ЖАҢА АВТОБУСТАР ҚЫЗМЕТ КӨРСЕТЕДІ

54

0

ЖАҢА АВТОБУСТАР ҚЫЗМЕТ КӨРСЕТЕДІАлдағы 12 ақпаннан бастап облыс орталығы көшелерінде үлкен сыйымдылықтағы жаңа автобустар жүре бастайды. Бұл туралы кеше қала әкімі Нұрлыбек Нәлібаев ақпарат құралдары өкілдеріне брифингте айтып берді.

Қызылордалықтар үшін жыл жағымды жаңалықпен басталғалы тұр. Бұл жаңалықты қала халқы кемі 20 жылдан уақыт төзімділікпен күтті десек, қателесе қоймаспыз.
Кешегі өтпелі кезеңде автобус парктері тараған тұста қалаішілік жолаушы тасымалы қызметін жекелеген кәсіпкерлер қолға алды. Сол кезде бұрынғы үлкен сыйымдылықтағы автобустар орнын шағын автобустар басты. Міне, сол тұстан бері қоғамдық көлік иелері көрсететін қызмет сапасының төмендігі үздіксіз айтылып келеді. Шаһар тұрғындарын дара кәсіп иелерінің көрсеткен қызметі қанағаттандырған емес.  Түйінді проблема туралы талай мәрте айтылып, жазылды да. Бірақ бәрібір «Баяғы жартас бір жартас” күйінде қала берген-ді.
Облыс тізгінін қолға алған Қырымбек Көшербаев шешімін таппай жүрген осы мәселеге айрықша мән берді. Осылайша,  қаламызда заманауи талаптарға жауап беретін автобус паркін құру жобасы дүниеге келді. Аталған жоба 2013 жылы наурыз айында өткен бірінші «Байқоңыр” инвестициялық форумына келген инвесторлар назарына ұсынылды. Нәтижесінде қараша айында Қызылорда облысы әкімдігі, «Байқоңыр” ӘКК” АҚ мен Еуропалық қайта құру және даму банкісі арасында меморандумға қол қойылды. Аталған банк жобаға нақты қолдау білдіргеннен кейін жұмыс алға басты.
Жоба шеңберінде облыс орталығына жаңа 100 автобус әкелінетін болып келісілген-ді.Айта кетейік, жобаның жалпы құны 27,11 млн. АҚШ долларын құрайды.
Енді, міне, жаңа автобустардың бір бөлігі облыс орталығына жеткізілді. 
– Қызылорда қаласындағы қоғамдық көлік мәселесін біз жаңа ғана облыс әкімімен бірге талқыладық, – деп бастады әңгімесін қала басшысы Н.Нәлібаев.  – Бүгінгі таңда облыс орталығы тұрғындарына сапалы тасымалдау қызметтерін көрсету үшін автобустық парк құрылуда. Оған арнайы аумақ та бөлінді. Елбасы қоғамдық көліктерді отынның экологиялық таза түріне көшіруді тапсырғанын білесіздер. Біз былтырдан бері осы бағытта мақсатты жұмыстар атқарып жатырмыз. Жалпы,»Қызылорда қаласында автобус паркін жасақтау” жобасы аясында өткен жылдың соңында облыстық бюджеттен 500 млн. теңге қаражат бөлінгенін айта кетейік. 
Жоба аясында  биылдың өзінде ауаны ластамайтын, экологиялық таза өнім – сұйытылған табиғи газбен жүретін 100 автобус алынады. (Негізі жаңа автобустар екі режимде – жанар-жағармаймен және сұйытылған газбен жүреді). Қазіргі таңда осы автокөліктерді сұйытылған газбен жабдықтау станциясы мен депо құрылысы аяқталуға жақын.  
Қала әкімінің айтуынша, бұған қоса жаңадан 5 «ақылды” аялдама мен диспетчерлік орталықтың құрылысы жүргізіледі.
Сыйымдылығы 80 адамға арналған автобустарда отыратын орындық саны – 45. Өзге орындар түрегеліп тұруға есептелген. Бұған қоса, автобус мүмкіндігі шектеулі жандар үшін мініп-түсуге ыңғайлы. Автобус ішінде бейнекамера, GPS және электронды жарнама қондырғысы орнатылған. Осындай заманауи озық құрал-жабдықтармен жасақталған автобустар 12 ақпаннан бастап қалалықтар мен қала қонақтарына қызмет көрсете бастайды. Жаңа көліктердің алғашқы легі №17 бағыттағы жолаушыларға өз қызметін ұсынатын болады.  Ал, қалған 80 автобус жыл соңына дейін жеткізілмек.
Нақты кезеңде қала ішінде 25 бағыт және қала іргесіндегі елді мекендерге қатынайтын 8 бағыт бойынша  барлығы 755 автокөлік жолаушы тасымалымен айналысуда. 
Дәуіржан ЕЛУБАЕВ.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз