Сырдың сол жағалауында жаңа қала бой көтереді

89

0

Сырдың сол жағалауында жаңа қала бой көтередіКез келген дамыған елдердің
өзен бойына орналасқан қалалары өзіндік кескін-келбетімен, көз тартар
сәулеттілігімен ерекшеленеді. Сондай тарихи қалалардың бірі Төменгі Австрияның
Линц қаласы. Бұл қала Дунай өзенінің екі жағына орналасқан. Бүгінде екі жүз
мыңға жуық халқы бар қаланың іргесін біздің эрамызға дейінгі он бесінші жылдары
римдіктер қалаған. Анығын айтқанда, олар шекаралық қорған салып, оған Ленция
деген атау берген. Міне, сонан бергі ғасырлар ішінде бұл қала өзіндік өркендеу
жолына түсіп, бүгінде әлем таныған қалаға айналды. Немесе 1873 жылы әлем картасында
пайда болған Венгрияның Будапешт қаласын алайық. Бұған дейін бұл қала Буда,
Обуда және Пешт деген үш қаладан тұрған. Бұл қала да Дунай өзенінің бойына
орналасқан. Ол тарихи ескерткіштерімен және соңғы үлгіде салынған сәулеттік
құрылыстарымен ерекшеленеді. Осындай өзіндік дамуды Германияның Везер өзені
бойына орналасқан Бремен қаласынан да айқын көруге болады. Ол көз тартар
өзіндік кескін-келбетімен ғана емес, сонымен қатар экономикасы мен индустриясы
дамыған қала ретінде де әлемге танылған.

Иә, әрісін айтпағанның өзінде өзіміздің Есіл өзенінің
бойына орналасқан Астананың санаулы жылдар ішінде әлем мойындаған қалаға
айналуы кімді болса да тамсандырмай қоймасы анық. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың
ерен еңбегінің арқасында әлемдік картада Еуропа мен Азияның сәулеттік өнерімен
ерекшеленген қала пайда болды. Сөз жоқ, еліміз үшін, соның ішінде Қазақстан
халқы үшін бұл адам айтып тауысып болмайтын үлкен жетістігіміз екені белгілі.
Сондықтан да болар бүгінде еліміздің әрбір өңірі Астанаға қарап бой түзей бастады.
Мұндай жақсы іс біздің облыста да жүзеге асырылуда. Атап айтқанда, облыс әкімі
Қырымбек Көшербаев Сырдария өзені бойына орналасқан Қызылорда қаласының сол
жағалауын дамыту ісін қолға алды.

Өткен жылғы қазан айында өткен облыстық мәслихаттың
кезектен тыс сессиясында облыстың шекарасын өзгерту жайы арнайы қаралды. Соның
ішінде Қызылорда қаласының шекарасын ұлғайту, әлеуметтік-экономикалық және
аумақтық-функционалдық салаларын кешенді дамыту арқылы халықтың өмір сүру
жағдайларын жақсарту мәселелері маңызды шаралардың бірі екені атап өтілді. Айта
кету керек, қаланың бас жоспары 1976 жылы жалпы көлемі 6644,5 гектар болып
бекітілген. Мұнан кейін Қызылорда қаласының бас жоспары ҚР Үкіметінің 2009
жылғы қаулысымен бекітілген жос­парына сәйкес оның аумағын Сырдария өзенінің
сол жағалауына қарай дамыту көзделген. Осыған байланысты Қызылорда қаласының
дамуы солтүстік-шығысы мен оңтүстік-шығысын дамыту қажеттігі туындады. Осы
орайда әсіресе бас жоспарға орай шекараны ұлғайту үшін басым аудан ретінде
өзеннің сол жағалауын және қаланың солтүстік шығыс бетін пайдалануға ерекше
көңіл бөлінді.Жер қатынастары және сәулет пен қала құрылысы саласындағы
уәкілетті органдармен жүргізілген талдау жұмыстарына сәйкес осы жер
учаскелерінің көлемі шамамен 5961,59 гектардың үстінде деп белгіленді. Сөйтіп,
жерге орналастыру жұмыстары барысында далалық зерттеу жұмыстары жүргізіліп,
аумақтың нақты көлемі, координаттары және жер пайдаланушылары анықталды.

Дегенмен де, өткен жылы дарияның сол жағалауына
геодезиялық зерттеу жүргізілді. Сонда белгілі болғандай, орман-тоғай қорын елді
мекендер санатына ауыстыруға қатысты құжаттар уақытылы рәсімделмеген болып
шықты. Өйткені, жерасты су жолдары мен топырақ құрамын зерттеу жұмыстары көп
уақытқа созылған. Бүгінде бұл жұмыстар аяқталып, енді таяу уақытта барлық
жоспар бекітіледі. Сөйтіп, алдағы жылы Астанадан үлгі ала отырып, жаңа қаланың
құрылысын бастау іске асырылмақшы.

Сөз басында айтқанымыздай, Қызылорда қаласының бас
жоспары 2009 жылы бекітілді. Бас жоспарда қала дамуының басым бағыттары айқындалып,
коммуналдық шаруашылық және инженерлік инфрақұрылымдарды дамыту қарастырылды.
Соның ішінде Қызылорда қаласын дамытуды екі кезең бойынша жүзеге асыру
жоспарланды. Бірінші кезең 2015 жылға, ал екінші кезең 2025 жылға дейін деп
белгіленді. Бірінші кезеңде Қызылорданың мұнай-газ өндірісін, жеңіл және тамақ
өнеркәсібін, сондай-ақ құрылыс материалдар индустриясын дамыту көзделген. Айта
кету керек, бүгінде қаланың бекітілген аумағы бас жоспарға сәйкес 13 мың
гектарды құрайды. Болашақта бұл көлем 40 мың гектарға жеткізіледі.

Сонымен қатар бас жоспармен Сырдария өзенінің сол жақ
бөлігін игеру жоспарланып отыр. Жоба бойынша Сырдария өзенінің сол жақ
бөлігінде қаланың жаңа әкімшілік орталығын қалыптастыру қарастырылған. Атап
айтқанда, жаңа әкімшілік орталықта этно-мәдени орталықтар, әлеуметтік нысандар,
сауда, сауықтыру орындары мен қонақ үй кешендері және басқа да бизнес
орталықтар салу көзделген. Жалпы қаланың сол жағалауын дамыту барысында
қазақтың ұлттық және шығыс пен классикалық сәулет өнерінің элементтері қолданылады
деп күтілуде.

Сөйтіп, түбегейлі жоспарлау жобасына сәйкес Сырдария
өзенінің сол жағалауында ыңғайлы және халыққа қолайлы өмір сүру ортасы бар және
ұлттық сәулетпен ерекшеленген қала құрылысының орталығын құру көзделген. Жалпы
жоба іске асқанда Сырдария өзенінің арғы бетінде заман талабына сай салынған
әсем де жаңа қазақи қала бой көтеретін болады. Орайы келгенде айта кету керек,
бұл жаңа қалада негізінен тек 5-9 және 12 қабатты құрайтын тұрғын үй кешендерін
салу жоспарланып отыр.

Жоба бойынша алдағы уақытта өзеннің сол жақ бөлігінде 2220 гектар жерді игеру
жоспарланып отыр. Бүгінгі күндері осы жердің 1532 гектарына инженерлік
геологиялық және геодезиялық зерттеулер жүргізіліп, оның оң қорытындысы алынды.
Ал, қалған 688 гектар
жер қаланың резервіне қойылды.

Биылғы жылы қаланың сол жақ бөлігін түбегейлі жоспарлау
жобасын әзірлеуге облыстық бюджеттен 107 млн. теңге бөлінді. Қазіргі күні осы
қаржы есебінен аталмыш жобаны әзірлеу жұмыстары жүргізілуде. Сонымен қатар
қаланың бас жоспарына сәйкес Сырдария өзенінің сол жақ жағалауына өту үшін үш
көпір құрылысын салу да жоспарланып отыр. Соның бірі биыл Ғ.Мұратбаев көшесінен
жаңа көпір салу құрылысы басталды. Болашақтың көпірі аталып отырған бұл нысанда
қазір алғашқы бетонды тірек блогының құрылысы тұрғызылды. Айта кету керек, бұл
Сыр елінің тарихында жаңа қалаға бастайтын алғашқы көпір. Ол болашақта облыстың
дамуына кеңінен жол ашады. Негізі қазір дарияның сол жағалауын салу ісі бас
жоспарға сәйкес жүзеге асырылуда. Әрі бұл жоспар кестесінің қатаң сақталары да
анық. Өйткені, алдағы уақытта қалада үй құрылысын салатын комбинат іске
қосылады. Ал оның пайдалануға берілуі тұрғын үйлерді әлемдік стандартқа сәйкес
салуға жол ашады.

Жалпы құны 5,9 млрд. теңгені құрайтын көпір құрылысын
А.Рязанов атындағы №25 көпір құрылысы отряды жүргізуде. Жоспар бойынша бұл
нысанды салу 26 айға есептелген. Дегенмен де, Қызылорда қаласын дамытуда ерекше
маңызға ие бұл нысанды құрылысшылар алдағы жылдың қазан айында пайдалануға
беруді көздеп отыр. Сөйтіп, әлемдегі өзеннің екі жағына орналасқан дамыған
қалалар қатарына ену үшін бізде де оған алғашқы қадам жасалады. Жалпы Қызылорда
қаласының бас жоспарын жасаушы «Урбостиль” ЖШС сол жағалауда салынатын
құрылыстардың тұжырымдамасын бастап та кетті. Әрі бұл тұжырымдама жаңа қалаға
баратын көпір құрылысы аяқталғанша толық дайын болады деп күтілуде.

Реті келгенде айта кетейік, жаңа көпірдің кереметтігі
сол, ол ауыл шаруашылығы өнімдерін өндіретін Шаған, Нағи Ілиясов және Шіркейлі
секілді ауылдарға барып келуді ондаған шақырымға қысқартады. Өз кезегінде бұл
ауылдар да Қызылорда қаласының азық-түлік бағдарламасын жүзеге асыруға үлес
қоса алады.

Негізі жаңа көпірдің ұзындығы 387 метр, ал оған кіретін
жол 523 мертрді құрайды. Көпір ені 22,4 метр. Ал, жаяу жүргіншілер жолы 18 метрді
құрап, оның тротуарлары біржарым метрден болады. Осындай күрделі құрылыс
нысанын салушы көпір құрылысы отряды тек қана Қазақстанға емес, сонымен қатар
шетелдерге де кеңінен танымал. Көпшілікке осындай тәжірибелі тұсынан кеңінен
танылған ұжым өзінің өндірістік күш-қуаттылығына сенгендіктен болуы керек,
көпірді мерзімінен бұрын пайдалануға беруді жос­парлап отыр. Ең бастысы,
көпірдің іске қосылуы ол «Батыс Еуропа – Батыс Қытай” халықаралық автожолына
емін-еркін шы­ғуына кеңінен жол ашады. Сондай-ақ қаладағы көлік кептелісін азайту
мен қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақстында жаңа көпір жанынан 15 шақырымдық,
төрт жолақты айналма жол да салынады. Айналып келгенде, мұның барлығы қаланың
әлеуметтік-экономикалық тұрғыдан дамуына оң септігін тигізері анық.

Сонымен, қазіргі кезде нақты есеппен алғанда облыс
орталығында 232 мыңнан астам халық тұрады. Ал, 2025-2035 жылдары тұрғындар саны
310-350 мың адамды құрайды деп күтілуде. Қарқынды өсуді есепке алсақ, онда қала
халқының саны 2050 жылдарға қарай 400 мыңға дейін жетуі мүмкін. Бүгінде алдын
ала жүргізілген зерттеу жұмыстарына сүйенсек, онда сол жағалауды игеру
нәтижесінде онда 90 мыңнан астам халық тұрақты орналастырылады. Сөйтіп, 15
мыңнан астам адам жұмыспен қамтамасыз етіледі. Осы есептің өзі-ақ қосымша
құрылыстардың көптеп салыну қажеттігін көрсетеді. Әрине, халық саны өскен сайын
ол жердің әлеуметтік-экономикалық дамуы да ерекше сипатқа ие болады. Қалай
айтқанда да, Сырдария өзенінің сол жағалауын дамыту жобасы іске аса бастағанда Сырдың бас қаласы жаңаша
келбетке ие болады. Ал ең бастысы, қаланың аумағы кеңеюімен қатар оның өзіндік
өсіп-өркендеу жолына түсуіне де мол мүмкіндік ашылады.

Айғали ҚАРАБАЛАЕВ.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз