ТАБИҒАТ ҚОРҒАУДА АТҚАРЫЛҒАН ІСТЕР АЗ ЕМЕС

37

0

Кеше «Сыр медиа» ЖШС жанынан құрылған облыстық коммуникациялар орталығында апта сайын өтетін брифинг одан әрі жалғасты. Оны серіктестік директорының орынбасары Нұрлан Соңғыбаев жүргізді. Бұл жолы журналистермен жүздесуге облыстық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының басшысы Еркебұлан Бекжанов келді. 
Сала басшысы басқармаға қоршаған орта мен табиғат қорғау, орман және жануарлар дүниесін қорғау, балық ресурстарын молайту және балық шаруашылығын дамыту, мемлекеттік экологиялық сараптамасын ұйымдастыру және жүргізу секілді негізгі міндеттер жүктелгендігіне тоқталды. Облыс аумағында мемлекеттік орман қоры жерлерінің жалпы көлемі 6,5 млн. гектарды құрайды. Оның ішінде 3 млн. гектардан астам орманды алқаптарда орман мекемелері күзету, қорғау және өсімін молайту жұмыстарымен айналысады. Өткен жылы 7136 гектар алқапқа сексеуіл, саялы және жеміс ағаштарын егу жоспарланған. Бұл жұмыстар толықтай орындалды. Соның ішінде Арал теңізінің құрғаған табанына 2700 гектар ағаш егілді. Осының нәтижесінде орман көлемін арттыру көрсеткіші 0,9 пайызға артты. Былтыр орман шаруашылығы мекемелерінің материалдық-техникалық базалары 90 пайызға нығайтылды. Өткен жылы орман ағашын заңсыз кесудің 112 дерегі тіркеліп, оларға 304,6 мың теңге әкімшілік айыппұл салынып, табиғатқа келтірілген зиян есебінен 493,9 мың теңге өндірілді. 
– Облыс бойынша балық шаруашылығына қолайлы Кіші Арал теңізі, Сырдария және жергілікті маңыздағы 166 су айдыны есептелген, – деді  басқарма басшысы. – Жоғарыдағы су айдындарының 120-сы ұзақ мерзімге табиғат пайдаланушыларға бекітіліп берілді. Соңғы үш жылдың көлемінде балық аулау көлемі 30 пайызға өсті. Былтыр 5,7 мың тонна су маржаны сүзілген. Өткен жылы аймақ басшысы  саланы дамытудың жаңа жүйесін қалыптастыру жайында тапсырма беріп, соған сәйкес арнайы консорциум құрылды. 
Басқарма басшысының айтуынша, соңғы өзгерістің бірі былтырдан бері балық шаруашылығы үшін су айдындарын бекітіп беру конкурстарын өткізу жергілікті атқарушы орган құзырына өтті. Соның нәтижесінде біздің өңірдегі 17 көл жаңадан табиғат пайдаланушыларға бекітіліп берілді. Облыс бойынша 5 су айдыны негізінде көл-тауарлы шаруашылықтары ұйымдастырылды. Қуанарлығы, 2013 жылы Кеден одағынан тыс жерлерге құны 1 млн. 493 мың АҚШ долларын құрайтын 411 тонна мұздатылған балық және балық филесі секілді балық өнімдері экспортталған.
Сондай-ақ, су ресурстары саласы бойынша да атқарылған істер аз емес. Аяқ сумен қамтамасыз ету мақсатында 6 канал тазаланды. Соның арқасында облыс тұрғындары 258,1 гектар жерге бау-бақша және көкөніс дақылдарын егуге мүмкіндік туды. Қызылорда қаласы мен барлық аудандар әкімшілік-аумақтық шекарасы шегінде Сырдария өзені бойында су қорғау аймақтары мен белдеулерін белгілеудің жобасын әзірлеу жұмыстары аяқталды. Облысымыз бойынша «Қазақстан Республикасының 2014-2040 жылдарға арналған су ресурстарын басқарудың мемлекеттік бағдарламасы» жобасына 86 жоба енгізілген. Олардың жалпы құны 98,1 млрд. теңгені құрайды. Сонымен қатар, «Сырдария өзенінің арнасын реттеу және Арал теңізінің солтүстік бөлігін сақтап қалу» жобасының (САРАТС-2) екінші кезеңін жүзеге асыру жөнінде арнайы кеңес өткізілді. Сол шара барысында облыс тарапынан ұсынылған жобаның бірдеңгейлі нұсқасы қолдау тапты. Бүгінгі таңда САРАТС-2 жобасы бірінші кезеңінің техника-экономикалық негіздемесі мемлекеттік сараптамадан өткізілуде. 
Басқарма басшысы Қызылорда қаласы аумағында «Жасыл белдеу» жасауға байланысты жұмыстар барысын тілге тиек етті. Қаланың Шымкенттен келетін аумағында 29 гектарға саялы ағаштар және сексеуіл егіледі деп жоспарланып отыр. Сондай-ақ, осындай жұмыстар облыс орталығына кіретін жолдардың басқа да бөліктерінде жасалмақшы. 
Әділжан ҮМБЕТ.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз