СҮЛЕЙЛЕР САЛҒАН СҮРЛЕУМЕН

42

0

Ә.Тәжібаев
атындағы облыстық ғылыми-әмбебап кітапханада Қазақстанның құрметті журналисі,
қазақ радиосының үздігі, Жалағаш және Сырдария аудандарының құрметті азаматы
Ахат Жанаевтың 80 жылдық мерейтойы аталып өтті.

Облыстық мәдениет басқармасы мен
«Қазақстан-Қызылорда” телеарнасы ұйымдастырған шарада бас қосқан жұртшылық
мерейтой иесінің өмірі мен шығармашылығы жайлы ойларын ортаға салып, адами
қасиеттерін тілге тиек етті.

Сексеннің сеңгіріне шығып отырған қазақ радиосының
тарланбозы Ахат Жанаев Сырдария ауданының төл перзенті. Балдәурен шағы
қиын-қыстау кезеңмен тұспа-тұс келген ауыл баласын өмір ерте есейтті. Асқар
тауы «халық жауы” атанып, артынша анасы да жастай өмірден озған бозбала бүгінде
бір әулеттің дария кеуде қариясы. Алпысыншы жылдардың бас кезінде облыстық
радиоға редактор болып келген ол өмірінің алты
асуын халыққа қызмет етуге арнаса, соның отыз жылында қазақ радиосының
облыстағы меншікті тілшісі болды. Осы аралықта Сыр сүлейлерінің мол мұрасын
жинақтап, жыршы-жыраулық өнерді қайта тірілткен қаламгер Қорқыт күйлерін қайта
жаңғыртты.

«Қазақ радиосының қара нары” атты деректі фильм
көрсетілімімен басталған салтанатты шара облыстық филармонияның «Ақмешіт”
фольклорлық ансамблі орындауындағы Ықыластың «Жезкиік”, Рүстем Күлшебаевтың
«Қолбасшы” күйлеріне жалғасты. Ансамбль­дің сүйемелдеуіндегі Эльмира Қалқожаева
орындаған халық әні «Керім-айдай”, Эльвира Есназарованың орындауындағы Нұртуған
ақынның «Қанекей, тілім сөйлеші” термесі тыңдаушыларын бір серпілтіп тастады.

Кезегімен сөз алған саяси ғылымдар докторы,
профессор Әбдіжәлел Бәкір, «Сыр медиа” ЖШС ардагерлер кеңесінің төрағасы, ақын
Әскербек Рақымбекұлы, Қазақстанның құрметті журналисі Өтеген Жаппархан, Жалағаш
аудандық мәслихатының хатшысы Кенжеғара Сүлейменов, Сырдария аудандық
ардагерлер кеңесінің төрағасы Қайролла Әбенов және басқалар мерейтой иесіне
деген жүрекжарды лебіздерін жеткізіп, сый-сияпаттарын ұсынды.

Жиында айтылған ізгі тілек, көрсетілген ыстық
ықылас сексеннің сеңгіріне шыққан қаламгерге деген риясыз құрметтің белгісі
болатын. Салтанатты шара барысында облыстық филармония өнерпаздары, ҚР мәдениет
қайраткері Үміт Медеуова, Күнсұлу Түрікпенова, Рауза Ысқақовалар ән-жырдан шашу
шашты. Салтанат соңы «Дидар” мейрамханасында мерейтой дастарқанына жалғасты.

 

Б.Смайылұлы.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз