ІСКЕР ӘЙЕЛДЕР ФОРУМЫ

40

0

Қазалыда кәсіпкер әйелдердің бизнес-форумы өткізілді. «Бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ» тақырыбындағы басқосуда келелі ой-пікірлер ортаға салынды. Делегаттар алдымен арнайы дайындалған көрмемен танысты. Қатысушыларды Тасарық елді мекенінен әкелінген Жанқожа батыр кесенесінің үлгісі, қорамсақтағы жебе, әсем иілген садақ, қынаптағы қанжар, басықаралық Айтбике Жантөрееваның қолынан шыққан киіз үй жабдықтары, тоқылған жиде, Бірлік елді мекенінің тұрғыны Зибаш Беренбай ұсынған ши құрақтан жасалып, масатымен әдіптелген тұскиіз, қоржын, ине қыстырғыш қатты қызықтырды.
Әйелдердің қоғамдағы ролін арттырып, мемлекет тарапынан шағын және орта кәсіпкерлікті қолдауға бағытталған көмектерді пайдалану, кәсіптің жаңа түрлерін қолға алу, өндіріс орындарының ашылуына ықпал етуге бағытталған форумды аудан әкімінің орынбасары Ғабит Бәймішев ашып, жүргізіп отырды. Жиында кәсіпкерлік және туризм басқармасы басшысының орынбасары Құрманкүл Датқабекова, аймақтық кәсіпкерлікті қолдау орталығының директоры Қамар Бекетова, ««Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры» АҚ облыстық филиалының өкілі Анар Қожаниязова және басқалар хабарлама жасады. Форум қорытындысымен бір топ кәсіпкерлер кәсіпкерлік және туризм басқармасының, аудан әкімінің Алғыс хатымен марапатталды.
ЖҰМАБЕК ТАБЫНБАЕВ.
Қазалы ауданы.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз