ЗАРДАП ТАРТҚАН ЗАМАНДАСТАР

54

0

Кеше, халықаралық «Невада-Семей” антиядролық қозғалысының құрылғанына 25 жыл толуына орай облыс орталығындағы «Тағзым” алаңында еске алу шарасы өткізілді.
Шараға облыс әкімінің орынбасары А.Әлназарова, қала әкімінің орынбасары Р.Рүстемов, «Невада-Семей қозғалысының” облыстық филиал төрағасы С.Әбіш қатысып, сөз сөйледі. Митингке қатысушылар жарқын болашақ үшін басын қатерге байлаған, елі үшін ауыр қасірет зардабын тартқан азаматтарды үнсіз еске алып, рухтарына бас иді. Жиналғандар шейіт кеткен боздақтар ескерткішіне гүл шоқтарын қойды.
Шара барысында қалалық әкімшілік «Невада-Семей қозғалысы” қоғамдық бірлестігінің белсенді мүшелерін марапаттап, абзал азаматтар рухына ас беріліп, құран оқытылды. 
Невада-Семей экологиялық қозғалысы 1989 жылы 28 ақпан айында құрылды. Мақсаты – адамзат цивилизациясында жаппай қырғын алып келетін ядролық  қаруды тоқтату, полигондардан зардап шеккен аймақтарды, экологиялық-әлеуметтік жақтан тұрғындардың денсаулығын сақтау және сауықтыру шараларын ұйымдастыру, ядролық сынауда болған аймақ табиғатын, мәдениетін қалпына келтіру.
Қазақстан жері 1949-1989 жылдар аралығында 40 жыл бойы ядролық сынақтың полигоны болды. Полигондар Семей, Азғыр, Нарын, Тайсойған жерлерінде орналасты. Осы жерлерде ядролық сынақтардың 27 атмосферада, 183 жер бетінде, қалғаны жер астында жасалды. Атом қаруы сыналған елдермен салыстырсақ, Ресейде – 225, АҚШ-та –1032, Қазақстанда 500-ден астам жарылыс жасалған. Полигондардың ішінде Семей өңірі ең көп зардап шеккен аймақ.
Қазақ жерінде атом қаруларын сынау 40 жылға созылып, табиғи экожүйелерді бұзып, жарамсыз етті. Жалпы полигондар көлемі 33,6 млн.-ға жетті. Пайдаланылған жердің ауа, су, топырақ құрамы радионуклидтермен ластанды. Қазірдің өзінде Қазақстанда 2,6 млн. адам мутагенез ауруымен есепте тұр. 
Нұрбек САҒАТҰЛЫ.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз