ЖАҢА ЖЫЛДА ЖАҢА АВТОБУСТАР

49

0

Кеше облыс әкімі Қырымбек Көшербаевтың қатысуымен облыс әкімдігі мен Еуропаның реконструкциялау және Даму банкі өзара несиелік және Қызылорда қаласында автобус паркін салу жобасына қолдау көрсету келісімшартын жасасты.
Шараға, сонымен бірге, Еуропаның Реконструкциялау және Даму банкінің жетекші банкирі Бахтиер Файзеев, «Байқоңыр» ӘКК» ҰҚ» АҚ төрайымы Жанат Самат және «Қызылорда» автобус паркі» ЖШС директоры Мұрат Нұғманов қатысты.  
Алғаш болып сөз алған «Байқоңыр» ӘКК» ҰҚ» АҚ төрайымы Жанат Самат бүгінгі таңда аймақта жолаушылар тасымалының сын көтермейтінін тілге тиек етіп, аталған жобаның маңыздылығына тоқталды. Оның айтуынша, қазіргі уақытта жолаушылар тасымалы 25 қалаішілік, сегіз қала сыртындағы бағыттарда жүргізілуде. Ол бойынша 721 көлік қызмет көрсетуде. Оның 58 пайызы шағын автокөліктер болса, 42 пайызы орта сыйымдылықтағылар. Ал, олардың пайдаланылған уақыты орташа есеппен 11 жылды құрайды екен. Соңғы үш жылда жолаушылар тасымалдайтын көліктердің қатысуымен 45 жол- көлік оқиғасы тіркелген. Осы жайларға бейжай қарай алмаған  жергілікті атқарушы билік тиісті шешім қабылдап, бірқатар жұмыстарды атқаруда. Мәселен, автопарк салу жобасы осы шешімдердің бір көрінісі. 
Айта кету керек, ағымдағы жылдың наурыз айында облысымызда өткен І Инвестициялық форумда аталған жобаға қолдау білдіру жөнінде Еуропаның реконструкциялық және Даму банкімен екіжақты әріптестік меморандумға қол қойылған болатын. Сонан бері жобаны жүзеге асыру бағытындағы тиісті құжаттарды әзірлеу жұмыстары жүргізілген.   Ол бойынша облыс орталығынан жаңа, заманауи талаптарға сай келетін автобус паркін салу жоспарлануда. Жобаның жалпы құны 27,1 млн. АҚШ долларын құраса, соның 18,8 млн. доллары аталған банк тарапынан жеңілдетілген заем ретінде қарастырылса, техникалық жабдықталуына 1,39 млн. АҚШ доллары қайтарымсыз грант ретінде берілгелі отыр.  Ал, жобаның қалған бөлігі, яғни, 6,9 млн. доллары жергілікті бюджеттен қаржыландырылмақ. 
Еуропаның реконструкциялық және даму банкі үлкен қаржылық институт болып табылады. Банк 34 елдің жобаларын инвестициялауда. Жиында Бахтиер Файзеев қолдау танытқаны үшін облыс әкіміне рахметін жеткізіп, әрі қарай да әріптестік байланыс орнатуға сенім білдірді. Оның айтуынша, Қызылордада автобус паркін салу жобасы банктің біздің өңіріміздегі алғашқы жобасы екен. Осы орайда ол қоғамдық көлік аясындағы бұл тәжірибені өзге аймақтарда да таратуға болатынын айтты.   
Шараны қорытындылаған  аймақ басшысы Қырымбек Көшербаев аталған банктің ауқымды қызметі жөнінде айтып өтіп, жобаны жүзеге асыруға қолдау жасағаны үшін алғысын білдірді. Сондай-ақ, облыс әкімі 2014 жылдың қаңтарынан бастап Қызылорда қаласының көшелерінде заманауи автобустардың жүре бастайтынын айтты және жоба жұмысына сәттілік тіледі. 
Айнұр БАТТАЛОВА.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз