ҰСТАЗДАР КЕҢЕСІНДЕГІ КЕЛЕЛІ ПІКІРЛЕР

43

0

Қазалыдағы білім беру
қызметкерлерінің тамыз кеңесі №266 мектеп-лицейде өткізілді. Аудандық білім
бөлімінің басшысы Ерболат Қалнияз өзінің хабарламасында өткен оқу жылындағы
жетістіктермен қатар кемшін тұстарды да ашып көрсетті. Аудан бойынша 40 мектеп
жұмыс істейді. Республикалық олимпиадаларда жеңімпаз атанып, грант иеленген
шәкірттер баршылық. №266, 249 мектеп-лицейдің шәкірттері Мәскеудегі ұлттық
технологиялық зерттеу университетіне сынаққа қатысып, грантпен оқуға түсті.

Өткен оқу жылында ҰБТ
қорытындысында қазалылықтар жоғары деңгейді бағындырды. 2013 жылмен
салыстырғанда «Алтын белгі», «Үздік атестат» иегері біршама артық шықты. Десе
де №98, 204, 100, 234 мектептер 2013 жылғы төменгі көрсеткішті тағы да
қайталап, соңғы 10 мектептің қатарында болып отыр. Бір қызығы, ауданда ең
жоғары 121 балды бағындырған да, ең төменгі 32 балл жинаған да №249
мектеп-лицейдің оқушылары екен. 2013-2014 оқу жылында 179 оқушы грант иегері
атанғанмен, №96, 238, 134 мектептерден
бір­де-бір оқушы грант иеленбеген.

«Шағала» балаларды
сауықтыру демалыс орта­лы­ғына жергілікті қазынадан қаралған қаржыға ағымдағы
жөндеу жүргізілген. Кәсіпкерлердің демеушілігімен күрделі жөндеуден өткен
лагерьдің бассейні толық жұмыс істеп тұр. «Қазақстан темір­жолы» АҚ Қазалы
ауданы филиалы кәсіподағының жанашырлығымен 320 бала облыстан тыс жерлерге
тынығуға жіберілді.

Тамыз кеңесінде №190 орта
мектептің директоры Ділдәбек Айтманбет, Қарашеңгел ауылдық округінің әкімі
Алмат Әбілхан, философия ғылымдарының док­­то­ры, профессор Баймырза
Қожамберлиев хабар­лама жасады.

Мемлекет тарапынан білім
саласына жан-жақты қолдау жасалып келеді. Тек соңғы жылдардың өзінде ауданда
бірқатар білім нысандары пайдалануға берілді. Білім ордалары, балабақша
күрделі, ағымдағы жөндеуден өткізілді. Апатты жағдайдағы мектептердің мәселесі
де оң шешілуде. Биылдың өзінде осындай жағдайдағы 3 мектептің құрылысы жүріп
жатыр. Олар­дың бірі, сонымен қатар жаңа балабақша да жуырда пайдалануға
берілмекші. Жыл аяғына дейін Сарыбұлақ, Аранды ауылдарындағы мектеп, аудан
көлемінен қос бірдей балабақшаны іске қосу жоспарлануда.

– Инвестиция көлемі қанша
есеге артса білім сапа­сын да сол деңгейге жеткізуге тиістіміз, – деді кеңесте
сөз алған аудан әкімі Бақыт Жақанов. – Былтырғы сыннан қорытынды шығарып, биыл
облыс бойынша екінші орынды иелендік. Бірақ ауыл мектептеріндегі компьютер
сыныптары, интернет желісі толыққанды пайдаланылмайды. Олар білім ошақтарына
тек бар деген есеп үшін емес, жас ұрпақтың заманауи тех­но­логияларды
меңгеруіне берілгенін ұмытпаған аб­зал. Мектептің жөндеу жұмыстарына қаражат
бөлі­ніп, материалдық-техникалық базасы мемлекет қазынасынан нығайтылады.
Алайда, түрлі себеп­термен ата-аналардан ақша жинау фактілері әлі де естіліп
жүр. Мектеп басшысы мен ұстаздар ара­сында еңбек дауы, білім ордасы
басшыларының тө­белесуі секілді келеңсіз жайттар да бой көрсетті. Балаларға
білім берудің орнына мұғалімдер өзара тіресіп жүрсе, ол мектептен қандай сапалы
білім талап етуге болады. Мемлекеттік
саясатты жүзеге асырып отырғандардың бірі ауыл әкімі, екіншісі мектеп директоры
екені белгілі. Сондықтан мектеп директорына деген талап жоғары болып қала
береді. Ең бастысы, ел болашағы жас ұрпақтың сапалы білім, саналы тәрбие алуы,
оған өзіміздің жауапты екеніміз әркез естетұруы шарт.

Кеңеске қатысушылар өзара
пікір алысты.

Жұмабек ТАБЫНБАЕВ.

Қазалы ауданы.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз