Тас жолдағы трагедия азаймай тұр

701

0

Әлемде жылына жол-көлік апатынан шамамен 1 миллионнан аса адам қаза табады екен. Адамдардың көлікке деген сұранысының артуымен қатар, оны пайдалану барысында қоғам өміріне қауіп тудыратын жағдайлардың да көбейгендігін байқауға болады. Қазақстанда да жағдай мәз емес. Тосыннан келген темір тұлпардың құрбаны болып, кем дегенде жарақат алып, аурухананың жансақтау бөлімінде жататындардың қатары көбеймесе, азайған жоқ.

Қазір жол апатынан қаза тапты деген ақпаратты жиі еститін болдық. Оған бірнеше себепті алға тартуға болады. Бірақ ең негізгі себебі жүргізуші куәлігін сатып алу, жол жүру ережесіне деген салғырттық, қайда апарары белгісіз жылдамдық болып отыр. Бұған кейбір жолдардың сапасыздығы мен жаяу жүргіншілердің айдың-күннің аманында қолдан жасайтын қателіктерін қоссаңыз болады. Заңда белгіленген жылдамдықты місе тұтпай, жоғары жылдамдықпен жүруді әдетке айналдырғандардың кесірінен елімізде, оның ішінде облысымызда жол-көлік апаты жиі орын алуда.

Шынында, жол бойындағы трагедиялар азаяр емес. Әсіресе кейінгі кезде жастардың қателікке жол беруі жиілеген. Статистика солай дейді. Құзырлы органдар жол апатынан қаза болғандардың саны артып келе жатқанын айтып, жыл сайын дабыл қағады.

Осыдан бірнеше апта бұрын Мәжіліс отырысы өтті. Жиын барысында Respublica партиясы фракциясының депутаты Олжас Құспеков сауал жолдап, елімізде жол-көлік оқиғалары салдарынан қаза тапқандардың саны жыл сайын көбейіп келе жатқанына алаңдаулы екенін жеткізді. Депутат келтірген деректерге сүйенсек, Қазақстанда жыл сайын 10-15 мың жол-көлік оқиғалары тіркеліп, салдарынан 2 мыңға жуық адам қаза табады.

«Жыл сайын жол үстіндегі жағдай үлкен бір ауыл тұрғындарының жоқ болып кетуімен пара-пар. 30 жылда жол апатынан қайтқандардың саны Ауған соғысында қаза тапқан КСРО әскер санынан 4 есе асып отыр. Жол апаты салдарынан туындайтын экономикалық шығынның көлемі жылдық жалпы ішкі өнімнің 3 пайызын құрайды. Өкініштісі, жол апатынан қаза тапқандардың саны жыл сайын өсіп отыр. Сарапшылардың пайымдауынша, жол-көлік оқиғаларының көбеюінің негізгі себебі – емтиханды тапсырмай-ақ жүргізуші куәлігін еш кедергісіз оп-оңай алу мүмкіндігі. Ондай көмекті емтиханды өткізуді ұтып алған мердігер компанияның қызметкерлері де, мамандандырылған ХҚКО қызметкерлері де ұсынып жүр. Жыл сайын жол ережелері емтиханын тапсырушылардың саны орташа есеппен 424 мың адамды құраса, ең төменгі жобамен олардың 10 пайызы – 42 мың адам куәлікті сатып алса, сатудан түскен қаражаттың көлеңкелі айналымы жыл сайын 8 млрд теңгеден асады» деді О.Құспеков.

Ол өз сөзінде, сыбайлас жемқорлық белгілері бар тәуекелдерге түбегейлі талдау жасап, болашақта оларды болдырмау жайлы механизм енгізуді ұсынды. Мәселенің бір ұшы – осы. Депутат айтқан деректі біз де үстей түсейік. Күнделікті өмірде таксиге мініп жүргізушімен тілдесеміз не таныс адамдардан жүргізуші куәлігі жайлы сұрап қаламыз. Сондайда 60-70 пайызы жүргізуші куәлігін сатып алғанын немесе жақын ағайын-туысына сатып алып бергенін айтып қалады. Олардың айтуынша, қазір куәліктің нарықтағы құны 180-300 мың теңге аралығында. Жұрттан естігеніміз – осы. Бұл – бейресми дерек.

Бұлардың арасында «Жол жүру ережесін үйрену үшін куәлікті оқып алудың қажеті шамалы. Ол тәжірибемен, қателіктерден сабақ алумен келеді» дейтіндер де бар. «Қателіктер үйретеді» деп бүтін бір отбасыны «сең соққан балықтай» қылатындар да осылар. Былтыр соның куәсі болдық.

Естеріңізде болса, Назарбаев даңғылында «Приора» автокөлігі бағдаршамның жасыл жанып тұрғанына қарамастан жаяу жүргіншілер жолымен өтіп бара жатқан мектеп оқушысын қағып кетті. Соққының қатты болғаны сонша, бұл жағдайды ойлаудың өзі қорқынышты. Күні кеше де осындай жағдай орын алды. Қызылорда қаласы көшелерінің бірінде «КамАЗ» жүк көлігі жасөспірім қызды қағып кетіп, қыз оқиға орнында көз жұмды. Қалалық Полиция басқармасы анықтау бөлімі бастығының орынбасары Бағдат Жансұлтанов оқиғаның жол ережесін бұзу салдарынан туындағанын айтты.

«Кінәлі жүргізуші ұсталып, аталған дерек бойынша ҚР Қылмыстық кодексі 345-бабының 3-бөлігімен сотқа дейінгі тергеп-тексеру әрекеттері жүргізіліп жатыр. Онда көлік құралын басқаратын адамның жол жүрісі немесе көлік құралдарын пайдалану қағидаларын бұзу салдарынан абайсызда адам өліміне әкеп соғу жағдайы көрсетілген. Тиісті сот сараптамалары тағайындалды. Оқиғаның мән-жайлары анықталып жатыр»  деді ол.

Міне, осылай жол ережесін сақтамай, жылдамдықты асырып, діттеген жеріме тез жетем деп адам өмірін қиятындар аз емес. Қорқыныштысы, қазір көлікке не таксиге міне қалсаңыз, иманыңызды үйіріп отырасыз. Өйткені осындай көз көрген, құлақ естіген жайттар санамызда жаңғырып тұрады.

Осы тұста бір мысал келтірейікші. Өзіміз күнделікті таксиге мінеміз. Бірақ бейнебақылау орнатылмаған жерлерде кейбір таксистердің тайраңдап кететінін де жасырмаймыз. Әсіресе, межелі жерге тез жетіп, келесі тапсырысты орындау үшін тар жолда құйындататыны қиын.

Облыстық полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, былтыр облыс аумағында 473 жол-көлік оқиғасы орын алған. Ал апат салдарынан 551 адам жарақат алып, 146 адам қаза тапқан. Биылғы дерек те көңіл көншітерлік емес. Жыл жарымына жетпей облыс көлемінде апатты жағдайлардың саны артып, адам шығыны көбейген. Нақтырақ айтсақ, биыл 62 жол- көлік оқиғасы орын алып, 81 адам аурухана төсегіне таңылса, 21 адам ажал құшқан.

Мына ақпараттарға қарап, жол қауіпсіздігіне көп кесірін тигізетін жүргізушілердің жүгенсіздігі екенін анық аңғаруға болады.

Облыстық көпбейінді аурухана директорының орынбасары Алмас Әбілпаттаның айтуынша, былтыр облыстық көпбейінді ауруханаға жол-көлік оқиғасымен 691 адам түскен. Соның 180-і жатқызылды. Оның ішінде 31 адам жағдайының ауырлығына байланысты әртүрлі жарақаттарымен реанимация бөліміне түскен. 5 адам жарақаты ауырлықтан қайтыс болған.  Ал биыл осы кезге дейін жол апатынан 155 адам ауруханаға түскен.

ІІМ-нің мәліметіне сүйенер болсақ, ең жиі тіркелетін жол апаты жаяу жүргіншілерді қағып кету екен. Кейінгісі көліктің аударылуы, содан соң жолдың қарсы бетіне шығып кетіп, соқтығысу. Тағысын тағы.

Көбіне қала ішінде, алыс-жақын аудандарға шығатын такси жүргізушілері жол ережесін жаяу жүргіншілер де бұзатынын айтады. Олардың айтуынша, жаяу жүргіншілердің тәртіпке бағынбауынан болатын жол апаттары да аз емес. Жолға арнайы салынған белгіден емес, белгіленбеген жерден кесіп өту, көліктің алдынан жүгіріп шығу, бағдаршамға қарамай өте шығу, осылай кете береді.

Жалпы өзіміз көзбен көрген жайтты електен өткізіп, статистиканы ақтарып түйгеніміз жол апатына түрлі жайттар себеп болады. Мәселен, жүргізушінің мас күйінде көлік айдауы, әртүрлі мезгілдердегі ауа райының қолайсыздығы, жолдың сапасыздығы, көліктің сыр беруі сынды мәселелер де бар. Оны полиция мамандары да жоққа шығармайды. Қысқасы, жол-көлік апатынан қоғам талай қайғылы жағдаймен бетпе-бет келіп отыр. Оны азайтудың амалын енді кім, қалай ұсынады, әзірге белгісіз.

Ақтілек БІТІМБАЙ,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<