ҚЫЗЫЛОРДА-ЖЕЗҚАЗҒАН ЖОЛЫ СЫР МЕН АРҚАНЫ ЖАЛҒАЙДЫ

163

0

ҚЫЗЫЛОРДА-ЖЕЗҚАЗҒАН ЖОЛЫ СЫР МЕН АРҚАНЫ ЖАЛҒАЙДЫЕлбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Қазақстан халқына арнаған «Нұрлы Жол – болашаққа бастар жол» атты дәстүрлі Жолдауы
жаңа экономиканың саясатын қамтиды. Елбасы жолдың шын мәнінде, өмірдің өзегі,
бақуатты тірліктің қайнар көзі екенін, қайнаған тіршіліктің бәрі елдің күре
жолға қатысты екенін баса айтты. Өйткені, жолдардың дамуы тіршілікпен тығыз,
тікелей байланысты, бәсекелестік кеңістікте жолдары дамыған ел ғана алдыңғы
орынға шығатынына көз жетті.

Жолдауда:
«Астанада тоғысқан тоғыз жолдың торабы елорданың жасампаздық рухын тарататын
өмір-тамырға айналуы тиіс. Аймақтардың өзара байланысын жақсарту елдің ішкі
әлеуетін арттырады. Облыстардың бір-бірімен сауда-саттығы, экономикалық
байланыстарын нығайтады. Ел ішіне тың нарықтар ашады. Осылай, алысты жақын ету
– бүгінгі Жолдаудың ең басты түйіні болмақ», – делінген.

Ел
келешегін көркейтер Жолдауды жүзеге асыру бағытында атқарылар жұмыстарға
«Қазақавтожолы» респуб­ликалық мемлекеттік кәсіпорны Қызылорда облыстық
филиалының қосар үлесі қомақты.

Жол – әр
елдің әлеуметтік жағдайын айғақтайтын ең бірінші стратегиялық нысан. Елімізде
бұл мәселеге соңғы он жылдықта баса
назар аударылып келеді. Үстіміздегі жылдың 19-20 қарашасы аралығында Астана
қаласының «Көрме» орталығында «Казавтодор – 2014” көрмесі өткізілді.

–Көрмеге
қатысып қайтқан әріптестер ерекше әсермен оралды, – дейді «Қазақавтожолы” РМК
Қызылорда облыстық филиалының директоры Базархан Абыласанов. – Мемлекет
дамуының жаңа бағыттарын айқындайтын экономикалық саясатына сай, аймақ пен
аймақты, ел мен елді байланыстыратын күре жолдар салу мақсатында, «Батыс Еуропа
– Батыс Қытай» магистральдық көлік дәлізі салынып, республикалық маңызы бар
«Самара-Шымкент» тас жолы 2015 жылы толықтай іске қосылмақ.

Қазірдің
өзінде халық осы тақтайдай тегіс жолдың игілігін көріп отыр. Бірақ бір ғана
жолдың салынып болуымен барлық мәселенің шешіле қоймасы анық.

– Қазір
облыстағы күрделі жөндеуді қажет ететін жолдардың барлығына жыл сайын ағымдағы
жөндеу жұмыстары жүргізіледі, – дейді филиал басшысы. – Алайда тозығы жетіп
тұрған жерді қайта-қайта жамай беру тиімсіз. Ал республикалық бюджеттен
бөлінетін азын-аулақ қаржыға ештеңе істей алмайсың. Мәселен, филиал бойынша 2014 жылы
республикалық маңызы бар автожолдарды ағымдағы жөндеу мен күтіп ұстауға 500
млн. теңге бөлініп, 2014 жылдың 9 айында ол толық орындалды. Осының
нәтижесінде, үстіміздегі жылдың 9 айлық қорытындысымен республикалық филиалдар
арасынан 1-орынға шығып, марапат иелендік. Десек те, бөлінетін қаржылар жазда
ағымдағы жөндеу жұмыстарын жүргізіп, қыста жол тазартуға әрең жетеді.

Жол жөндеу
жұмыстарын сапалы әрі уақытылы жүргізуде жол құрылыс техникаларының алар орны
маңызды болып есептеледі. Бұл ретте мекеменің жол техникалар паркі айтарлықтай
жарақтандырылып тұрады. Айтар болсақ, үстіміздегі жылдың өзінде «Қазақавтожол»
республикалық мемлекеттік кәсіпорнынан облыстық филиалға жаңадан 10 дана КамАЗ
комбинирлі жол машинасы алдырылды.

Алайда
осындай жөндеу жұмыстарына қарамастан жолдың сапасын сол күйі сақтап қалу қиын.
Себебі жыл өткен сайын республикада көлік саны көбейіп жатыр. Деректерге
сүйенсек, 2008 жылы еліміздегі автокөліктер саны 2 млн.-нан астам болған екен. Ал қазір бұл көрсеткіш 4 млн.-ға жуықтады.
Бұған қоса, қазір Қазақстандағы жүк
айналымының отыз пайызға жуығы автокөліктің үлесіне тиеді. Және бұл көрсеткіштің де жыл сайын ұлғаймаса
азаймасы анық. Ал Қызылорданың тоғыз жолдың торабында орналасқан қала екенін
ескерсек, біздің жолдарға түсетін салмақ та ауырлай береді.

Бүлінген
жолды қайта қалыпқа келтіруге тағы қыруар қаржы жұмсалады. Сондықтан филиал тиісті мекемелермен бірігіп
жұмыс жүргізіп жатыр. Үкіметтің қаулысы бойынша көктемде, яғни наурыз айының соңынан мамырға дейін жүк
көліктерінің жолда еркін қатынауына шектеу қойылады. Ал жазды күнгі 37-40
градус ыстықта жүк көліктері ыстық қайтқаннан кейін ғана жүреді. Өйткені еріген асфальттің үстінде көліктің
ізі қалса, қайта қалпына келтіру қиын.

Жалпы жол
салу қымбат құрылыс қатарына жатады. Бір шақырым жол салуға орта есеппен 130 миллион теңге
жұмсалады. Құрылысқа қажетті құм,
қиыршық тас секілді өнімдердің барлығы жергілікті кәсіпкерлерден алынғанның
өзінде біраз қаражат жұмсалады. Өйткені, құрылыс материалдары қымбат. Сондықтан
мемлекет тек қана маңызы бар жолдарға баса назар аударып, оның тиімділігін
бірінші кезекке қояды. Құрылыс біткеннен кейін бірден қыруар пайда түспейді. Біз оның игілігін
бірнеше жылдардан кейін ғана көруіміз
мүмкін. Ең бастысы, жол біздің ұрпағымыз үшін керек.

Бір қынжыларлығы, жыл бойы тазалық жұмыстары жүргізілгенімен,
күре жолдың бойында тазалыққа мән беретін жолаушы аз. «Қазақавтожолы»
мемлекеттік кәсіпорны Қызылорда облыстық филиалының қызметкерлері жазда республикалық маңызы бар
жолдардың бойындағы күл-қоқысты жинап,
жол белгілерін жаңартып отырады. Бірақ жолаушылар мәдениетінің төмендігі мекеме
жұмысшыларының еңбегін зая кетіріп отыр. Жалпы дамыған елдерде бұндай мәселеге
бейжай қарамайды. Мәселен, Малайзияда асфальтқа тасталған қалдық пен сағыз үшін
бір ай қоғамдық жұмысқа тартылып, 500 АҚШ доллары көлемінде айыппұл салынады.
Ал Қытайда көшеде түкіргені үшін айыппұл төлейді. Ең алдымен адам еңбегін
құрметтеуге үйрететін осындай шараларды біз де қабылдасақ артық емес шығар…

Филиал директорының айтуынша, кез келген
жол салынғаннан кейін сегіз немесе
он жылдан кейін күрделі жөндеуден өтуі тиіс. Егер осы ережеге
сүйенсек, «Қызылорда-Жезқазған»
бағытындағы жолды қайта жөндейтін уақыт келді. Бірақ осыған дейін Сыр мен
Арқаны жалғап жатқан жолдың осы жағдайына да тәубе десіп, оны жөндеуге көңіл
де, қаржы да бөліне қойған жоқ. Тек әр жылдары ішінара жөнделіп тұрды.

2003
жылы 29 шақырымы күрделі жөндеуден өтсе, 2008-2009 жылдары орташа жөндеу жұмыстары жүргізілді. Алайда тозығы
жеткен жолды күрделі жөндеу болмаса, жай
жамап түзету қиын. Біраз уақыт бұрын осы жолдың
59 шақырымының асфальт қабаты болмағандықтан, қайта қалпына келтіру
үшін жоба жасалды. Қаржы бөлінбегендіктен
жоба ескірді.

– Әрине, халық жолды пайдаланып отырғандықтан, иесіз қалдыра алмаймыз. Жыл сайын қолдан
келгенше ағымдағы жөндеу жұмыстарын жүргіземіз. Ұзындығы 204 шақырым болатын
«Қызылорда-Жезқазған» жолы – облыстағы күрделі жол. Бұл жол Астана қаласына
тікелей шығатындықтан, оңтүстік пен солтүстік облыстар жолаушылары да осы
жолмен қатынайды. Аталған өңірлердің көпшілігінде мұнай, көмір өнімдері
шығатын болғандықтан, ауыр жүк көліктері
жиі жүреді. Бұған қоса экономикалық тұрғыдан, әсіресе, орталық облыстар
арасындағы байланысты нығайтуда маңызы зор, – дейді Базархан Абыласанов.

Сыр мен Арқаны жалғап жатқан ұлы жолға
қатысты көп мәселенің шешімі Елбасы Жолдауынан табылды. Құнды құжатта
көліктік-логистикалық инфрақұрылымдарды дамыту макроөңірлерді хабтар қағидаты
бойынша қалыптастыру аясында жүзеге асырылатыны айтылды. Бұл бағытта бірінші
кезекте жүзеге асырылатын негізгі автожолдар ретінде «Батыс Қытай – Батыс
Еуропа»; «Астана – Алматы»; «Астана – Өскемен»; «Астана – Ақтөбе – Атырау»;
«Алматы – Өскемен»; «Қарағанды – Жезқазған – Қызылорда»; «Атырау – Астрахань» жобалары
нақтыланды.

«Қазақавтожолы» республикалық мем­лекеттік
кәсіпорны Қызылорда облыстық филиалы құнды құжатты ел өмірінің өзегіне
айналдыратын ауқымды істерге дайын.
Өйткені, «Қызылорда-Жезқазған» автокөлік жолы логистикалық жағынан
тиімді орналасқан Сыр өңірі үшін жаңа мүмкіндіктерге жол ашады.

М.АҚЫНҰЛЫ.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз