СЫР БІЛІМІНІҢ ҚАРАШАҢЫРАҒЫ

51

0

уақыт талабына сай жұмыс
атқаруда

СЫР БІЛІМІНІҢ ҚАРАШАҢЫРАҒЫОблыс әкімі Қырымбек Көшербаевтың төрағалығымен Қорқыт ата атындағы
Қызылорда мемлекеттік университеті Қам­қоршылық кеңес­інің мәжілісі болып өтті.
Онда Қор­қыт ата атындағы ҚМУ-дың ректоры Қылышбай Бисенов университеттің білім
беру қызметіндегі 2011-2014 жылдарда атқарылған жұмыстары және 2020 жылға
дейінгі стратегиялық даму бағдарламасының басым бағыттары турасында баяндама
жасады.

Қ.Бисеновтiң
айтуынша, соңғы үш жылда ауқымды тірліктер атқарылған. Яғни, білім ошағында
біліктілік артып, оқу ордасының базасы нығайып келеді. Мәселен, ғылыми-зерттеу
жұмыстарын қаржыландыру мәселесі 2011 жылмен салыстырғанда биыл артқан.
Елімізде білім беруді дамытудың
2011-2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы аясында
университетте жасалған көптілді білім беру Тұжырымдамасы негізінде 2012 жылдан
бастап 10 мамандық бойынша дәрістер қазақ, орыс және ағылшын тілдерінде
жүргізілсе, шет ел тілі мамандығы бойынша екінші шетел тілі ретінде корей,
қытай, араб тілдерінің оқу топтары жасақталған. Бұл өз кезегінде студенттердің
жан-жақты болып қалыптасуына, сонымен бірге қоғамның сұранысын өтей алатын
маман болып шығуына өз септігін тигізбек.

Уақыт талабына сай
бәселекестікке қабілетті кадрлар даярлауды мақсат еткен білім ордасы еліміздің
бірқатар университтері және 60-тан астам шетелдік жетекші жоғары оқу
орындарымен екі жақты келісім шарттар жасасып, тығыз байланыс орнатқан. Биылғы оқу жылында Польша республикасының Лодзь
университетінде 30 студент, 3 магистрант, Кореяның Каннам және Кангвон
университеттерінде 4 студент білім алып келген. Сондай-ақ, 2013 жылдан бастап
Қазан федералды университеті, Қазан мемлекеттік аграрлық университеті мен Қазан
ұлттық зерттеу технологиялық университеттерінде де 20 магистрант барып өз
біліктіліктерін жетілдірген. Осындай жүйелі жүргізілген жұмыстың нәтижесінде
Қорқыт ата атындағы ҚМУ Қазақстанның үздік 20 жоғары оқу орнының ішінде 7-ші
орынды иеленіп отыр.

«Сапалы білім беру арқылы мықты мамандар даярлау біздің
басты мақсатымыз. Бүгінде университетте бакалавриат мамандықтары бойынша
3136 студент, магистратурада 139
магистрант, докторантурада 18 докторант білім алуда. 2014-2015 жылдары 10
докторант диссертациялық жұмыстарын қорғап, университетіміздің ғылыми әлеуетін
арттыруға өз үлестерін қосады деп отырмыз», – деді университет ректоры
Қ.Бисенов.

Жоғары оқу орындарында білім алушылармен қатар
оқытушылардың да біліктілігін арттыру басты талаптардың бірі. Осы тұрғыда
университеттің 77 оқытушысы Ұлыбритания, Испания, Германияның бірқатар
қалаларында біліктілік көтеру курсынан өтіп, халықаралық деңгейдегі
сертификаттарға ие болған. Ал, 4 оқытушы
екі жақты келісім негізінде Ресей Федерациясының Пушкин атындағы Ленинград
мемлекеттік университеттерінде үшінші базалық деңгей бағдарламасы бойынша
тренерлерді оқыту курсынан өткен. Сонымен қатар, университетте шет елден арнайы
мамандар келіп, дәріс беру мәселесі де жолға қойылып отыр.

«Студенттердің әлеуметтік жағдайы да басты назарымызда.
Әлеуметтік жағдайы төмен отбасыларынан шыққан жастарға «Бота» қоры – 29
стипендия, «Бөбек» қоры – 6, «Игілік» қоры 18 стипендия бөліп отыр.
Ата-анасының қамқорлығынан айырылған 12 студенттің төлейтін оқуақыларына
университеттің арнаулы қаржысы есебінен 50 пайыз жеңілдік берілді. Сонымен
қатар, биылғы оқу жылында 400 орынды студенттер жатақханасының пайдалануға берілуі студенттердің қуанышын еселей түсті.
Алдағы уақытта жаңадан №6 оқу ғимаратының, инженерлік бейіндегі зертхананың,
кітап қоймасының және қосымша жылыжайдың құрылысын бастауды жоспарлап
отырмыз»,-деген ректор мұнан әрі университет ұжымы алдындағы жүзеге асыруға
тиіс мақсат-міндеттерді айтып өтті.

Барлығын тыңдаған аймақ басшысы университет ректоры
Қ.Бисеновке нақты тапсырмалар жүктеді. «Қоғам сұранысына сай инженерлік кадр­ларды
даярлауға көңіл бөлуіміз керек. Себебі, өңір экономикасы дамыған сайын кадр
жетіспеушілігі сезілуде. Осыны басты назарға алуды тапсырамын. Сондай-ақ,
қаланы сол жақ жағалауға көшіруді бас­таймыз. Осыған орай, университеттің жаңа
кампусын салудың жобасын жасауды қолға алға жөн», – деді Қ.Көшербаев. Мұнан соң
өңір басшысы облыс әкімінің 300 грантының 150 гранты жергілікті оқу ордасын
қолдау мақсатында берілу керектігін де баса айтты.

Жиын барысында «Абзал и К» толық серік­тес­тігінің
директоры, Қазақстанның Еңбек Ері Абзал Ералиев те сөз алып, білім ошағының жұ­мысына
көңіл толатындығын білдірді. Оған қо­са жақсы кадрлар даярлауға мүмкіндіктің
бар екендігін де жеткізді. Оқу ордасының бүгіні мен келешегін талқылаған
басқосуда қамқоршылық кеңес мүшелері университетте атқарылған жұ­мыс­тың есебін
бекітіп, бір ауыздан университет ректоры Қ.Бисеновтің еңбек шарты мерзімін
ұзарту жөнінде Қазақстан Республикасының Білім және ғылым министріне ұсыныс
беруді қолдайтындықтарын білдірді.

Мейрамгүл
ДАУЫЛБАЙҚЫЗЫ.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз