ТАБЫСЫН ЖАСЫРҒАН ТАСАДА ҚАЛМАЙДЫ

46

0

«Салық және халық». Бұл сөз нақты кезеңде санамызға әбден сіңгені ақиқат. Түп-төркіні «кәсібіңді адал атқарып, төлемдерден жалтарма» дегенді нұсқайтыны белгілі. Елбасы Н.Назарбаевтың атқарушы билікке жүктеген міндетінің бірі – салық базасын ұлғайту екенін оқырмандар жақсы біледі. Ал, тапсырманы орындауға ұмтылу жауапкершіліктен туындайтынына дау жоқ. Осы тұрғыда Қазалыда ауқымды жұмыстар атқарылып жатыр. Аудан әкімдігінде өткен кеңейтілген мәжілісте хабарлама жасаған салық басқармасы басшысы Ф.Қожабергеновтің сөзі соны аңғартты. 
Дерекке жүгінсек, 2013 жылы жаңадан 435 кәсіпкер есепке алыныпты. Оның ішінде такси қызметі бойынша екі есеге өскен. Сондай-ақ, табысын жасырғандар назардан қалыс қалмапты. Заң талабымен әлденеше есе салық сомасы көбейтіліпті. Міне, ұқыптылық. Оған қоса кездесулер, семинар-оқулар, БАҚ арқылы түсіндірме жүргізіліпті. Нәтижесіз де емес. Соның салдарынан аудан бюджеті 67 кәсіпкерден қосымша 28 млн. теңгемен толығыпты. Қомақты қаржы. «Ұйымдастыра білген ұтады» дегенді аудан салықшылары тағы да дәлелдепті. Сауда орталықтарын, тойханаларды шынайы қайта бағалатумен мемлекет кірісіне 66,5 млн. қаржы құйылған. Ауыз толтырып айтарлықтай өзге де жұмыстар баршылық. Ұжымның барша жетістігі аудан көлеміндегі мемлекеттік бюджет кірісіне мүдделі органдардың, қоғамдық ұйымдар ынтымағының жемісі. 
Табысқа жетуден оны ұстап тұру қиын. Алдағы уақытта атқарылуға тиісті шараларды жүйелеп, бағындырған белестен аласармауды межелеудеміз. Сала базасын ұлғайту жайлы жоспарымыз салық департаментінің «Көлеңкелі экономикаға халық пен салық қызметі қарсы» айдарындағы акциямен үндесуі бекер емес, – дейді аудандық салық басқармасы басшысы Ф.Қожабергенов. 
Акцияның мақсаты – салық органдары арқылы көрсетілетін мемлекеттік қызметтің сапасын жақсарту, кәсіпкерлерге бизнесті жүргізуге қолайлы, тиімді жағдай жасау, салықты әкімшілендіруді жетілдіру, ақшасыз есеп айырысуды дамытуға  қолдау көрсету, халықтың құқықтық мәдениет деңгейін жоғарылату, сыбайлас жемқорлықпен күресу, көлеңкелі экономиканы мейлінше болдырмау болып табылады. 
Аудан тұрғындары шараның өтуіне белсене араласып, үндеуге атсалысқаны абзал. Көлеңкелі экономикаға тосқауыл қою әр адамның азаматтық ұстанымын айғақтайтыны тағы рас.
Жұмабек ТАБЫНБАЕВ.
Қазалы ауданы.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз