ТҰРҒЫНДАРДЫҢ АРЫЗ-ШАҒЫМЫ ҚАРАУСЫЗ ҚАЛМАЙДЫ

114

0

«Нұр Отан» партиясы Қызылорда облыстық филиалының мәжіліс залында партияның қоғамдық қабылдауларында болған азаматтардың өтініштерін қарау мен олардың орындалу барысын талқылаған жиын өтті.

Облыстағы бірқатар басқарма басшыларының қатысуымен өткен жиынды партияның облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Өлмесхан Болатбеков ашып, жүргізіп отырды.

Өлмесхан Болатбековтың мәлімдеуінше, облыстық филиалдың қоғамдық қабылдауында ағымдағы жылдың 11 айында барлығы 3319 арыз-шағым түскен. Соның ішінде 1933-і жазбаша түрде, 1147-сі ауызша түссе, телефон арқылы тіркелгені 29.

Айта кету керек, барлық аумақтық филиалдар мен облыстық қоғамдық қабылдауда өткен жылдың қарашасынан енгізілген электрондық партия жүйесі арқылы электрондық қабылдау бөлмелері жұмыс істеуде. – Осының негізінде халық пен партияның байланысы күшейді. Өтініш беруші «Нұр Отан» партиясының сайты арқылы өз өтініштерін тіркеуге мүмкіндік алды. Барлық филиалдардың қоғамдық қабылдау бөлмелерінде бейнебақылау камералары орнатылып, жұмыс барысының ашықтығын айқындайтын жүйе жұмыс жасауда,– дейді Өлмесхан Мәтенұлы.

Жоғарыда түскен арыз-шағымдардың ішінде мемлекеттік органдарға жолданғаны 1307 болса, жауабы алынғандары 693, оң шешімі табылғаны 481, бұл 69,4 пайызды құрауда. Келіп түскен арыз-шағымдарды саралағанда ең көбі, яғни, 1005 арыз жұмыс мәселесіне қатысты туындаған. Онан кейінгі қатарда жер алу, пәтер кезегі, тұрғын үй-коммуналдық мәселелер мен зейнетақы және жәрдемақыға байланысты арыз-шағымдар. Сондай-ақ, денсаулық сақтау, сот шешімімен келіспеу, сот шешімін орындамау секілді мәселелер дебар.

Партия филиалдарында тұрғын­дар­ға заңгерлік кеңес беру мақсатында «Жұмыспен қамту – 2020», «Әділет кеңес береді», «Бизнестің жол картасы – 2020» және Елбасының «Қазақстан –2050»: Бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ» атты Жолдауынан туындаған «Кедергісіз болашақ» бағдарламалары бойынша әр аптаның сәрсенбісінде мүмкіндігі шектеулі азаматтарға арналған «ашық есік» күні өткізіледі.

Шарада өздеріне келіп түскен арыз-шағымдар жайында, оларды уақытылы қарау туралы облыстық әділет басқармасы басшысының орынбасары Ирина Бәкішова, облыстық кәсіпкерлік және туризм басқармасының басшысы Тельман Сүлейменов, облыстық жер қатынастары басқармасының басшысы Шахмардан Қойшыбаев, облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Жанат Қожарипова, облыстық білім басқармасының басшысы Наурызбай Байқадамов және өзге де сала басшылары баяндады.

Айнұр БАТТАЛОВА.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз