ТҮЛІК АСЫЛДАНБАЙ, ТАБЫС АРТПАЙДЫ

51

0

Сейсенбі күні облыстық әкімдікте Қызылорда облысының мал шаруашылығын
дамыту жөніндегі ғылыми-практикалық семинар-кеңес болып өтті. Облыс әкімінің
орынбасары Серік Қожаниязовтың төрағалық етуімен өткен семинар-кеңестің алғашқы
бөлігі секциялар жұмысына арналды.

Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының міндетін атқарушы
Дәуірбек Әбуов баяндамасында Қызылорда облысының мал шаруашылығының нақты жағ­дайына
шолу жасады. Оның атап өткеніндей, аймақта мал шаруа­шы­лығын дамытудың өзіндік
ерек­­шеліктері бар. Сыр елінің ауа райы күрт континентальды, жазы ыстық, қысы
көбінесе қарсыз болып келеді. Жазда күннің ыстықтығы 50 градусқа, қыстағы аяз
40 градусқа жақындайтын сәттер болады. Қызылорда облысының алып жатқан жер
көлемі 24,4 млн. гектар. Бұл ел территориясының 8,3 пайызы. Қызылорда
облысындағы мал жайылымдық жерлердің көлемі 11,8 млн. гектар болса, 24 пайызы
ғана пайдаланылады.

Соңғы уақытта мал шаруа­шылығын дамытуға мемлекеттік қолдаулар артып
келеді. Осы мақсатқа тек өткен жылы 2,8 млрд. теңге жұмсалды. «Ырыс”, Сыбаға”,
«Алтын астық” бағдарламалары аясында жеңілдетілген несиелер берілуде. Облыста
қазіргі күні 23 асыл тұқымды мал шаруашылығы бар. Дегенмен, облыста мал шаруа­шылығын
дамытуда кедергілер де жоқ емес.
Басқарма басшысы оның бірқатарын атап өтті.

Аймақтағы малдың 70 пайыздан астамы жекелердің қолында. Асыл тұқымды
мал басы әлі тым аз. Олардың саны барлық мал басының 1,7 пайызын ғана құрайды.
Мал азығының жетіспеушілігі кезекті проблемалардың бірі. Білікті мамандар
жетіспейді. Салаға ғылыми түрде жаңа технологиялар енгізу жағы мардымсыз. Әйтсе
де, кездесіп отырған бұл проблемаларды шешу бағытында нақты жұмыстар қолға
алынуда.

Семинарда «Қазақ мал шаруашылығы ғылыми-зерттеу институты” директорының
орынбасары Аманкелді Тұрабаев жылқы шаруашылығын асылдандырудың маңыздылығы
жайлы баяндады.

Қазақ халқының әл-ауқаты артуымен бірге ауылшаруашылық, соның ішінде
мал шаруашылық өнімдерін тұтыну ұдайы артып келеді, Жылқы шаруашылығы — халық
шаруашылығының маңызды саласының бірі. Халыққа аса керекті ет, май, сүт сияқты
азық-түліктер береді. Жылқы өсіру біздің елімізде ежелден қалыптасқан кәсіп.
Еліміздің азық-түлік қорын молайту ісінде жылқы шаруашылығы үлкен орын алады.

Қазіргі таңда еліміздің жылқы шаруашылығындағы басты қызығушылық – ет
пен сүт өнімдерін мол беретін, өндіріс шығыны аз қазақы жылқыны өсіру. Жабы
типті қазақы жылқы, басқа жылқыларға қарағанда, өзіне тән ерекшеліктерімен
артық: жыл бойы жайылымда тебіндеп жайылуға бейімділігімен, ірілігімен және
тірілей жоғары салмағымен ерекшеленеді. Ғалым елімізде Қазақы жылқымен қатар Мұғалжар тұқымын
өсіруге қолайлы екенін жеткізді. Жылқы шаруашылықтары біріншіден жайылым
мәселелерін шешіп алуы қажет. Оның көлемі, пайдалану мерзімі анықталуы
тиіс. Жылқыларды таңбалау асылдандыру
шарттарының бірі болып табылады. Онда туған жылы көрсетіледі. Жылқы таңбалау
құралы, жылқы өлшейтін таразы болғаны міндетті саналады.

Семинар-кеңесте «Микробиология және вирусология институты” РМК
«Қолданбалы микробиология” филиалының директоры Ерік Шорабаев қатысушыларға
отандық Казбиосил биопрепараттары жайлы ақпарат берді. Олардың қатарында
Фитобацилин, Ризовит-АКС, Турингин, Бентобак секілді биотыңайтқыштар мен препараттар
аталды. Секция жұмысында семинар-кеңес қонақтары – ғалымдар қатысушыларға мал
шаруашылығына қатысты енгізіліп жатқан соны жаңалықтарды жеткізсе, министрлік
өкілдері шаруашылық өкілдерін қызық­тырған сұрақтарға жауап берді. Шаруашылық
өкілдері, әсіресе, субсидиялау мәселелері бойынша біраз ақпараттарға қанықты.

 

Ыдырыс ТҰРЛЫҒҰЛОВ.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз