«ҚЫНАЛЫ ҚАРДЫ» ҚАРҒЫН СУ ҚАПТАДЫ

52

0

«ҚЫНАЛЫ ҚАРДЫ» ҚАРҒЫН СУ ҚАПТАДЫЖаңақорған кентінің түстік бетіндегі, МАИ бекеті жанына жаңадан орын теуіп жатқан шағын аудан – «Қыналы қарда» 700-ге тарта  тұрғын үй бар. Мұнда жаңа үлгідегі сәулетті үйлер мен екі қабатты коттеждер де көптеп салынып жатыр. Қоныстанушылар арасында дәулеттілердің қатары баршылық болғандықтан да, қоныс тұрғындары түрік сериалындағы елді мекен секілдендіріп, бұл жерді өзара «Қыналы қар»  деп атайды.
Хош, сонымен өткен аптаның жұмасынан сенбісіне қарай сіркірей жауып берген ақ жауынға, күннің күрт жылынуынан ел-сел еріген қар суы араласып, тау беткейінен қарғын су ойпатқа қарай лап қойды. Нөсердің түнге қарай күшеюі салдарынан тұрғындар да, атқарушы билік те қорғаныс әрекетіне кештеу кіріскен сыңайлы. Таудан бері қарай құлаған мол су былтыр ғана пайдалануға берілген «Самара-Шымкент» автожолы бойындағы аудан орталығы тұсындағы көпір астынан саңлау тауып, сай-саланы қуалап, жол жиегін жағалап, көшеге кіргенде ғана көп адамға ес кірген секілді, сонда ғана қауіпті ойлай бастаған болар. 
Ақпанның 22-23-і күндері мұндағы жұрт үргін-сүргін болды да қалды. Қарғын су қаптаған күйі көшелерді аралап, аулаларды адақтап, құдықтарды, әжетхана шұқырларын толтырып, қамсыз елді қарбаласқа салды. Кейбір тұрғындарға тіптен үйден аттап шығудың мұң болғаны анық. Су тілсіз жаудың бірі емес пе, жаңа қоныстанушыларды осылай дүрліктіріп барып, орталықтағы асфальт жолды асып, енді кент орталығын қарқ қылатын қауіп туды. Әсіресе, Хорасан ата көшесіндегі тұрғындар қатты арпалысты.
Осындайда, еріксіз еске түседі: «Торғай жаңбыр жауса, балапанын қорғайды, бұршақ жауса өз басын қорғайды» демекші, күн құрғақта «басшымын, депутатпын..,» деп кеуде керетін, көп атынан сөз айтуға пейілділер өз мүмкіндіктерін пайдаланып, әуелі өз ауласын, өз үйін қорғаштаумен әлек болған секілді. Оған басқа емес, өздері  дуал айналасына үйген топырағы мен басқа да жасаған сақтық шаралары куә. Осындайда зардап шегетін тағы да қолында түк жоқ кедей-кепшік пен жоқ-жітіктер болғаны ма деп қынжыласың. Абырой болғанда, кеше түндегі 20 градус суық топан суды қатырып, көпшілікті демегендей.   
Әрине, кештеу кіріссе де, атқарушы билік қарап отырған жоқ, төтенше жағдайға байланысты штаб құрып, шама-шарқына қарай ұйымдастыру жұмыстарын жүргізуде. Қажетті техникаларды топтап, ала шапқын болып жатыр. Көпір астын бөгеп, қарғын суды басқа арнаға бұрса, 2 су айдағыш, 2 су таситын автокөлік арқылы суға толған аулаларды, нысандарды тазартуда. Ауыз су керек жерлерге оны да тасып беруге тырысуда. Аудандық төтенше жағдайлар бөлімі, басқа да мекеме қызметкерлері жұмылдырылып жатыр. Аудан әкімінің пәрменімен 4 топ жұмыс істеп, қауіпсіздік шараларын біртіндеп, жүзеге асыруда. Зардап шеккен үйлер саны әзірге 30-40 делінгенімен, есептеу жұмыстары да жалғастырылуда. Әзірге, адам және мал шығыны жоқ. 
Штаб бастығы, аудан әкімі С.Тәуіпбаевтың айтуынша, тау беткейіндегі  8 ауылдық округте де сақтық шаралары күшейтілген, кезекшілер қойылған. Сондай-ақ, аудандағы  4 су тоспасының үшеуі шірей толуға шақ қалып тұр. Тек, Бесарық су қоймасына су жинауға мүмкіндік бар. Оның сыйымдылығы 15 млн. текше метр болса, әзірге онда 5,5 млн. текше метр су бар. Оны тиімді пайдалану ойластырылуда. 
Таяу күндері күн қайта жылыса, қарғын су қайта жүреді деген сөз. Демек, қауіп әлі сейілген жоқ. Лауазымдылардың  қамсыз жүріп, жүйелі жұмыс ұйымдастырылмайтындығы осындай ел басына күн туған шақтарда белгілі болып қалады. Табиғат қанша кең болса да, мұндай жөнсіз ағаттықтарды кешірмейді, қырсыздарды тәубесіне түсіреді. Бұрындары өз арнасымен ағатын қарғын су, жолдағы тас карьерлерінің бөгесіні мен сай-салалардың орынсыз жабылуы, жолдардың салынуынан амалсыз елді мекенге қарай лап қойып отыр. Сондықтан ертең күн жылынып, жер қарайғанда қажетті тоспалар салып, жаңа арналар ашпаса, бұл қауіптің арты өкінішке ұрындыратыны анық. 
Иә, елді бұл қиыншылықтан бірлік пен ұжымдаса еткен тірлік алып шығады.
***
Жаңақорғандағы төтенше жағдайға байланысты облыс әкімі Қырымбек Көшербаевтың шұғыл селекторлық жиын өткізіп, ауданды қарғын судан аман алып қалуға облыстағы барлық тиісті құрылымдарды жұмылдырғанын, қажетті қаржыдан таршылық жасамау керектігі жөніндегі тапсырма бергендігін естіп, қалың бұқара сенім мен жігерлілікке ие болды.      
Нұрмахан ЕЛТАЙ. 
Жаңақорған ауданы.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз