ТӘЛІМГЕРЛЕР ИНСТИТУТЫНЫҢ ЖҰМЫСЫ ЖАНДАНБАҚ

32

0

Жуырда «Нұр Отан” партиясының облыстық филиалында партия тәлімгерлерінің семинар кеңесі болып өтті. Онда партияның «Қазақстан. 2017 мақсаттары. Ұлттық іс-қимыл жоспары” сайлауалды тұғырнамасының орындалуы бойынша атқарылатын жұмыстар ортаға салынып, партия тәлімгерлерінің міндеттері айқындалды. Партия жанындағы тәлімгерлер институтының басқосуы осымен екінші мәрте өткізіліп отыр. Ендігі жерде халық қалаулылары өздеріне жүктелген жұмыстарынан бөлек, 12 бағыт бойынша оның ішінде білім және ғылым, ұлт денсаулығы, инновациялық экономика, жастарды қолдау, халықты жұмыспен қамту және халық табысы, шағын және орта бизнесті дамыту секілді іргелі істермен айналысатын болады. Басқосуға жиналған тәлімгерлерге «Нұр Отан” партиясы облыстық филиалы төрағасының орынбасары Абзал Мұхимов ең алдымен атқаруға тиіс негізгі міндеттерді таныстырды.
«Өздеріңіз білетіндей, тәлімгерлер институты енді қалыптасып жатыр. Сіздерге жүктелетін міндет – сайлауалды  тұғырнаманы іске асыруға жетекшілік ететін бағыттары бойынша мониторинг және бақылау ұйымдастыру. Сонымен қатар, әрбір бағыттағы өзекті мәселелерді анықтай отырып, нақты ұсынымдар жасау, тұрғындармен кездесулер өткізу болып табылады”, – деді А.Мұхимов. 
Айта кету керек, Елбасы тапсырмасына сәйкес құрылған тәлімгерлер институтының  негізгі эксперттік тобы Астанада орналасқан. Оған әр облыстан бір өкілден енген. Алдағы уақытта әр тәлімгер өз бағыты бойынша нақты  ұсынымдар жасай отырып, мемлекеттік органдар мен ұйым өкілдерінің есептерін тыңдай да алады. Сондай-ақ, зерделенген жұмыстарды сараптайтын топқа кіретін адам санында шектеу жоқ. Бірақ партия мүшелерімен бірге ҮЕҰ өкілдерінің бірі болуы міндетті болып табылады. Осындай  бастаманы көтерген жиында алғаш болып Қорқыт ата атындағы ҚМУ-дың ректоры, облыстық мәслихаттың депутаты Қылышбай Бисенов білім және ғылым бағыты бойынша өз баяндамасын жасап, шараны қорытты. 
М.ОТАРАЛЫ.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз