СҰРАНЫСҚА ИЕ МАМАНДЫҚТАР АШЫЛМАҚ

64

0

Өткен сенбіде облыстық кәсіпкерлер палатасында облыс әкімінің орынбасары Ақмарал Әлназарованың қатысумен басқосу болып өтті. Онда техникалық және кәсіптік білімі бар мамандарды даярлауда мемлекеттік тапсырысты бөлудің жобасы, аталмыш саланың дамуы мен мемлекеттік жеке әріптестіктің бір әдісі ретінде колледждерде корпоративтік басқаруды енгізу мәселесі талқыланды.
Алғаш болып сөзді облыстық білім басқармасының басшысы Наурызбай Байқадамов алып, аймақтағы еңбек ресурстарының балансы мен облыстың әлеуметтік-экономикалық дамуына қажетті кадрлар даярлаудағы өзекті мәселелер және 2014-2015 жылғы мемлекеттік тапсырысты орналастыруда басымдылық берілетін мамандықтар бағыты жайын баяндады. Оның айтуынша, кәсіптік-техникалық білім беру саласында дуальды оқыту жүйесін енгізу бойынша бірқатар жұмыстар жүзеге асырылуда. Мәселен, 6 оқу орнында 12 мамандық бойынша дуальды оқыту технологиясының элементтерін енгізу  қолға алынған. 2013-2014 оқу жылында 8784 оқушы кәсіптік біліммен қамтылған. Сондай-ақ, Қызылорда қаласындағы колледждерге жүргізілген салаландыру жұмыстарының бірінші кезеңінде жаңадан ашылған 13 мамандық мемлекеттік тапсырысқа орналастырылса, бірнеше оқу орындарында қатар даярланатын 9 мамандық жабылып отыр.
«Өңірімізге қажетті мамандықтарды нақтылау барысында биыл аймақтың индустриалды-инновациялық жобаларын атқаруға керекті жаңадан он мамандық ашу жоспарлануда. Ол үшін жергілікті бюджеттен қаржы қаралды. Негізгі мамандықтар ретінде ванадий өндіру ісі, «Шалқия” кен өндірісіне қажетті пайдалы қазбаларды ашық түрде қазу, пайдалы қазбалардың кен орындарын жер астында өңдеу, токарьлық іс және металл өндіру секілді сұранысқа ие мамандықтар кіреді. Алдағы уақытта осылардың қатарына 20-дан астам мамандық қосу көзделуде. Осыған орай, студенттерге техникалық әрі сапалы білім беретін 115 инженер-педагог біліктілігін арттыру үшін Беларуссияға жіберілетін болады», – деді басқарма басшысы.
Шара барысында әлеуметтік сұрақтар жөніндегі кәсіпкерлер палатасы директорының орынбасары Арман Бимағанбетов Ұлттық және өңірлік кәсіпкерлер палатасының ТжКББ саласын модернизациялауға бағытталған жұмыстар мен облыс колледждерінде корпоративтік басқаруды енгізу жайын таныстырды.  
Келелі мәселені көтерген басқосуда жиынға қатысушылар өз ойларын ортаға салып, ұсыныстарын да білдірді. Шара соңында облыс әкімінің орынбасары А.Әлназарова ауқымды мәселені әлі де жетілдіріп, апта ішінде барлық қатысушылардың ұсыныстар мен талаптарын білдіруін сұрады. Сондықтан ұсыныстар талқыланып, көпшілік пікірі тыңдалған соң ғана кәсіптік-техникалық білім беру мен корпоративтік басқаруға байланысты қолға алатын жұмыстар бойынша нақты шешім қабылданатын болады.
Мейрамгүл ДАУЫЛБАЙҚЫЗЫ.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз