндай жанкешті бәсекеге төтеп беруің керек. Бұл бүгінгі өмір сүру
салты.

Цао Дэван құрған компания қазіргі заманның
өндірісін меңгерген білікті мамандардан тұрады. Әлемдегі автомобиль шынысын
шығаратын бірден-бір өндіріс ошағы. Ол жалпы Қытайда кәсіпкерліктің дамуына Дэн
Сяо Пиннің реформасы ықпал жасағанын айтады. Цао аталған зауытты салу үшін 15
жыл бойы жан-жақты ойланады. Барлығын бүге-шігесіне дейін зерттейді. Сонымен
бірге ол Ресейде осындай зауыт салады. Ресейдің Калуга қаласында автомобиль
шынысы зауытын салуға 200 млн. еуро инвестиция тартылды. Өнімдердің үштен екісі
Еуропа елдеріне экспортталады. Ол жылына 3 млн. автомобиль шынысын шығарады.

Қытай экономикасы әлемнің жетекші
экономикасының бірі. Шыны өндірісі бойынша Қытаймен бәсекеге түсу, өнім
өткізетін рынокқа жол ашу, әлбетте, оңай шаруа емес. Жақында ғана Ресейде «Мир
стекла – 2014”
атты көрме ұйымдастырылып, оған 200-ден астам әлемдік бренд саналатын компания
өкілдері қатысты. Егер осы фирмалардың 23 елдің атынан қатысқанын ескерсек, бұл
саладағы бәсекелестіктің қаншалықты дәрежеде дамып кеткенін байқауға болады.

Осының барлығын не үшін айтып отырмыз?
Шыны өндірісі әлемнің барлық елдерінде жақсы дамып келеді. Ұлыбритания,
Бельгия, Болгария, Австрия, Белоруссия, Голландия, АҚШ, Индия, Қытай, Египет,
Швейцария… Бұл тізімді онан әрі соза беруге болады. Мәскеуде өткен көрмеге
көптеген елдердің аталған сала өкілдері қатысты. Ресейлік өндірістің,
Белоруссия шыны өнеркәсібінің өнімдері де бүгінгі таңда бәсекеге төтеп бере
алатынын көрсетіп отыр. Сондықтан жалпы Қазақстанда, оның ішінде Қызылордада
басталғалы отырған үлкен жобаға қызығушылық танытатын инвесторлардың осы
кәсіпке қатысты барлық мәселені егжей-тегжейлі сараптап өткізіп, соңғы шешімге
мың ойланып-толғанып барып тоқтайтыны мәлім. Қалай болғанда да бізге шыны
өндірісі қажет. Оны ашудың алғышарттары да қалыптасқан. Басты шикізат – кварц
құмының жеткілікті қорының, арзан табиғи газдың болуы маңызды шарттардың
қатарына жатады. Ал Қазақстанның даму институттары осы жобаға белсенді үлес
қосса, өндірістің құрылысы жанданып сала беретініне күмәніміз жоқ.

Ж.ӘЛМАХАН.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз