ҚЫЗЫЛОРДА ӘУЕЖАЙЫ ҚАНАТЫН ЖАЙДЫ

249

0

ҚЫЗЫЛОРДА ӘУЕЖАЙЫ ҚАНАТЫН ЖАЙДЫ2001 жылы қазан айының соңғы
күндерінде Қызылордаға жұмыс сапарымен келген Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев ұшақ
баспалдағынан түскен бойда әуежай вокзалын аралап көрді. Сол кезде пайдалануға
берілгеніне көп уақыт бола қоймаған ғимараттың жолаушылар үшін жайлы екеніне
ризашылығын білдірген. Әуежай кешенін 2700 метрлік ұшып-қону алаңы, бағыттау
жолдары, күту және аялдау орындары құраған. Ал, әуе компаниясының міндетіне әуе
тасымалында облыс қажетін өтеу және ауыр салмақтағы транзиттік әуе кемелеріне
қызмет көрсету жататын. Осы жағдаймен жіті танысқан Мемлекет басшысы сол
сапарында әуежайдың мүмкіндігін онан да ұлғайту қажеттігі жөнінде тапсырма
берген.

Жалпы 1996 жылы «Қазақстан әуе жолы” ұлттық әуе
компаниясы қайта құрылуына байланысты Қызылорда қаласында оның құрамына кіретін
акционерлік қоғам түріндегі «Сыр сұңқары” әуе компаниясы құрылды. Ал, 2001 жылы
ол «Қорқыт ата” әуежайы болып қайта жасақталды. Сөйтіп, 2007 жылы әуежайдың 100 пайыз мемлекеттік акциясы
коммуналдық меншіктен республикалық меншікке, яғни Қазақстан Республикасы
Коммуникация және транспорт министрлігіне берілді.

Елбасы тапсырмасына орай 2008-2010 жылдары бұл әуежайда
жаңа жобаны іске асыру үшін республикалық бюджеттен 7,1 млрд. теңге қаржы
бөлінді. Бұл қаржыға әуежайдың ұшып-қону алаңы қайта жөнделіп, сервистік және
арнайы техникалармен жарақтандырылды. Өз кезегінде бұл салмағы 120 тонна
болатын әуе кемелеріне кең көлемдегі транзиттік қызмет көрсетуге жол ашты.

Негізі әуежайдың ұшып-қону алаңына қайта жөндеу
жасалғаннан кейін мұнда сыйымдылығы көп ұшақтарға қызмет көрсетуге зор
мүмкіндік ашылды. Соның бір айғағы болса керек, бүгінгі күндер әуежайда
аптасына 27 рейстерге қызмет көрсетіледі. Соның ішінде «Эир Астана” және «SKAT”
әуе компаниялары көптеген қалаларға жолаушылар тасымалдауды жүзеге асырады.

Дегенмен, қайта жөндеуден өткен сағатына 150 жолаушыларға
қызмет көрсететін әуежайдың аэровокзалы қазіргі заман талабына сай болмады.
Мұнда арнайы автокөлік техникаларына арналған құрылысы аяқталмаған жабық ангар
қайта жөнделіп аэровокзал ретінде пайдаланылып келді. Ал бұл дегеніңіз
халықаралық әуе тасымалын жасауға еш мүмкіндік бермейтін.

Бір ескере кетерлігі, Қызылорда облысы үстінен алыс та жақын шетелдерге көптеген әуе жолдары
өтеді. Халықаралық мәртебесі жоқ әрі географиялық жағынан қолайлы жерге
орналасқан әуежай өзінің бар мүмкіндігін пайдалана алмай келді. Сөйтіп, әуе
кеңістігі бағытындағы жұмысын кеңейте алмады. Соның әсерінен аймақтың
тұрғындары мен қонақтары шетелдерге Астана және Алматы әуежайлары арқылы ұшып
жүрді. Мұның барлығы айналып келгенде халықаралық үлгідегі қазіргі заманғы
жолаушылар терминалын салу қажеттігін көрсетті.

Осы жайларды ескерген облыс әкімі Қырымбек Көшербаевтың
бастамасымен бюджеттен тыс қаржы есебінен Қызылорда қаласы әуежайынан
жолаушыларға қызмет көрсететін халықаралық терминал құрылысы жобасының
техникалық-экономикалық негіздемесі жасалды. Қазіргі күні «Қазаэрожоба
ғылыми-зерттеу және жобалау іздестіру инс­ти­туты» акционерлік қоғамы да
бюджеттік емес қаражат есебінен терминалдың жобалау-сметалық құжаттамасын
аяқтау барысындағы соңғы жұмыстарды жүргізуде. Осы жобаны іске асыру мақсатында
облыс әкімдігі мен «Қазақстан темір жолы” ҰК” АҚ, «КТZ Expess” АҚ, «Байқоңыр”
ӘКК” АҚ мен «Қорқыт ата” әуежайы АҚ арасында біріккен кәсіпорын ашуға қол
қойылды. Соның ішінде «Қазақстан темір жолы” АҚ жобаның 70 пайызын, ал
«Байқоңыр” ӘКК” АҚ 30 пайызын қаржыландыруды жүзеге асыратын болды. Осының
нәтижесінде үлескерлердің қатысуымен «Қызыл­орда қаласының әуе терминалы”
жауапкершілігі шектеулі серіктестігі біріккен кәсіпорны құрылды. Реті келгенде
айта кетейік, облыс әкімдігі тарапынан әуежай құрылысын қаржыландыру мәселесі
толықтай шешімін тапты. Ал «Қазақстан темір жолы” ҰК” АҚ-ның инвестициялық
ұсыныстары инвестициялық комитет тарапынан мақұлданып, оның қаржылық мәселесін
шешу «Самұрық-Қазына” әл-ауқат қоры акционерлік қоғамының директорлар кеңесіне
жіберілу үстінде. Жалпы, әуежайдан салынатын халықаралық терминал құрылысын
алдағы жылы аяқтау жос­парланып отыр.

Баршаға белгілі, облыс әкімі Қызылорда қаласының
әуежайына халықаралық мәртебесін беру мәселесін көтерген болатын. Аймақ
басшысының осы бастамасы кешегі қазан айында қолдауға ие болып, Қазақстан
Республикасы Үкіметінің қаулысына сәйкес Қызылорда әуежайына халықаралық
мәртебесі берілді. Соның нәтижесінде қараша айының басынан бастап «Airport
Management Group” республикалық әуежайлар компаниясымен алдын ала келіссөздер
жүргізілді. Сөйтіп туроператорлар мен чартерлік рейстер, отандық және шетелдік
әуе компания­ларды Ресей, Түркия, Қытай және Біріккен Араб Әмірлігі секілді
алыс та жақын шетелдерге халықаралық әуе көлігін ашу мақсатында шекара, кеден,
санитарлық-эпидемиологиялық секілді тиісті қызметтер мен жұмыстар жүргізілуде.

Сонымен, бүгінде өткізу қабілет­тілігі сағатына 250
жолаушыға қыз­мет көрсететін Қызылорда қала­сының жаңа жолаушылар терминалы
құрылысының жұмыстары жүр­гізілуде. Ол толықтай аяқталғанда қызылордалықтардың
әуе кеңістігін пайдаланудағы мүмкіндігі кеңейіп, шетелдерге емін-еркін
барып-қайту­ларына жол ашылады.

Айғали ҚАРАБАЛАЕВ.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз