ТЕГІН МЕДИЦИНАЛЫҚ ТЕКСЕРУДЕН ӨТУДЕ

47

0

Аурудың алдын алған абзал.
Қазалыда қолға алынған игілікті істен осындай тұжырымға келдік. Аудан
орталығындағы №266 мектеп-лицейге жиналғандардың қарасы мол көрінді. Әрі
жүздерінен ризашылық белгісі аңғарылады. Оның себебі де бар. Еңселі білім
ордасында тегін медициналық зерттеулер жүргізіліп жатыр екен.

Мұндағы ДСМ «Еңбек гигиенасы
және кәсіби аурулар ұлттық орталығы» РМҚК өкілдерінен құралған топ ғылыми
дәрежесі жоғары, білікті де тәжірибелі мамандардан жасақталыпты. Оған қоса
дәрігерлер нақты диагноз қойып, диагностика жасайтын заманауи
құрал-жабдықтармен қамтылған. Арал өңірі тұрғындарының денсаулық жағдайына
экологияның тигізер кері әсерін зерттеуден туындаған бағдарлама қызу игерілуде.
Ақ желеңділердің арасында терапевт, дерматолог, хирург, невропатолог, өзге де
мамандық иелері қызмет көрсетуде. Сондай-ақ клиника-функ­ционалдық зерттеу
әдістері жасалуда. Ақыл-ойға, зейінге, күйзеліске, агрессияға арналған
психологиялық тест те алынып жатыр.

Дәрігерлер қауымы облыстық,
жергілікті БАҚ өкілдерімен баспасөз-конференциясын өткізді. Жүздесуде сөз алған
ҚР ДСМ «Еңбек гигиенасы және кәсіби аурулар ұлттық орталығы» мекемесі
директорының ғылыми жұмыстар жөніндегі орынбасары, медицина ғылымдарының
докторы, доцент Ләззат Ыбыраева: «Нақты кезеңде кенттің өзінен 800-ге тарта
адам зерттеуден өтуге тіркелді, анықталған науқастардың ішінде бүйрек сырқатына
шалдыққандар жиі кездесті. Балалаларды тексеруге арнайылап Алматыдан балалар
дәрігерлері келе жатыр, басты мақсат халықтың денсаулығына экологияның тигізер
зардабын анықтау болды» – деді.

Мәслихатта министрліктің дәрі­гер­лері
бұл медициналық тек­серудің эко­логиялық жеңілдіктерге ешқандай қатысы жоғын
және топтың алдына ондай мақсат қойылмағанын атап өтіп, халықтың алаңдауына
негіз жоғын жеткізді.

 

Жұмабек
ТАБЫНБАЕВ.

Қазалы
ауданы.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз