СОТ БИЛІГІ АШЫҚТЫҚТЫ ҚАЛАЙДЫ

50

0

Үстiмiздегi жылы ҚР Судьялар одағының облыстық филиалы мен Қызылорда облыстық сотының баспасөз қызметі «Сот репортері” атты байқау ұйымдастырды. Алғаш ұйымдастырылып отырған байқауға көптеген материалдар келіп түсті. Кеше облыстық соттың мәжіліс залында оның қорытындысы жарияланып, үздік танылған материалдар авторларын облыстық соттың төрағасы Н.Қайырбеков марапаттады.

Байқау қорытындысымен «Облыс соттарының оң бейнесін көрсетуге бағытталған ең үздік мақала, сұхбат” номинациясы бойынша «Заң” газеті бас редакторының орынбасары Айнұр Сембаева, «Сот имиджін көтеруге арналған ең үздік телевизиялық жоба” номинациясы бойынша «Қазақстан-Қызылорда” телеарнасының редакторы Бекзада Үкітаева, «Қоғамның қызығушылығын тудырған істер бойынша мақалалар мен репортаждар” номинациясы бойынша «Сыр бойы” газетінің тілшісі Бақтыбай Бердібаев және «Судья туралы ең үздік очерк” номинациясы бойынша «Заң” газетінің Қызылордадағы меншікті тілшісі Бейбітбек Бүркітбайұлы жеңімпаз болып танылды.

Конкурс жеңімпаздарына Судьялар одағы атынан ноутбук, теледидар, фотоаппараттар сыйға тартылды. Марапаттау барысында төраға Н.Қайырбеков халықтың сот жүйесіне сенімін көтеру бағытында БАҚ-тың алатын орнына тоқталды. Алдағы уақытта да сот билігінің ақпарат құралдарымен байланысы арта беретініне сенім білдірген төраға сот жүйесі туралы мәселелер көтеріп, осы бағытта қалам тербеп жүрген журналистерге мұқалмас күш-жігер, ұшқыр ой, шалқар шабыт пен шығармашылық табыс тіледі.

Ы.ТӘЖІҰЛЫ.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз