ЖАҢА СТАНДАРТ ЕЛТАҢБАМЫЗҒА ӨЗГЕРІСТЕР ЕНГІЗЕДІ

43

0

«Қазақстан Республикасының мемлекеттік рәміздері туралы” Конституциялық заңға сәйкес мемлекеттік елтаңбаға бекітілген ұлттық стандарт талаптары міндетті саналады. Әйтсе де, соңғы жылдары заңды және жеке тұлғалар, сондай-ақ жергілікті атқарушы органдар тарапынан елтаңбаның сапалы жасалмай жүргендігі туралы, көп жағдайда оның «Қазақстан Республикасының мемлекеттік елтаңбасы. Пішіні, көлемі және техникалық талаптары» 989-2008 ұлттық стандартына сай келмейтіндігі жөнінде шағымдар көбейіп кетті.

Ал мемлекеттік елтаңбаны стандарт пен эталонға сәйкестендіру үшін ел қазынасынан қаржы жеткілікті бөлініп келеді. Алайда, шығарылып жатқан рәміздердің стандарттарға сәйкес келмеуі азаяр емес. Сонымен қатар, олардың дұрыстап дайындалуына бақылау жасау жолға қойылмаған. Бұл фактілер прокуратура тарапынан мекемелердегі рәміздерді тексеру барысында анықталуда. Сондықтан да бүгінгі таңда «Қазақстан Республикасының мемлекеттік елтаңбасы. Пішіні, көлемі және техникалық талаптары» 989-2008 ұлттық стандартын қайта қарау қажеттігі туындаған болатын. Бұл туралы «ҚазИнСт” РМК Қызылорда филиалының директоры Гүлназ Шарапат елтаңбамызға қатысты жаңа стандартты түсіндіруге арналған дөңгелек үстел отырысында мәлімдеді. Бұл басқосуға мемлекеттік мекемелер мен бұқаралық ақпарат құралдары өкілдері қатысты.

Басқосуда Г.Шарапат Қазақстан Республикасының Тех­ни­калық реттеу және метрология комитеті төрағасының 2014 жылдың наурыз айының 14-і күнгі бұйрығына сәйкес «Қа­зақстан Республикасының мемлекеттік елтаңбасы. Пішіні, көлемі және техникалық талаптары» 989-2008 ұлттық стан­дар­тын қайта қарастырумен айналысатын жұмысшы тобы бе­кітілгенін жеткізді. Жұмысшы тобына мемлекеттік елтаңба авторы Ж.Мәлібеков, ҚР Мәдениет министрілігінің мемлекеттік символдарды жасаумен шұғылданатын орындардың өкілдері кірген. Нәтижесінде бірнеше талқылаулар мен қоғамдық тың­дау­лар өткізілді. Ал 2014 жылдың 24 шілдесінде Мемлекеттік рәміздер жөніндегі республикалық комиссия «Қазақстан Рес­публикасының мемлекеттік елтаңбасы. Пішіні, көлемі және техникалық талаптары» 989-2014 ұлттық стандартын бекітті.

Комиссия Қазақстан Республикасының мемлекеттік ел­таң­баларын сапалы дайындауға мүмкіндік беретін жаңа стан­дартына бірнеше өзгерістер енгізілгендігін мәлімдейді. Олар не­гізінен түсіне және елтаңбаның кейбір детальдарының анық көрінуіне байланысты жасалған. Елтаңбамыз тек алтын түс­тес болатын болды. «Қазақстан» деген жазу сәл қараңғыда да оқылуы үшін анығырақ жасалады. Сондай-ақ елтаңбаны тексерудің арнайы тәсілі жасалып отыр. Тағы айта кетерлігі, елтаңбаға 3 жылға дейін кепілдік мерзім берілетін болады.

Дөңгелек үстел отырысында жаңа стандарттағы елтаңбаның 2015 жылдың 1 шілдесінен бастап қолданысқа енетіні де белгілі болды. Бұл мерзім рәміздер дайындайтын кәсіпорындарға жаңа стандарттағы өнімді шығаруға бейімделуге толық мүмкіндік береді. Екіншіден, «Қазақстан Республикасының мемлекеттік елтаңбасы. Пішіні, көлемі және техникалық талаптары» 989-2008 ұлттық стандартындағы елтаңбаларды 2017 жылдың 1 шілдесіне дейін қолдана тұруға рұқсат беріліп отыр. Сонымен, 2017 жылдың 1 шілдесінен кейін тек жаңа стандарттағы ел­таңбалар ғана қалатын болады.

Ыдырыс ТҰРЛЫҒҰЛОВ.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз