СҰЛТАН БЕЙБАРЫС КӨШЕСІНІҢ сәулеті мен дәулеті артпақ

58

0

СҰЛТАН БЕЙБАРЫС КӨШЕСІНІҢ сәулеті мен дәулеті артпақЖаңа жыл қарсаңында Қызылорда қаласының дамуына лайықты үлес қосатын тағы да бір жақсы жоба қабылданғанын айта кеткіміз келеді. Оған қалаға кіретін негізгі магистраль Сұлтан Бейбарыс көшесі мен аспалы көпірдің маңындағы 329 гектар аумақ кіреді. Аталмыш жобаны қолға алудағы негізгі мақсат қалаға кіретін негізгі магистраль мен қала құрылысының қазіргі заманға лайықты келбетін қалыптастыру, сонымен бірге құрылыс саласына инвестиция тарту болып табылады.

Соңғы уақыттары облыс және қала басшылығы өзекті әлеуметтік-экономикалық мәселелерді шешу және қала құрылысын дамыту мақсатында қаланың бас жобасын белсенді әрі табанды түрде жүзеге асыруда. Атап айтқанда,  әуежай бағытынан қалаға кіретін жол бойын ретке келтіретін және Сырдария өзенінің жағалауын абаттандыруға лайықты үлес қосатын «Астана» тұрғын ауданы, сол секілді жеке тұрғын үйлер бой көтеретін 980 гектар аумақтың ірі жобалары жасалды. 
Сонымен қатар, облыс орталығы мен қала аумағы маңын дамыту концепциясы жөніндегі ұсыныстар бойынша қалаға Шымкент және Жезқазған бағытынан кіретін жолдар бойынша  шешім қабылданып, қала іргесіндегі көшелер мен жолдар жүйесі және демалыс орындарын ұйымдастыру, екі-үш қабатты үйлер массивін дамыту жобалары орындалды. Өткен жылы облыс әкімдігінің ұсынысы бойынша Сұлтан Бейбарыс көшесі бойы мен Қызылорда көпірі маңындағы жалпы аумағы 325 гектар территорияны түбегейлі жоспарлау жобасы жасалды. Облыстық сәулет және қала құрылысы басқармасының басшысы Сейілхан Тойбазаров  бізге бұл жобаны таныстыру кезінде біраз мағлұмат алған едік.
Қала құрылысының бұл жобасын орындаушы «Урбостиль» фирмасы. Қаламыздың қазіргі бас жобасын осы ұжым мамандары жасағанын еске салып кетуге болады. Жоғарыда аталған жобаға сәйкес қалаға кіреберіс жол тармақтары әсем де ыңғайлы  болып шығады. Бұл маңайда аймақтың өзіндік бет келбетін ашатын өзекті жоғары технологиялық  комерциялық нысандар орналасатын болады. Олар жасыл технология талаптарына сай келетінін айта кеткен жөн.
Жоба ұсыныстары бойынша аумақтың  солтүстік беткейінде құрамына сауда және көңіл көтеру, жәрмеңке кешендері, қонақ үйлер мен офистік іскерлік ғимараттары кіретін ірі көтерме-бөлшек кластері орналастырылмақшы. Мұнда келушілерге қала және қала маңы тұрғындарының қажеттіліктерін өтейтін, қазіргі заман талаптарына жауап беретін өндірістік және ауылшаруашылық тауарлары ұсынылып, түрлі қызмет көрсету орындары есігін ашатын болады. Ал теміржол бойын жағалай жел және күн энергиясымен жұмыс істейтін генераторлар бой көтереді. Бұл жаңа жасыл технологиялық полигон өлкемізде жаңаша ойлау дәуірінің бастамашысы ретінде қазіргі қолданылып жүрген  орны қайта толмайтын энергоресустарды қолдануды азайтып, қайта толып тұратын күн және жел қуатын пайдалануға жол ашады. Яғни «жасыл экономика» бағдарламасын жүзеге асыру мақсатында энергияны пайдаланудың қалыптасқан үрдісін азайту арқылы баламалы энергия көздерін қолдануға көшу. Сейілхан Сыдықұлы атап өткеніндей, бұл Елбасы тапсырмасына сәйкес «ЭКСПО-2017» жобасының шағын үлгісін жүзеге асыру тапсырмасына сай жасалады.
Жобаға сәйкес кіреберіс жол тармағы аймақтың бай даму тарихы мен мәдени мұрасын ескере отырып, ұлттық сәулет өнеріне сай безендіріледі. Осылайша қаламыздың өзіндік қақпасына айналады. 
Жобалаушылар өз кезегінде Сұлтан Бейбарыс көшесіне іргелес жатқан аумақтағы бірқабатты құрылыстарды бұзып,  оның орнына жаяу жүргіншілер бульварын орналастыруды көздеп отыр. Бульварда көркем паннолар, субұрқақтар, шағын формалы мүсіндер, ландшафтық гүлдермен және әсем бұтақтармен көмкерілген  әлеуметтік-мәдени кеңістік айқара ашылмақшы. Бұл жер қала тұрғындары үшін жақсы демалыс орны болатыны даусыз. Ал, бульвардың көше жақ бетінде веложол орналастырылса, тұрғын үйлерге қараған бетінде мейрамханалар желісі пайда болады. Басқарма басшысы осы аумақта қаралған қабырғаларда қазақ жеріндегі тастарда бейнеленген ежелгі жазулар мен таңбаларды көрсетуге болатынын айтты. Мұның өзі қала тұрғындарының, жас ұрпақтың қазақ тарихының дамуынан мағлұмат алуына көп септігін тигізбек.
Аумақтың солтүстік бетінде, яғни Сұлтан Бейбарыс көшесі, Қызылжарма каналы және теміржол желісі аймағында спорт, көңіл көтеру-демалыс орындары, сауда, логистика кешендері офистік және коммуналдық ғимараттар мен заманауи энергокешен нысандары орналасады. Кіреберісінде сәулеті және атқаратын қызметі жөнінен ерекше заманауи көпсалалы «Орда» сауда-демалыс кешені орналасады. Ол жан-жағы ор болып қазылған ортағасырлық азиялық қамал түрінде жасалып, іш жағында көпшілік қыдырып демалуға, сондай-ақ, түрлі шаралар, форумдар мен фестивальдар өткізуге арналған кең алаңдар болады. Онда демалушыларға арналған көрме және сауда алаңдары, бутиктер, мейрамханалар мен кафелер, қыдыру орындары  және қабырғалардың үстінде  көру алаңдары болмақ. Олардың айналасында шағын архитектуралық мүсіндер, субұрқақтары мен жасыл желек бой көтереді. 
СҰЛТАН БЕЙБАРЫС КӨШЕСІНІҢ сәулеті мен дәулеті артпақЖобаланып отырған территорияның батыс жағында сауда, коммуналдық, офистік және қонақ үй нысандары орналасады. «Орда» кешенінің оңтүстік жағындағы қонақ үйлері бар сауда-жәрмеңке орталығы мен ашық форум және жаяу жүргіншілер бульвары негізгі композицияның орталығы саналмақ. Бұл жерде «Ашан», «Мега», «Икея» секілді белгілі сауда брендтерінің дүкендері орналасуы мүмкін.  Қызылжарма каналы бойындағы рекреациялық аймаққа жақын жерде жергілікті тұрғындар мен қонақтарға арналған сауда базарлары  жұмыс істейтін болады. Одан оңтүстікке қарай бөлшек көтерме саудаға арналған, сондай-ақ теміржол магистралі бойындағы транзиттік жүктерге арналған логистикалық аймақтар жұмыс істеп тұрады. Кіреберіс жол тармақтарының шығысынан батыс бағытқа қарай жоғарыда аталып кеткен инновациялық энергетикалық кешен жел және күн қуатын өндіретін коллекторлар орналасады. Сондай-ақ, жобада 5 мың жолаушыға арналған автовокзал салу қаралған, оған бөлініп отырған жер аумағы 3 гектар. Жобада, сонымен қатар, көлік және инженерлік инфрақұрылымды дамыту сызбалары жасалғанын да айта кету керек.
С.Тойбазаров осылайша жаңа жоба тарихы тереңге кеткен өңіріміздің бай мәдени мұрасы  және 200 жылдық даму тарихы бар облыс орталығының осы аумағында ұлттық стильде заман талабына сай аймақ жасауды жүзеге асыру екенін жеткізді.
Қорыта айтқанда, бұл жоба қаланың кіреберісінен орталығына дейінгі аумақтың заман талабына сай дамуына игі әсерін тигізбек. 
Ыдырыс ТӘЖІҰЛЫ.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз