Тұңғыш президент тағылымы

92

0

Облыс оталығында Тұңғыш Президент күніне арналған мерекелік шаралар легі
апта басында басталып кетті. Кеше М.Мәметова атындағы гуманитарлық колледждің
мәжіліс залында «Мәртебелі Қазақстан» қоғамдық қорының ұйытқы болуымен 1
желтоқсан –ҚР Тұңғыш Президенті күніне арналған «Елбасы – ел бірлігі, ел
сенімі» атты ғылыми-тәжірибелік конференция өтті. Оған облыс әкімінің
орынбасары Ақмарал Әлназарова қатысты.

Конференцияға қатысушылар колледждегі
«Тұңғыш Президент» залы және «Тәуелсіздіктің жұлдызды қадамдары» атты көрмемен
танысты. Мұнан соң шараның танымдық бөлімі басталды. Алдымен тарих пәнінің
оқытушысы Ботакөз Жұмаділдаева «Нұрлы жол – болашаққа нық қадам» атты саяси
танымдық сабақ өткізді. Жаңа Жолдаудың мазмұны негізінде өткен слайдты дәріс қазақ
тілі мен әдебиеті пәнінің оқытушысы Гүлнұр Жүсіпованың «Өмірін еттім өнеге»
атты әдеби-музыкалық сабағымен жалғасты. Келесі кезекте ұстаздар Ғалия
Бекхожаева, Эльмира Садықова, Лаура Ахметова және Тұрар Дүйсенова Қазақстанды
әлемдік қауымдастыққа танытып, туған халқына бедел мен биік абыройды алып
берген Ұлт көшбасшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың өмірі мен ролі туралы мазмұнды
сабақтар өткізді.

Ал, жиынның екінші бөлігінде Елбасы
феномені туралы жасалған баяндамалар конференция маңызын арттыра түсті. Белгілі
ғалымдар Б.Қожамберлі, У.Ибраев «Тұңғыш Президент және әлем таныған Қазақстан»
тақырыбын, ал, №10 қазақ-түрік қыздар
лицейінің жоғары санатты мұғалімі Е.Нағиша «Ерен Елбасы – кемел көшбасшы»
тақырыптарын тарқатты. «Нұр Отан» партиясы «Жас Отан» жастар қанатының облыстық
филиал жетекшісі Е.Меңлібаев Мемлекет басшысының жастарға жасап отырған
қамқорлығы туралы әңгімелеп берді.

Жиында еліміздің Тәуелсіздік жылдары
қолы жеткен сандаған ұлы жеңістері мен әлем мойындаған беделіне Елбасы
Нұрсұлтан Назарбаевтың сындарлы да салиқалы саясатының арқасында жеткеніміз
айтылды.

***

Қарашаның 24-28 күндері аралығында
Ә.Тәжібаев атындағы облыстық әмбебеп ғылыми кітапханасында ҚР Тұңғыш Президенті
күніне арналған «Назарбаев оқулары» апталығы өтті. Кітапхананың үлкен залына
орналастырылған «Қазақ елі: Тарих. Тағылым. Тәуелсіздік» тақырыбындағы 7
бөлімнен тұратын кең көлемді кітап көрмесі осында келушілердің назарын аударып,
қызығушылығын тудырды.

Аталған көрмені ұйымдастырудағы мақсат –
оқырмандарға Тұңғыш Президенттің өмірі
мен қызметін насихаттап, Мемлекет басшысының көрнекті саясаткер, Ұлт көшбасшысы ретіндегі тұлғасы
мен тәуелсіз мемлекетті қалыптастыру,
дамытудағы сүбелі еңбегін көрсету, қазақ халқы жүріп өткен тарихи кезеңдер туралы жаңа туындыларды таныстыру.
Жас ұрпаққа Алаштың абыройын асқақтатқан Елбасының қайраткерлік қасиеттерін
үлгі ету.

Кітап көрмесінің әр бөлімі тақырыбына
сай ерекшеленеді. Көне заманнан бүгінгі күнге дейін бірнеше ғасыр сүзгісінен
өткен мемлекет шежіресінен, қазақ
хандығының құрылуы мен өркендеуінен басталатын көрме еліміздің әлемнің ең
дамыған 30 елдің қатарына қосылуы жолындағы жұмыстармен жалғасады. Онда
Елбасының «Нұрлы жол – болашаққа бастар жол» атты жаңа Жолдауының мәні мен
мазмұнын ашып көрсеткен материалдар да қойылған. Сондай-ақ, мұндағы
бір бөлім «ЭКСПО-2017 көрмесі – Елдіктің ерен жеңісі» деп аталады. Бұл бөлімде
2017 жылы Астана қаласында өтетін жаһандық шараның маңызын айқындайтын кітаптар
мен бүкіләлемдік көрмеге ұсынылатын жобаларды қамтиды.

Қысқасы, орталық кітапханада
ұйымдастырылған кең көлемді көрме көрерменнің
көзайымына айналды. Оны көрген көпшілік өз ризалықтарын жасырмады.

28 қараша күні облыстық тарихи-өлкетану
мұражайында «Елін сүйген Елбасы» тақырыбындағы фотокөрме ашылды. Айта кетейік,
аталған көрме 5 желтоқсанға дейін жалғасады.

Бұған қоса, осы күні Тұңғыш Президент
атындағы саябақта ағаш отырғызу рәсімі және патриоттық акция ұйымдастырылды.

Дәуіржан ЕЛУБАЕВ.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз