ҰСТАЗДЫҢ ҰЛАҒАТЫ ҰМЫТЫЛМАЙДЫ

43

0

Халқымызда ұстазды қадірлеудің, құрмет тұтудың сан жылдан бері қалыптасқан дәстүрі бар.  «Алты Алаштың баласы бас қосқанда, қадірлі орын – мұғалімдікі” деп Мағжан ақын айтқандай, бар ғұмырын ұрпақ санасына сәуле себуге арнаған ұстаз Жақсылық  Жылқышиевты еске алу шаралары Жалағаш ауданының орталығында өтті. Ұстаз еңбек еткен №201 мектепте Жақсылық Жылқышиев атындағы математика кабинеті ашылды. 
Ж.Жылқышиев соғыстан кейінгі жылдары білім іздеп Алматыға барып, ҚазМУ-дың математика факультетіне түскен. Ел еңсесін тіктей қоймаған қиын шақта жан азығын білімнен тапты.  Оқуды бітірген соң елге келіп, жалағаштықтардың бірнеше буынына ұстаздық етті. Оның барлық ғылымдардың бастауы атанған математиканы оқытудағы шеберлігі талай оқушының жолын ашты. Шәкірттері Жақсылық ағайдан алған тәлім өмірлеріне өнеге болғанын айтып келеді.     
Рәсімге қатысқан ҚР Парламенті Сенатының депутаты Қожахмет Баймаханов, облыстық мәслихат хатшысы Бекмырза Еламанов, аудан әкімі Серік Сермағамбетов ұлағатты жан туралы естеліктер айтты. Мектепте  жасақталған математика кабинеті пәнді оқытуға арналған құрал-жабдықтармен, оқу әдістемелік құралдармен қамтамасыз етілген. 
– Біздің мектепте 5 сыныпта математиканы тереңдетіп оқытамыз. Математикаға бейімді балаларымыз әр жылдары Алматыдағы Жәутіков атындағы физика-математика мектебіне түсіп, аудандық олимпиадаларда жүлделі орын алып жүр, – дейді білім мекемесі басшысының орынбасары Гүлбаршын Шаекеева.  
Осы күні ұстаз туралы жазушы Бегімбай Ұзақбаевтың «Өнегесімен өркенін жайған”атты кітаптың тұсаукесері өтті. Кітаптағы ардагер Қаһарман Табынбаевтың естелігінде мынадай жолдар бар екен. Естелікте «1972-1974 жылдары Жалағаш аудандық партия комитетінің екінші хатшысы едім. Шамасы, 1973 жыл болуы керек, аудандық партия комитеті оның орысша сауаттылығын, іске қабілеттілігін ескеріп, қазіргі Бұқарбай батыр ауылындағы қазақша-орысша орта мектепке директорлыққа ұсынады. Бұл қызметті Жақаң шамалы уақыт істеп, аудандық партия комитетіне қатынас жазып, мектептегі оқу процесіне кері әсерін тигізетін жағдайлардың орын алуы оқушыларға берілетін білім сапасын төмендететінін ашық баяндап, директорлықтан бас тартты. Жақаңның бұны бүкпей, жауырды жаба тоқымай, ортақ іске зиянын тигізбей, лауазымға қызықпай, ашық айтуы ол кісінің азаматтық мәрттігі еді” делінген. Қысқа ғана сипаттаудан ұстаздың ұлық бейнесі анық көрінеді. Ол өмір бойы осы қасиеттерді өз бойында бойтұмардай сақтады. Ұрпағының, шәкірттерінің санасына ізгілік дәнегін септі. 
Еске алу шаралары ұстаздың рухына дұға бағыштауға арналған аспен жалғасты. 
Гүлжазира ЖАЛҒАСОВА.  
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз