СОТ ЖҮЙЕСІ ЖЕТІЛДІРІЛЕДІ

46

0

ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингке ҚР Жоғарғы сот алқасының төрағасы Ақылтай Қасымов қатысты. Онда еліміздегі сот жүйесін жетілдіру жайында кеңінен әңгімеленді.
Төрағаның айтуынша, басқа салалармен қатар, сот жүйесі заман талабына, қоғам және мемлекет мүдделеріне сәйкес үнемі жетілдіріліп отырады. Мемлекетіміздегі сот төрелігі халықаралық құқықтық нормалары мен стандарттарына толықтай сай болуы үшін кешенді шаралар атқарылуда.  Бұл жұмыстың негізгі бағыттары ҚР 2010-2020 жылдарға арналған құқықтық саясат тұжырымдамасында белгіленген. Сонымен қатар, іс жүргізуді оңтайландыру, оның тұрақтылығын және сот актілерінің уақытылы орындалуын қамтамасыз ету бойынша шаралар жалғастырылатын болады. Осыған орай Кодекстердің жаңа жобалары әзірленбек. 
– Сот жүйесін дамыту бұдан әрі халықаралық нормалар мен принциптерді белсенді енгізу, сотқа дейінгі іс жүргізуді арттыру және барлық қатысушыларының талабын қамтамасыз етеді. Сондай-ақ, сот жүйесін дамыту тиісті деңгейде, кадрлық, материалдық, қаржылық және әлеуметтік жағынан қамсыздандырылуды талап етеді, – деді А.Қасымов. 
Қазақстандағы сот қызметін жүзеге асыруда оны ашық және қолжетімді етуге мүмкіндік беретін жаңа технологияны жан-жақты қолдануда. Қазіргі кезде талап арыздар интернет ресурстар арқылы беріле алады, сот актілерінің аудио немесе бейне хаттамаларының қатары көбеюде. 
Сот жүйесінің негізгі басымдықтарының қатарына оның беделін арттыру, халықтың соттарға деген сенімін нығайту міндеті кіреді. Бұл ең алдымен сот төрелігін жүзеге асыру сапасын көтерумен тығыз байланысты. Биыл республика бойынша соттардың жұмысын үздік ұйымдастырушы облыстық және аудандық деңгейлердегі соттар арасында байқау өтпекші. Байқау барысында соттардың қызметтері сот жұмысын жоспарлау, істерді қарау кезіндегі жеделдік, сот төрелігін атқару сапасы, сот процестерін ұйымдастыру, сот ісін жүргізу, тағы басқа критерийлер бойынша бағаланатын болады,–деді сот алқасының төрағасы.
Айсәуле ҚАРАПАЕВА.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз