ВЕТЕРИНАРИЯЛЫҚ САЛА ДАМЫТЫЛАДЫ

39

0

Қазіргі таңда елімізде мал тұқымын асылдандыру мәселесіне ерекше мән беріліп отыр. Осы орайда біздің өңірде де қолға алатын істер аз емес. Сыр өңірінде ветеринариялық ұйымдар мен бекеттердің материалдық-техникалық базасын жақсарту бағытында қажетті құрал-жабдықтар алынып берілді. Өткен аптада жергілікті ветеринар мамандарын білімдерін жетілдіру мақсатында арнайы семинар ұйымдастырылды.
Бұл шара еліміздің Ауыл шаруашылығы министрлігінің «Қазагроинновация» акционерлік қоғамына қарасты «Қызылорда білім тарату орталығында» өткізілді. Семинардың соңғы күнінде облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Талғат Дүйсебаев, Арал өңірі және күріш ғылыми-зерттеу институтының директоры Серікбай Өмірзақов ветеринарлармен жүздесті. Оларға аталмыш жұмыстардың маңыздылығы жөнінде әңгімелеп берді. 
Басқарма басшысы облыста мал шаруашылығын дамыту 2 бағытта жүргізіліп жатқанын жеткізді. Оның алғашқысы еліміздің өзге өңірлерінен асыл тұқымды түлік түрлерін сатып алу болса, екіншісі малдарды қолдан ұрықтандыру саналады. Облыста 8 мемлекеттік ветеринариялық ұйымдар мен 143 бекет бар. Облыс әкімдігінің қолдауымен былтыр олардың материалдық-техникалық базасы жақсартылды. Бұл мақсатта қазына қазанынан 518,6 млн. теңге қаржы бөлінді. Оның ішінде 143 ауылдық округтер мен аудан орталықтарында қолдан ұрықтандыру бекеттеріне қажетті құрал-жабдықтар алынды. Үстіміздегі жылы ветеринариялық бекеттерге ғимарат алу мақсатында 301 млн. теңге қаралады. Бұл ғимарат биылғы 1 маусымға дейін алынады деп жоспарланып отыр. Сондай-ақ, аталмыш ұйымдардың материалдық-техникалық базасын жақсарту мақсатында 357,8 млн. теңге қаралды. Сонымен қатар, дистрибьютерлік орталықтың қызметін 100 пайызға дейін субсидиялауға барлығы 21,5 млн. теңге қаржы бөлінген. 
Семинар соңында апта бойы білімін жетілдірген мамандарға арнайы сертификаттар табыс етілді. Олар бір-бірімен тәжірибе алмасып, тақырыпқа байланысты ой бөлісті. 
Әділжан ҮМБЕТ.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз