ҚЫСҚА ДАЙЫНДЫҚ ҚАТАҢ БАҚЫЛАУДА

44

0

Сейсенбі күні
«Қызылордажылуэлектрорталығы» мемле­кеттік кәсіпорнында алдағы жылу беру
маусымына дайындық жөніндегі облыстық штабтың кеңейтілген көшпелі мәжілісі
өтті. Оған аймақ басшысы Қырымбек Көшербаев төрағалық жасады.

Жиынды ашқан аймақ басшысы жылу
маусымына дайын­дық жұмыстарының сапалы ат­қа­­рылуы Үкімет назарында тұр­ға­нын,
осы маңызды мәселе өзі­нің де тұрақты бақылауында екен­дігін атап өтті.

Алдымен алдағы қыс маусымына дайындық
жұмыстары және «ҚР-ның тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығын жаңғыртудың 2011-2020
жылдарға арналған бағдарламасының» аймағымызда орындалуы туралы облыс әкімінің орынбасары Нұржан Әлібаев
хабарлама жасады.

Негізгі мәселеге кіріспес бұрын Нұржан
Нұрмағамбетұлы жиынға қатысушыларға жағымды жаңалық жеткізді. Қызылорда облысы
әкімдігі мен «ҚазТрансГаз-Аймақ» АҚ арасында былтырғы жылдың соңында жасалған
мемо­рандумға сәйкес, аталған компа­ния облысты газдандыруға 23 млрд. теңге
инвестиция бө­ліп отыр. Аталған қаражатқа алда­ғы 1 қазаннан бастап 4 аудан
орталығы мен Байқоңыр қаласына АГРС стансалары орнатылып, сонымен бірге
кварталішілік газ құбырлары жүргізілетін бола­ды. Айта кетейік, бұл жұмыс­тар
екі бағытта, яғни Арал мен Жаңақорған аудандарын­да бір мезгілде басталады.
Хабарламашының айтуынша, атал­ған аудандарды газданды­ру жұмыстары келер жылдың
1 шілдесіне дейін аяқталып, аудан орталықтары мен ондағы ел­ді мекен тұрғындары
«көгілдір отын­ның» игілігін көретін болады. Айта кетейік, батыстан келетін
табиғи газға қосылатын осы 5 елді мекенде облыс халқының 23 пайызы тұрады.

Алдымыздағы жылу маусы­мы­на дайындық
жұмыстары кес­­­те­ге сәйкес атқарылып жат­қа­­нын жеткізген хабарламашы ­тұр­­ғын үй-коммуналдық ша­руа­шылығын
жаңғыртудың 2011-2020 жылдарға арналған бағ­дар­ламасының орындалу барысын
тарқатты. Биыл бұл мақ­сатқа ел қоржынынан 1,8 млрд. теңге бөлінген. Барлық 7
аудан ТКШ бағдарламасына кемі 10 тұр­ғын үйдің құжатын өткізулері тиіс еді.
Алайда, олай болмай тұр. Мәселен, Қазалы ауданында көпқабатты тұрғын үйдің са­ны
– 97. Биыл оның үшеуіне жөн­деу жүргізілсе, 2015 жылға тек 4 үй ғана
жоспарланып отыр. Жа­лағашта 2 үйге жөндеу жүр­гізілген, келер жылы 2 үй ғана
жоспарланған. Ал, Жаңа­қорғанда бірде-бір үйге жөндеу жүргізіл­меген. 2015 жыл­­­ға
2 үй ғана жос­пар­ланған. Бұл аудандар ара­­сындағы ең төменгі көрсеткіш.

Аймақ басшысы Қ.Көшербаев Қазалы,
Жалағаш және Жаңақор­ған аудандары әкімдерінің салалық орын­басарларына ТКШ
бағдарла­ма­­сына қажетті құжат жасап, өт­­кізбегендері үшін қатаң сөгіс бе­ріп,
салғырттық та­ныт­­қан басшылардың жұ­мы­сын қатаң бақылауда ұстайтынын ескертті.

Келесі маңызды мәселе, яки облыс бойынша
электр энергиясын тарату нысандарының қысқа дайындық барысы туралы «Қызылорда
электр тарату тораптары компаниясы» АҚ басқарма төрағасы Нұрлыбек Төлегенов
айтып берді. Осы тұста аймақ басшысы «Еуропалық қайта құру және даму
Банкісімен» облыс әкімдігі арасында 6 меморандум жасалғанын, Астанада өткен
жиында Үкімет басшысы осы бағыттағы жүзеге асырылып жатқан жұмыстар бойынша
өзге облыс басшыларын Қызылордадан үлгі
алуға шақырғанын жеткізді. Мәселен, аталған банк облыста сұйытылған газбен
жүретін үлкен сыйымдылықтағы автобус паркін жасақтауға 28 млн. АҚШ долларын
бөлді. Алдағы уақытта меморандумға сәйкес мемлекеттік меншіктегі су жүйесі мен
жылу-электр орталығы мекемелері қайта жаңғыртудан өткізілмек. Сонымен қатар,
КРЭК мемемесін жаңғырту, тұрмыстық қатты
қалдықтарды қайта өңдеу зауытын салу жобалары жасалды. «Еуропалық қайта құру
және даму Банкісімен» жұмыс істеу біздің мамандардың кәсіби деңгейін
көтеретінін атап өткен Қ.Көшербаев басқарма төрағасынан
«Қызылордажылуэлектрорталығы» МКК алдындағы электр энергиясына қарызды қайтару
мақсатында қандай шаралар атқарылып жатқанын сұрады. Н.Төлегенов екінші
деңгейлі банктен несие желісін ашқанын, қарызды жабу бағытында жүйелі жұмыстар
атқарылып жатқанына тоқталды.

«Қызылордажылуэлектрорталығы»
мекемесінің директоры Асқар Бекпағанбетов
жылу беру нысандарының алдағы маусымға дайындық барысын баян етті. Оның
айтуынша, екі бірдей режимде жұмыс істейтін қаламыздағы қос жылу орталығына
мазут сатып алу мәселесі оң шешімін тауыпты. Нақты кезеңде аталған жылу
орталықтары алдағы қысқа 95 пайызға дайын. Ал, аудандарға келсек, қатты және сұйық отын сатып алу жұмыстары кесте бойынша атқарылуда.
Биылғы жаңалық, облыс әкімінің тапсырмасына сай, аймақтағы әлеуметтік нысандарға
1 қазанда, ал, көпқабатты тұрғын үйлерге 15 қазанда жылу берілетін болады.

Хабарламашы ағымдағы және күрделі жөндеу
жұмыстарына бюджет қаржысынан өзге кәсіпорын өз есебінен 838 млн. теңге
бөлгенін, оның 786 млн. теңгесіне жылу орталықтарындағы станцияларды, ал қалған
қаражат жылу жүйелерін жөндеуге жұмсалып жатқанын жеткізді. Облыс әкімі
кәсіпорын директорына «Оңтүстік бу қазандығына» қарасты №3,4 филиалдардағы жылу
қазандықтарының қайта жаңғырту жұмыстарын тездетіп бітіруді тапсырды.

Мұнан соң қаладағы сумен қамтамасыз ету
нысандарының дайындық барысы туралы «Қызылорда су жүйесі» МКК директоры
Нуреддин Жарболов хабарлама жасап, Қызылжарма су кеніші бойынша атқарылып
жатқан жұмыстарға тоқталды. Оның
айтуынша, Қызылжарма ауылы мен «Арай», «Мұнайшы» шағын аудандарында биыл 25
скважина қазылып, пайдалануға берілген скважина саны 57-ге жеткен. Ал, 149
шақырымды құрайтын қаладағы су құбырларының басым бөлігі, канализация
құбырларының түгелге жуығы тозған. Келер жылы республикалық бюджеттен
құбырларды ауыстыруға қомақты қаражат сұралып отыр. Хабарламшы облыстық
бюджеттен де қаржы қаралса деген ниетін білдірді.

Бүгінгі таңда электр энергиясымен облыс
тұтынушыларын үш жабдықтаушы мекеме – «Дәулетэнерго», «Энергосервис» және
«Шиелі жарығы» ЖШС қамтамасыз етуде. Аймақ басшысы атап өткендей, нақты кезеңде
аталған саладағы жұмыстарды жақсарту және үйлестіру үшін бір орталықтан басқару
мәселесі туындап отыр. Осыған байланысты бір оператор жұмыс жасауы қажет.
Мәжілісте осы мәселе жөнінде «Қызылорда жарығы» холдингтік бірлестіктің
атқарушы директоры Еркебұлан Есенбаев тарқатып айтып берді.

Аймақ басшысы мәжіліс соңында қала және аудан әкімдері мен бюджеттік
бағдарлама әкімшілеріне жылу маусымына дайындық жұмыстарын тиянақты атқарып,
отын қорын жасақтауды 1 қазанға дейін аяқтауды және әрбір нысанға тексерулер
нәтижесімен дайындық төлқұжатын тапсыруды жүктеді. Бұл жұмыстарды орынбасары
Н.Әлібаевтың бақылауына алуды тапсырды. Сонымен қатар, тұрғындардан жылу төлемақысын жинауды күшейту қажеттігін
ескертті.

Дәуіржан ЕЛУБАЕВ.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз