

Қуанарлығы, облыстың барлық ауданындағы стадион күрделі жөндеуден өткізілді. Ал Арал мен Қармақшы ауданында жаңадан стадион салынды. Бірқатар аудандарда «Спорт клубы» қазыналық кәсіпорындары құрылып, жұмыс істесе, Сырдария ауданында көгалдағы хоккей клубы жасақталды. Өткен жылы облыста қазіргі бессайыс, байдарка және ескек есу секілді жаңа спорт түрлері қатарға қосылды.
Расы керек, бұрын біздің облыста қысқы спортқа көңіл бөлінген емес. Тіпті, оны өрендер армандай қоймайтын. Жергілікті жастар тек спорттың жазғы түрлерінен жүлделі орындардан көрінді. Енді олар үскірігі бет қарыған жыл мезгілінде де осылайша салауатты өмір салтын ұстанатын болды. Облыс орталығының көрікті жерінде қоныс тепкен «Мұз сарайы» кешенінде қызылордалық тұрғындар да бос уақытын көңілді өткізе алады. Жабық мұз айдынында спорттың мәнерлеп сырғанау және басқа да түрлерімен айналысуға болады. Еліміздің оңтүстік өңірінде қоныс тепкен Қызылорда облысы үшін қысқы спорт түрлерін дамыту елді елеңдеткен ерекше оқиға болды. Аталмыш орында өрендер мәнерлеп сырғанау, шорт-трек және шайбалы хоккейдің қыр-сырына қаныға алады.
Жақында спорт кешенінде шайбалы хоккейден бөлімше ашылды. Ендігі кезекте жергілікті жасөспірімдерге хоккейдің қыр-сырын білікті бапкер Талғат Әкімжанов үйретеді. Айтпақшы, бізде мәнерлеп сырғанау спорты да қанатын кеңге жаятын болады. Қазір бұл мақсатта арнайы үйірме жұмыс істейді. Оған қызығушылық танытып жүрген өрендер саны аз емес. Бәлкім, олардың арасында келешекте күллі жұртты қуанышқа бөлейтін ұл-қыздар бар шығар-ау.

Қызылорданың «Қайсары» 2012 жылы Премьер-Лигада ойын көрсетті. Тоғызыншы орынға табан тіреді. Алайда, біріншілік мәреге жеткеннен кейін ұжымды қаржы тапшылығы қыспаққа алды. Соның салдарынан аталмыш клуб үздіктер тобындағы орнынан айырылып, бірінші топқа қарай сырғуға мәжбүр болды. Өткен жылдың басында облыс басшысы қызметіне келген Қырымбек Көшербаев бірден-ақ «Қайсарға» қамқорлық жасады. Соның нәтижесінде команда дүбірлі додаға тыңғылықты дайындық жасауға мүмкіндік алды. Түркияда оқу-жаттығу жиындарын өткізіп қайтты. Осылайша қысқа уақытта біздің ұжым сол тығырықтан шықты. Команда алдына қайтадан Премьер-Лигаға оралу мақсат етіп қойылған еді. Сол міндет үш тур бұрын орындалды.
Жарты ғасырға жуық шежіресі тарих беттеріне қатталған «Қайсар» бұған дейін мұндай қамқорлыққа қол жеткізе алмай келді. Команда үздіктер қатарында ойнағанымен, шешілмеген түйткілі сан алуан еді. Атап айтқанда, біздің клубтың материалдық-техникалық базасы жұтаң тартып келгені жасырын емес. Маусым басталарда командаға жаңадан автобус тарту етілді. «Қайсардың» базасы жөндеуден өткізіледі. Өзге де олқылықтар орнына келтірілді. Бұл футболшыларға үлкен демеу болды деп нық сеніммен айта аламыз. Осындай қамқорлық жігіттердің жігеріне жігер қосып, өздеріне деген сенімділігін арттырды.
Облыс әкімі команданың өз алаңындағы ойындарын арнайы келіп тамашалады. Бұрынғы жылдарда жергілікті басшылар оған көңіл бөле бермейтін. Осының өзі аймақ жетекшісінің спорт саласын дамытуға деген ізгі ниетін аңғартса керек-ті. Мұндай сәттерде футболшылар жігерленіп ойнайды. Соның нәтижесінде «Қайсар» қарсылас шақ келтірген жоқ десек те артық емес. Өткен ғасырдың жетпісінші жылдарында басшылық қызметте болған Хасан Бектұрғанов сынды ағамыз әрдайым стадионға келіп, командаға қолдау білдіргенін жергілікті жанкүйер әлі күнге дейін айтады. Ендеше, облыс әкімі Қырымбек Елеуұлының бұл ізгілікті өнегесін өзгеге үлгі етіп көрсетуге тұрарлық.
Биыл «Қайсардың» алдына үлкен міндеттер жүктеліп отыр. Біріншілікте жоғары көрсеткішке қол жеткізіп, Қазақстан кубогына қол созу жоспарда тұр. Әрине, алдымызда мақсат бар, оны бағындыру оңай шаруа емес. Қазір сол бағытта жұмыстар жүргізілуде. Біріншілікке тыңғылықты дайындалу мақсатында білікті маман қызметке шақырылды. Бүгінгі күні командаға қазақстандық маман Дмитрий Огай жетекшілік етеді. Оның кезінде Қостанайдың «Тобылы» мен Павлодардың «Ертіс» клубтарын қандай деңгейге көтергенін жергілікті жанкүйерлер жақсы біледі. Тәжірибесі мол маманның биыл қызылордалық клубпен бірге толайым табыстарға кенелсек деген жоспары бар.
Осылайша Сыр спортындағы серпіліс дүйім елдің көңілінен шығып отыр. Талай талантқа алтын тұғыр болып, көптеген жүйрікті тәрбиелеп шығарған біздің облыс биігінен төмендемейді деген сенімдеміз.
Әділжан ҮМБЕТ.