ӘСКЕРГЕ БАРУДАН ЖАЛТАРУШЫЛАР ҚАТАРЫ ТӨМЕНДЕУДЕ

37

0

Бүгінде
өңірімізде әскерге шақыру жұмыстарында ілгерілеу­шілік бар. Жылына облыстан
1000-нан аса сарбаз жасақталып, еліміздің Қарулы күштерінде, ҚР Ішкі істер
министрлігінің ішкі әскерлерінде, Ұлттық Қауіпсіздік Комитетінің шекара қызметінде
және Төтенше жағдайлар министрлігінің әскери бөлімдері мен Республикалық Ұланда
өз борыштарын өтеуде. Аймағымыздағы
әскерге шақырту шарасына байланысты жүргізіліп жатқан жұмыс барысы туралы
мәселелер облыстық коммуникациялар орталығында өткен брифингте сөз болды. Жастардың әскерге баруы жайындағы түйткілді
түйінді облыстық қорғаныс істері жөніндегі департаменттің бастығы Раджаб
Нұрәлиев тарқатты.

 

БАҚ өкілдерімен
болған кездесуде департамент бастығы бірқатар
ауқымды сұрақтар төңірегінде мәлімдеме жасады. Оның айтуынша, ең алдымен
аймақ басшысы, қала және аудан әкімдерінің қаулыларына сәйкес медициналық
комиссиялар толығымен тәжірибелі дәрігерлермен толықтырылған. Әскерге
шақырылушыларды аудан орталығынан облыстық жиын пунктіне дейін тасымалдау жергілікті
бюджеттен қаржыландырылуда. Ал, көктемгі мерзімді әскерге шақырту жұмыстарына
келер болсақ, облыс бойынша әскерге
баруға тиіс 512 адамның 187-сі ғана азаматтық парызын өтеуге жіберілген. Қалған
235-і 25 маусымға дейін жөнелтіледі деп күтілуде.

«Естеріңізде
болса, өткен жылы облыс әкімі Қырымбек
Көшербаев әскерден жалтарған азаматтардың тізімін газет бетіне жариялап, оларды
шақыру пункттеріне алып келуді қамтамасыз етуді бізге тапсырған болатын. Тапсырма толықтай орындалды. Қазір бұрынғыдай
емес, әскери борышын өтеуден жалтарып жүрген азаматтар саны былтырғыға
қарағанда төмен. Қазіргі сәтте облыс бойынша әскерге шақырылушылар саны 1627-і
болса, оның тек 372-сі шақырту пунктіне келмей жүр. Дегенмен, оларға нақты
жұмыстар жүргізіліп жатыр»,-деді департамент бастығы.

Әскерге баратын
әрбір азаматтың денсаулығының жақсы болуы оларға қойылатын бірінші талап екені
белгілі. Өйткені, медициналық тексеруден толық өтіп, денсаулығы жарамды жастар
ғана сарбаз атанып, ел тыныштығын күзете алады. Осы ретте, биылғы көктемге
шақырту кезінде медициналық комиссиядан өткен 677 жастың 36-ның денсаулығы
жарамсыз болып табылса, 28-і денсаулық жағдайына байланысты әскерге шақырылудан
кейінге қалдырылған.

«Қазіргі сәтте
облыс әкімінің қолдауымен облыстық жиын пунктіне мерзімді әскери қызметке
шақыру жұмыстары барысында кәсіби психологиялық іріктеу жұмыстарын жүргізу үшін
«Ақ сұңқар» автоматтандырылған психодиагностикалық кешені алынып, іске
қосылуда. Бұл кешен еліміздің психиатрия, наркология және психотерапия орталығы
мен «Точприбор» ЖШС арқылы бірлесіп жасалынған. Демек, бір уақытта 15 азаматты
тестілеуден өткізіп, қорытынды жасауға,сондай-ақ, ұсыныс беруге
мүмкіндіктеріміз бар», – деді Р.Нұрәлиев.

Осылайша,
департаменттің бүгінгі тыныс-тіршілігін журналистерге кеңінен әңгімелеген
Раджаб Нұрәлиев алдағы уақытта атқарылатын жұмыстарды да егжей-тегжей баяндады.
Жиын соңында басшыға БАҚ өкілдері тарапынан түрлі сұрақтар қойылып, тұшымды жауаптар алынды.

М.ОТАРАЛЫ.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз