СОТ БИЛІГІНІҢ ҚОЛЖЕТІМДІЛІГІ АРТТЫ

44

0

Облыстық сот төрағасы Нұрлан Қайырбековтың төрағалығымен өткен жиында облыс соттарының 2013 жылғы сот әділдігін жүзеге асырудағы атқарылған жұмыстары қорытындыланды.
Басқосуда облыстық соттың судьясы әрі облыстық соттың баспасөз қызметін үйлестіруші Сенбек Баймахановтың хабарламасы тыңдалып, талқыланды. Сенбек Yдербайұлының айтуынша, азаматтық істер бойынша аудандық және оған теңестірілген соттар өндірісіне есепті кезеңде 20248 талап арыз түскен. Бұл көрсеткіш алдағы жылмен салыстырғанда 23,6 пайызға өскендігін байқатады. Негізінен 16874 іс өндірістен аяқталған десек, ол да былтырғыдан төрттен бір есеге көбейген. Шешім шығару арқылы аяқталған азаматтық істер де анағұрлым артқан. Сондай-ақ, 3172 іс ұйғарым қабылдау арқылы аяқталған. Оның ішінде екі мың төрт жүзден астамы қараусыз қалдырылса, жүз жиырма тоғызы бітімгершілікке байланысты қысқартылған. Бұдан басқа бұйрық арқылы іс жүргізу санатында қаралған арыздар саны да көбейген. Айталық, жыл көлеміндегі сот бұйрықтары екі мың жетпісті құрайды.
Былтырғы қаралған барлық істер бойынша қабылданған сот актілерінің 95,6 пайызына апелляциялық шағым немесе наразылық келтірілмеген. Ал апелляциялық тәртіппен қаралған бес жүз елу бір шешімнің төрт жүз отыз үші өзгеріссіз қалдырылған.
Өткен он екі айда аудандық және оған теңестірілген соттарға 21238 іс түскен болса, 16642 адам әкімшілік жауаптылыққа тартылып, үш мыңнан астам адамға қатысты істер қысқартылған. Кері қайтарылған әкімшілік істер былтырғыдан қырық пайыздай азайған. Қаралған істердің жартысынан астамы Қызылорда қалалық мамандандырылған әкімшілік сотқа тиесілі болса, одан кейінгі орындар Қазалы, Арал, Шиелі аудандық соттарының үлесінде.
Қылмыстық істер бойынша былтыр алдағы жылдағы қалдықты қосқанда 1936 іс қаралыпты. Оның ішінде 975 адамға қатысты жеті жүз жетпіс іске үкімдер шығарылса, 1146 адам жөнінде мыңдай іс өндірістен қысқартылған. Сонымен бірге, заңмен тыйым салынған әрекеттерді есі дұрыс емес халде жасалған он алты адамға медициналық сипаттағы мәжбүрлеу шарасы қолданылса, бес іске ақтау үкімдері шығарылған.
«Медиация туралы» Заң қолданысқа енгізілгелі бері медиаторлардың қатысуымен 171 қылмыстық іс қаралып, сотталушылардың жәбірленушілермен татуласуына байланысты өндірістен қысқартылған. Ал 2012 жылы медиаторлардың қатысуымен қырық іс қаралған болатын.
Өндірістен түскен арыздар санының өсуі сот билігінің қолжетімділігін, сондай-ақ сот актілерінің заңды әрі негізді қабылдануы халықтың сотқа деген сенімінің артып келе жатқандығын көрсетеді.
***
Қызылорда қалалық мамандандырылған әкімшілік соты өткен он екі айда он жарым мыңнан астам іс қараса, оның тоқсан үш пайызы әкімшілік іс болып табылады. Аталған істердің тең жартысындайы Қызылорда қалалық ішкі істер басқармасынан түссе, қалғандары облыстық жол полициясы мен көші-қон басқармалары, кеден, төтенше жағдайлар, сот актілерін орындау департаменттері, салық және желілік ішкі істер қызметтеріне тиесілі. Деректерге көз жүгіртсек, әкімшілік істер былтырға қарағанда біршама өскені байқалады. Қаралған істер бойынша үш мыңдай адамға 4 млрд. 364,4 млн. айыппұл салынса, мың екі жүзден астам адам арнаулы құқықтарынан айырылған. Сондай-ақ, алты мың адам әкімшілік қамауға алынып, елу адамға ескерту жазалары беріліпті. Бұдан басқа екі жүздей адам көлік құралын басқару құқынан айырылса, үш жүздей тұлғаға әртүрлі қосымша жазалар тағайындалыпты. Сот қаулыларымен салынған айыппұлдың 2 млрд. 357,9 млн. теңгесін құқық бұзушылар қаулы заңды күшіне енбей тұрып-ақ өз еріктерімен төлеген болса, қалған сома тиісті органдарға заңда көрсетілген мерзімде орындау үшін жолданыпты.
Өткен жылы әкімшілік сотқа жүздің үстінде әкімшілік құқық бұзушылық істерді қарауға уәкілетті органдардың қаулыларына дау айту шағымдары да түскен болса, оның жиырма төрті қанағаттандырылып, жетеуі қараусыз қалдырылған.
Бақтыбай БЕРДІБАЕВ.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз