ӘСКЕРИ ШЕРУДІ ТАМАШАЛАДЫ

47

0

Мамыр
айы мерекеге толы. Сол мерекелердің бастысы Отан қорғаушылар мен Жеңіс күні.
Осы қос мерекеге орай облыс әкімі Қырымбек Көшербаев қаладағы «Гранд Плаза”
мейрамханасында Ұлы Отан соғысы ардагерлеріне арнап мерекелік дастарқан жайып,
сый-сияпат көрсетті. Соңынан мерекелік шараға қатысушылар Астана қаласында
өткен әскери шеруді тамашалады.

– Құрметті
аға-апалар сіздерді бүгінгі Отан қорғаушылар күнімен және Ұлы Жеңістің 69
жылдық мерекесімен шын жүректен құттықтаймын, – деді облыс басшысы, облыстық
қорғаныс кеңесінің төрағасы Қ.Көшербаев. – Келер жылы Ұлы Жеңістің жетпіс
жылдығы кең ауқымда атап өтілетін болады. Сол мерейтойлы жылдың мерекесін бірге
тойлайтын болайық. Кешегі сұрапыл соғыста жеңіске жету жолында
қызылордалықтардың қосқан үлесі зор. Бұл соғысқа Сыр елінен мыңдаған азаматтар қатысты. Өкінішке орай қазір
соның 120-дайы ғана ортамызда жүр.
Сондықтан да сіздерге әрдайым амандық, зор денсаулық, отбасыларыңызға
береке-бірлік тілеймін. Бүгінгі ұрпақтың қазіргідей бейбіт өмір кешіп,
өсіп-өркендеп отырғаны ол сіздердің еңбектеріңіздің арқасы. Әрине, мұндай
өлшеусіз еңбек ешқашан да ескерусіз қалмайды. Осы жайтқа ерекше көңіл бөліп
отырған Елбасы да соғыс ардагерлері мен сол жылдары тылда еңбек еткен
азаматтарға әрдайым қолдау көрсетіп келеді. Мұндай қолдау облыс басшылығы
тарапынан да көрсетіле беретін болады. Қазір сіздерді Астана қаласында Елбасы –
ҚР Жоғарғы Бас қолбасшысы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың қатысуымен өтетін
әскери шеруді тамашалауға шақырамын.

Мұнан кейін
дастарқан басына жиналған ардагерлерге облыс басшысы атынан арнайы дайындалған
мерекелік сыйлықтар табыс етілді. Осы орайда айта кету керек, Ұлы Жеңістің 69
жылдығына орай соғыс ардагерлері мен мүгедектеріне, оларға теңестірілген
азаматтар мен жауынгерлердің жесірлеріне және тылда жанқиярлықпен еңбек еткен
азаматтарға қаржылай көмек көрсетілді. Сондай-ақ, осы Жеңіс күнін
жақындатқандардың коммуналдық қызмет шығындарын өтеу мақсатында әлеуметтік
көмектер де төленді.

Мерекелік
шараға қатысушылар Астана қаласында Ұлы Жеңістің 69 жылдық мерекесіне орай
өткізілген салтанатты әскери шеруді тамашалады.

 

Айғали
ҚАРАБАЛАЕВ.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз