ЖАҢА СЕНАТОРЛАР ЕСІМІ 7 ҚАЗАНДА БЕЛГІЛІ БОЛАДЫ

71

0

Өткен жұма күні Орталық
коммуникациялар қызметінде ҚР Орталық сайлау комиссиясының баспасөз мәслихаты
өтіп, ОСК комиссиясы төрағасы Қуандық Тұрғанқұлов алдағы науқанға дайындық
барысын баян етті.

2008 жылғы 4 қазанда
сайланған сенаторлар өкілеттігінің конституциялық мерзімі ағымдағы жылғы 9
желтоқсанда аяқталады. Осылайша, 1 қазанда республиканың 16 өңірінде еліміздің
жоғарғы заң шығарушы органының жоғарғы палатасына бір депутаттан сайлануы
керек.

Сенат депутаттарын сайлау
жанама сайлау құқығы негізінде жасырын дауыс беру арқылы жүзеге асады.

Кандидаттарды ұсыну
мәслихаттар сессияларында, сондай-ақ өзін-өзі ұсыну тәртібімен жүзеге
асырылады. Сонымен қатар партиялар мен қоғамдық бірлестіктер өздерінің
мәслихаттардағы өкілдері арқылы өз кандидаттарын ұсына алады. Парламент
Сенатының депутаттығына кандидат ретінде тіркелу үшін үміткер тиісті аумақтық
мәслихаттар депутаттарының кемінде он пайызының қолдауына ие болуы тиіс. Ол
үшін тиісті қолдар санын жинау қажет. Сенат депутаттығына кандидат тіркеуге
дейін және оның Конституция мен Сайлау туралы заңда көрсетілген талаптарға
сәйкестігі мен оны қолдауға жиналған қолдар тексерілгеннен кейін сайлау
жарнасын енгізеді. Биылғы жылы жарна 299 мың 490 теңгені құрайды.

Сонымен қатар, кандидат және
оның зайыбы тіркеуге дейін тұрғылықты жері бойынша салық органдарына табысы мен
мүлкі туралы декларация тапсыруға міндетті. Сайлау заңнамасына сәйкес Сенат
депутаттарының сайлауы балама негізде өтеді. Яғни, дауыс беруге арналған
бюллетеньдерге екі кандидаттан кем енгізілмеуі қажет.

«2014 жылғы 1 қазанға
Қазақстан Республикасы Парламенті Сенаты депутаттарының кезекті сайлауын
тағайындау туралы» Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығының ережелерін
іске асыру мақсатында Орталық сайлау комиссиясы осы сайлауды әзірлеу мен өткізу
жөніндегі негізгі іс-шаралардың күнтізбелік жоспарын бекітті.

Аталған жоспарға сәйкес
кандидаттарды ұсыну ағымдағы жылғы 31 тамызға дейін жүреді. Тіркеу 2014 жылғы
11 қыркүйекке дейін, ал сайлау алдындағы үгіт 12 қыркүйекте басталып, 29
қыркүйек 24.00-ге дейін жүргізіледі.

Дауыс беруді, дауыстарды санауды
және қорытындыларды жариялауды облыстық, Астана және Алматы қалалық сайлау
комиссиялары бір күн ішінде – 1 қазанда жүргізеді.

Сайлаудың соңғы
қорытындыларын Ортсайлауком 2014 жылғы 7 қазаннан кешіктірмей анықтауы қажет.

Қазақстан Республикасы
Парламенті Сенаты депутаттарының сайлауын өткізуге республикалық бюджеттен
барлығы 136 миллион теңге бөлінді.

Парламент Сенатының
депутаттығына кандидаттың әрқайсысына сайлау алдындағы үгітті жүргізуге,
сондай-ақ көліктік шығындарға республикалық бюджеттен қаражат бөлінеді.

Сонымен қатар, кандидаттардың
әрқайсысы жалпы қаражат мөлшері 13 млн. 976 мың 200 теңгеден аспайтын сайлау
қорын құра алады.

Кандидаттарға сайлау алдындағы
үгітті жүргізуге республикалық бюджеттен бөлінген қаражатты сайлау комиссиялары
кандидаттардың үгіттік материалдарын тек жергілікті өңірлік масс-медиада
жариялауын қаржыландыруға жіберетін болады.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз