СЫР ЕЛІ МҰРАСЫН ЗЕРДЕЛЕГЕН

60

0

Аптаның алғашқы күні Студенттер сарайында этнограф, өлкетанушы Тынышбек Дайрабайдың шығармашылық қызметіне арналған «Сыр өңірінің рухани әлемі: зерттелуі және келешегі» атты республикалық ғылыми-тәжірибелік конференция болып өтті. Конференция жұмысына облыс әкімінің орынбасары Ақмарал Әлназарова қатысты. Жетпіс деген асқаралы белесті бағындырып отырған өлкетанушы, жазушы Тынышбек Дайрабайға облыс әкімінің Құрмет грамотасын салтанатпен тапсырған әкім орынбасары мерейтой иесіне денсаулық, сәттілік, шығармашылық табыс тіледі.
– Өзінің еңбек жолын шағын автоклуб меңгерушілігінен бастаған Тынышбек ағаның өмірі көпке – үлгі, жастарға – өнеге,– деді облыс әкімінің орынбасары. – Аудандық, облыстық  газеттерде шыңдалған журналистің қаламынан туған туындылар 11 жеке кітапқа топтастырылып, 19 жинаққа енген, 700-ден астам мақалалары республиканың түрлі басылымдарында жарық көрген. Оқырман ол кісіні Сыр еліндегі батырлар өмірі мен батырлық дәстүр, сүлейлер мен билер жайындағы құнды зерттеулері үшін де құрмет тұтады.
Ғылыми-тәжірибелік конференцияда тарих ғылымдарының докторы, ҚР Ұлттық ҒА-ның корреспондент мүшесі Берекет Кәрібаев,  Қорқыт ата атындағы ҚМУ-дың «Қорқыттану және өлке тарихы» ғылыми-зерттеу институтының  директоры, профессор Бағдат Кәрібозұлы, Қ.А.Яссауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің  доценті,  тарих ғылымдарының кандидаты Жандарбек Зікірия және басқа баяндамашылар Сыр мәдениетінің қабырғалы қайраткері Тынышбай Дайрабайдың журналистік шеберлігін, ғылыми-зерттеу еңбектерін саралап, оның азаматтығы мен туған жерін, елін  сүйетін патриоттығына тоқталды. Қаламгердің Сыр өңірі тарихына қатысты жазған дүниелері өз алдына бір төбе екендігіне, өлкетанудың ұлт тарихындағы алатын орны мен маңызын ашып көрсететін мақалаларының өзектілігіне шолу жасалды. 
Сыр бойында өмір сүрген сөз зергерлерінің  шығармаларын жинау, зерттеу – Т.Дайрабай шығармашылығының ерекше қыры. 200 томдық «Сырдария» кітапханасының 22 томы ХІХ-ХХ ғасырда өмір сүрген Сыр сүлейлеріне арналса, осының 4 томының тұтас материалы Тынышбектің жазба қорынан алынған болатын. Бұл оның сырбойылық ақын-жыраулардың, сүлейлердің мұрасын көздің қарашығындай  сақтауға жанашырлықпен атсалысқанын көрсетеді. Сонымен қатар ол Сыр еліндегі тарихи тұлғалардың өмір деректерін жинау мен зерттеу, кітап етіп жарыққа шығару ісінде де белсенді жұмыс атқарып келеді. Оның әр еңбегі дәйектілігімен, ғылыми сипаттылығымен ерекшеленеді. 
Конференция барысында сөз алған Тынышбек  Дайрабай кіндік қаны тамған жерде өзіне көрсетілген зор құрметке ризалық білдіріп, көпшілікке  алдағы жоспарлары жайында әңгімеледі. Ғылыми-танымдық шараға келген тыңдармандардың  сұрақтарына шын  ықыласымен жауап берді. 
Жұмагүл ОРАЛБАЕВА.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз