ҚЫЛМЫС ЖАСАҒАНДАР ҚҰТЫЛМАЙДЫ

74

0

Алдағы маусым айының алтыншы жұлдызы Қаржы полициясының кәсіби мерекесі. Бұдан 20жыл бұрын Президент Жарлығымен құрылған бұл құрылым осы аралықта еліміздегі сыбайлас жемқорлық пен экономикалық қылмысқа қарсы аяусыз күресіп келеді. Талай көлеңкелі қылмыстың беті ашылып, парақор шенеуніктер әшкереленді. Мемлекет байлығын көздің қарашығындай сақтауда сала қызметкерлеріне жүктелер міндеттің жау­апты да салмақты екені белгілі. Сыр өңірінде де бірқатар көлеңкелі экономика мен сыбайлас жемқорлықтың жолы кесіліп, миллиондаған қаржының талан-таражға түсуіне тоқтам салынды.

Облыстық қаржы
полициясы айтулы мерекеге орай «20 ізгі іс” акция­сын қолға алған еді. Аталмыш
департаменттің баспасөз хатшысы Аида Жаңабергенова соңғы уақыттарда қозғалған
20 резонансты қылмыстық істерді редакциямызға жолдаған екен. Солардың
бірқатарын оқырмандар назарына ұсынғанды мақұл көрдік.

Ең алдымен елді шулатқан «Бушра” ісіне тоқталайық. Бұл оқиға 2009 жылы басталды. Облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының теміржол өткелі құрылысына 1,5 млрд. теңгеден астам бағаға өткізілген тендерде бір көзден сатып алу тәсілімен жеңімпаз болған «Бушра” ЖШС басшылары З.Метин мен К.Ердоған нысан жұмыстары толық атқарылмаса да қарамағындағы қызметкерлеріне қабылдау актілеріне жалған мәліметтер енгізіп, тапсырыс беруші мекемеге өткізуді міндеттеген. Нәтижесінде қаражат мердігердің шотына толығымен аударылып, мемлекетке 18 млн. теңгеден астам залал келтірілген. 2011 жылы облыстық қаржы полициясы серіктестік басшылары қос түрік азаматына қатысты қылмыстық іс қозғады. Сонымен бірге тапсырыс беруші басқарма мен техникалық қадағалау өкілдеріне айып тағылды. Биылғы жыл басында сот үкімімен Түрік елі азаматтарының мүліктері тәркіленіп, 5 жылға бас бостандықтарынан айырылды.

Былыққа батқан мекеменің бірі қалалық санитарлық-эпидемиологиялық қадағалау басқармасы екен. 2012 жылы жүйелі пара алумен айналысқан басқарма басшысы А.Б. мен оның жеті қызметкеріне қатысты пара алу, делдал болу, қызметтік жалғандық жасау фактілері бойынша бір өндіріске біріктірілген 20 қылмықтық іс қозғалды. Аталған тұлғалар адамдар тобымен алдын ала сөз байласу арқылы бірнеше ай бойы қала кәсіпкерлерінен оң қорытынды беру үшін 10 мыңнан 165 мың теңге аралығында пара алып отырған. «Көп асқанға бір тосқан” демекші, кінәлі деп танылған басшы мүлкі тәркіленіп, 8 жылға бас бостандығынан айырылса, басқарманың жеті маманы әр түрлі мөлшерде айыппұл төлеу жазасына тартылған.

Қазіргі таңда қарапайым жұртшылықтың әділдік күтетін орындарының бірі –
сот жүйесі екені жасырын емес. Алайда бұл саланың да қылмыстан алыстап
кетпегеніне қынжыласың. Оған дәлел, 2012 жылы қаржы полициясы ұсынған
материалдар негізінде ҚР Бас прокуратурасының ұйғарымымен Шиелі аудандық
сотының төрағасы Ғ.Алмаханға қатысты пара алудың 4 оқиғасы бойынша қозғалған
қылмыстық іс. Еске салар болсақ, қаржы полициясы департаментіне Тартоғай елді
мекеніндегі колонияда жазасын өтеуші азамат мекеменің лауазымды тұлғалары
тарапынан уақытынан бұрын жазадан босату үшін 100 мың теңге қаражат бопсалағандығы
туралы арызбен жүгінген. Арыз негізінде жедел іздестіру шараларын жүргізген
қаржы полициясының қызметкерлері мекеменің бақылаушылар қызметі бөлімінің
басшысы Алсүгіровтің аталған азаматтан 100 мың теңге пара алып, оның 30 мың
теңгесін өзіне қалдырғанын, қалған 70 мың теңгесін Шиелі аудандық сотының бас
маманы Б.Досановқа бергенін, ал ол өз кезегінде қаражатты сот төрағасы
Ғ.Алмаханға тапсырғанын бұлтартпас дәлелдермен анықтаған. Сол жылғы 27
тамыздағы сот үкімімен төраға 9 жылға бас бостандығынан айырылды.

Ел тыныштығын сақтауға ант берген полиция қызметкерлері де пара алып
ұсталуда. Соның бірі – Қызылорда стансасы желілік ішкі істер бөлімі бастығының
орынбасары Төребай Сапарбаевқа қатысты қылмыстық іс. Ол уәкілетті адам бола
тұра, делдал, яғни аталған бөлімнің инспекторы А.Абылаев арқылы «К” ЖШС-на
қамқоршылық жасап, тексеру жүргізбеу үшін әр ай сайын белгіленген ақша
қаражатын беру қажеттігін айтып, бірнеше айға алдын ала 3000 АҚШ долларын
беруін талап еткен және оны алуға оқталған. Сот Т.Сапарбаевты кінәлі деп тауып,
оған 1,7 млн. теңге, ал делдалдық жасаған инспектор А.Абылаевқа 1,4 млн. теңге
айыппұл төлеу жазасын тағайындаған.

Жүйелі пара алу Қазалы аудандық салық басқармасында орын алып, басқарма
басшысы П.Яқия, орынбасары А.Сәтбаев, бас маман К.Аймағанбет сот үкімімен 5
жылдан 7 жылға дейін түрлі мерзімдерге сотталса, көпшілікке «Паханчик” деген
лақап атпен танымал болған жол полициясы инспекторы мен оның серіктесі
құрықталып, бұлтартпас айғақтармен жол сақшылары М.Қалданұлы мен Т.Мырзабеков
бірі төрт, екіншісі үш жылға бас бостандығынан айырылды. Сондай-ақ
«Ақмешіт-Мелиоратор” ЖШС директоры Е.Қалмаханов, Шиелі ауданы әкімінің бұрынғы
орынбасары Е.Құлшықбаев және басқалар айыпкерлер қатарына қосылды.

Қылмыстар экономиканың «көлеңкелі” тұсында да тыйылар емес. Заңсыз
мұнай айналымына жол берген «Электа” және «Трейд Вест Компани” мекемелерінің
директоры 5 жылға бас бостандығынан айырылса, ұйымдасқан қылмыстық топ мүшелері
Әлібаев, Қабдушев, Кәріпжанов және Хриенко 6-8 жыл аралығында жазаға кесілген.
Ал тағы бір ұйымдасқан қылмыстық топ мүшелеріне қатысты қылмыстық іс сотқа
жолданған. Бұдан басқа жалпы сомасы 1,8 млрд. теңгенің 80 мың тоннадан астам
қылмыстық жолмен табылған шикі мұнайын сатып өткізумен әрі тауарларды нақты
жеткізілімсіз келісім жасаумен айналысқан А.П. алты жылға сотталып, жазасын
жалпы режимдегі түзеу колониясында өтеп жатса, оның сыбайласы А.Дон
мемлекетаралық іздестіруде көрінеді.

Аса ірі көлемдегі бюджет қаржысын талан-таражға салған
«ДөйтГазПожСервис” ЖШС директоры Ж.Мұсаханов 2 жыл 6 айға шартты түрде
сотталса, облыстық СПИД-ке қарсы күрес жөніндегі орталық Қазалы филиалының
меңгерушісі А.Төребай, Қазалы аудандық емхананың мейіркеші Э.Берекетова, Қазалы
аудандық емханасы Шәкен дәрігерлік емханасының фельдшері Т.Жарман, «Апаттар
медицинасының теміржол госпитальдары” АҚ филиалы Қазалы теміржол ауруханасының
дәрігері Ш.Байбазарова біліктілік жөнінде маман сертификаттарын жасаған
айлакерлер боп шыққан. Олар 2008-2013 жылдар аралығында жүзге тарта денсаулық
сақтау ұйымдарының қызметкерлеріне тестілеуден өтпесе де құқық беретін
сертификаттарды заңсыз жасап беріп, мемлекетке 49 млн. теңгеден астам залал келтірген. Сот үкімімен
А.Төребай 3 жылға шартты түрде бас бостандығынан айырылса, басқалары қылмыстық
жауаптылықтан босатылыпты. Сондай-ақ 2011-2013 жылдар аралығында облыс
аумағында 5000 және 10000 теңгелік номиналдар шығарумен айналысып, жалған
ақшаның жолын тапқан С.Дәрменоваға бір өндіріске біріктірілген 33 қылмыстық іс
қозғалып, мүлкі тәркіленген ол 5,5 жылға сотталыпты.

Міне, қарап отырсаңыз жемқорлықтың қаншама түріне қанығасыз. Алайда
алаяқтық алысқа апармайтынын біле тұра, олардың осындай оралымсыздыққа
барғанына қапа боласың.

 

Бақтыбай БЕРДІБАЕВ.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз