ТИІМДІ ТӘСІЛ

55

0

ТИІМДІ ТӘСІЛҚызылорда облысында медициналық кадрлар жаңа білім беру
технологияларын қолдану арқылы дайындалады.

Әлемдік денсаулық сақтау саласының қазіргі негізгі проб­лемаларының
бірі – бірінші кезекте медициналық көмек көрсететін қызметкерлердің
тапшылығымен, дәрігерлер мен медбикелердің және акушерлердің арасалмағындағы
үлкен алшақтықтармен, сондай-ақ, медициналық қызметкерлердің үлкен қалаларда
шоғырланып алуымен байланысты болып отыр. Еліміздегі осы проблеманың бір
көрінісі – білікті медицина қызметкерлері санының ауылдар мен аудандарда сирей
түсуі.

Дәрігерлердің білімін жетілдірудің Алматы мемлекеттік
институты ел өңірлеріндегі осы проблеманы шешу үшін кадрларды үздіксіз
даярлаудың қанатқақты жобасын ұсынды. «Қызылорда облысындағы денсаулық сақтау
жүйесін ұйымдастыруды жетілдіру жөніндегі ғылыми негіздемені және кадрларды
үздіксіз кәсіптік даярлаудың кешенді моделін әзірлеу» деп аталатын бұл жобаны
жүзеге асыру мақсатында институт басшылығы мен Қызылорда облысы әкімдігі
арасында ынтымақтастық туралы меморандум жасалынып, облыстық денсаулық сақтау
басқармасымен бірлескен бағдарлама қабылданды.

Қызылорда облысындағы денсаулық сақтау саласының
жағдайына жүргізілген талдау­лар нәтижесі бұл облыста мамандар біліктілігін
көтеруге деген қажеттіліктің күшті екендігін көрсетті. Сондықтан, облыстық
денсаулық сақтау басқармасымен келісіле отырып, біліктілікті арттыру курстарын,
семинарлар мен шеберлік сыныптарын жүргізудің мерзімдері анықталды.

Қызылорда облысындағы меди­циналық кадрлардың кәсіптік
даярлығын үздіксіз арттыруға бағытталған бұл бағдарламаның бір ерекшелігі –
оның нақ осы өңірдің жағдайы мен қажеттілігіне лайықталып жасалғандығы болып
табылады. Сондықтан, мұндағы оқу бағдарламаларының бар­лығы осындағы денсаулық
сақтау жүйесінің өзіндік ерекше­ліктерін барынша ескеретін болады. Мәселен,
медицина қызмет­керлерін бір орталыққа жинаудың күрделілігі ескеріле отырып,
жаңа оқыту технологиясының мүм­­кіндіктері негізінде телемеди­цинаның
жетістіктері пайдаланылады. Сондай-ақ, ауылдағы дәрі­герлерге олардың өз жұ­мыс
орындарында оқыту ісі қол­данылады.

Шеберлік сыныптарын жүр­гі­зу үшін М.Ломоносов атын­дағы
Мәскеу мемлекеттік уни­вер­­ситетінің, Архангельск қа­ла­­­сын­­дағы қоғамдық
денсаулық сақтаудың халықаралық мектебінің оқытушылары, шетелдік мамандар
шақыртылды.

Жасалынған келісім бойынша 2014-2015 жылдар аралығында
1078 медицина қызметкерін оқыту жоспарланған. Биылғы жылдың басынан бері 514
қызылордалық дәрігер оқудан өтті. Соның ішінде, республикалық бюджет есебінен
2014 жылдың басынан бері 191 маман өз біліктілігін көтерсе, 26 маман қайта
даярлықтан өтті. Ал жергілікті бюджет есебінен 587 маман өз біліктілігін
көтеріп, 86 маман қайта даярлаудан өтті.

Сұңғат ӘЛІПБАЙ,

«Егемен Қазақстан».

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз