ЖАҢА ҚҰРЫЛЫМДА ЖАҢА БАСШЫ

61

0

Үстіміздегі
жылдың тамыз айында ҚР Қаржы министрлігінің Салық комитеті мен Кедендік бақылау
комитеті біріктірілді. Осы бірігуге сәйкес облыстағы тиісті салалық
департаменттер облыс бойынша кірістер департаменті болып қайта құрылды.
Облыстық кәсіпкерлер палатасында болған жиында осы жаңа құрылымның басшысы
көпшілікке таныстырылды.

 

Жиынды ашқан «Нұр Отан” партиясы
облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Өлмесхан Болатбеков жақында
ғана Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан халқына «Нұрлы жол – болашаққа бастар
жол” атты Жолдауын жариялағанына тоқталды. Жолдауда Мемлекет басшысы ел
дамуының жеті басым бағытын айқындап берді. Соның ішінде Елбасы әлемді жайлаған
дағдарысқа тойтарыс беру мақсатында және ел экономикасының тұрақтылығын
қамтамасыз ету үшін Ұлттық қордан миллиардтаған қаржы бөлді. Бұл қаржы қатаң
бақылауда болып, осы іске «Нұр Отан” партиясы белсене араласып, бақылау орнатуы
тиіс екені де айтылды. Осы орайда жаңадан құрылған облыс бойынша мемлекеттік
кірістер департаментінің атқарар қызмет ауқымы кең. Департамент басшысының
міндетін атқарушы болып Қалдарбеков Мұса Оспанұлы тағайындалды. Ол салық
саласында ұзақ жылдар жұмыс істеген тәжірибелі маман.

Мұнан кейін сөз алған департаменттің жаңа басшысы М.Қалдарбеков
мемлекеттік бюджет түсімінің толық және ашық болуын қамтамасыз етудің жайына
тоқталды. Соның ішінде бұл құрылымның басты мақсаты тауарлардың ел шекарасынан
кіруінен бастап тұтынушысына жетуіне дейінгі аралықтағы барлық қозғалысына
бақылауды күшейту арқылы әкімшілендіруді жетілдіру, көлеңкелі экономиканы
азайту болып табылады. Сөйтіп, бюджет кірісін молайту көзделген. Осы орайда
сыртқы экономикалық қызметке қатысушылар мен салық төлеушілердің бірыңғай
ақпараттық дерек қоры қолжетімді болады. Ең бастысы, қадағалау мен бақылау біріздендірілген
соң мемлекеттің кірісі молаяды, салықтан жалтару мүмкіндігі азаяды.

Қазіргі дамыған және бәсекеге қабілетті болуға ұмтылған Қазақстан
үшін салық мәдениетін көтеру өте маңызды. Егер тоқсаныншы жылдар басында бұл
көрсеткіш 15-20 пайыз деңгейінде болса, қазір 90 пайызға жеткен. Салық
төлеушінің құқықтық сауаттылығын көтеру және бақылау органдарына сенімін
арттыру мемлекеттік кірістер органдарының басым стратегиясының бірі.

Кездесуде департамент басшысының кеден ісі жөніндегі мәселелерге
және экономикалық қылмыстармен күрес бағытына жетекшілік жасайтын орынбасарлары
да таныстырылды.

 

Айғали ҚАРАБАЛАЕВ.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз