УРБАНИСТІК ОРТАЛЫҚТАР ӘРТАРАПТАНДЫРЫЛАДЫ

52

0

Министрдің айтуынша, қазіргі уақытта Астана және Алматы агломерацияларын дамыту бойынша комиссия құрылды. Шымкент және Ақтөбе агломерациялары үшін мұндай комиссиялар облыстық әкімдік деңгейінде тиісті өңірлерде жүзеге асырылуда. Сонымен қатар, мемлекет аумағын ұйымдастырудың бас схемасы аясында 2014 жылы қала құрылысын жоспарлаудың кешенді сызбалары әзірленбек. Әрбір агломерацияның осындай сызбасы дайындалады деп жоспарлануда. 
– Еліміздің басты урбанистік орталықтары Астана мен Алматы болады. Биылғы жылы Үкіметке осы екі агломерацияны әртараптандыру стратегиясы, тиісті сызбанұсқасын пысықтау тапсырылды. Шымкент пен Ақтөбе ірі агломерацияға айналуы тиіс. Келешекте Ақтау, Қарағанды және Өскемен агломерацияларын құру мәселесі қарастырылуы мүмкін,– деді Б.Жәмішев.
Агломерация мәселесін дамытуда Ақтөбе мен Шымкент қалалары белгілі бір мөлшерде қаржыландырылатын болады. Алайда, қашан және қанша көлемде екені белгісіз. Бүгінде урбанизациялану үдерісі аса белсенді қалалар ретінде көрініс берген аталған аймақтың тиісті проблемаларын шешу, өндірістің бір бөлігін шығару, көліктік және коммуналдық-шаруашылық инфрақұрылым нысандарын құру мақсатында жедел шешімдер қабылдап, қаржыландыруды қажет етеді.
Баспасөз мәслихатында биыл 160 ауданда кәсіпкерлік орталықтың ашылатыны  белгілі болды. Мемлекет басшысының Жолдауында Үкіметке Индустрияландыру бағдарламасының екінші бесжылдығын «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасымен біріктіруді тапсырған еді. Осыған орай, 2014 жылдың І тоқсанында «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасына енгізілген өзгерістер қабылданады. Кәсіпкерлердің ұлттық палатасымен бірлесіп, жаңадан кәсіп бастағандарға әдістемелік көмек көрсету бойынша тиімді қызмет түрі әзірленуде. Бағдарламада моно, шағын қалалар мен елді мекендердегі кәсіпкерлердің жобаларын субсидиялау мен кепілдік берудің кейбір шарттарын қайта қарастыру жоспарлануда.
Кезекті брифинг отырысына «Қазақстан Республикасы Азаматтық альянсының» вице-президенті Салтанат Рахымбекова қатысты. Ол Елбасы Жолдауынан туындайтын шағын және орта бизнесті дамыту мәселелеріне байланысты өз ойларын ортаға салды. «Елбасының шағын бизнеске деген қамқорлығы барлық Жолдаулардан үзілген емес. Бұл еліміздегі кәсіпкерлерге Мемлекет басшысының баса назар аударатынын көрсетеді. Осы жерде «жасыл» экономика шағын және орта бизнесті, ең алдымен отбасылық бизнесті дамытуға кең мүмкіндік береді. Мұндай жобаларды жүзеге асыру бойынша нақты мысалдар бар. Атап айтсақ, әлемге әйгілі «Кока-Кола» халықаралық қорының тапсырысымен Коалиция 2014 жылы Ақмола және Алматы облыстарының ауылдық жерлеріндегі жұмыссыздарды тарту арқылы экологиялық таза ауыл шаруашылығы өнімін өсіру жөніндегі жобаны қолға алдық», – деді ол.
Айсәуле ҚАРАПАЕВА.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз