ЖАБАЙЫ БАЗАРЛАР ЖАБЫЛЫП ТЫНАДЫ

56

0

Бей-берекет
ашылған жабайы базарларды жабу керек!Жақында болып өткен Үкіметтің кеңейтілген отырысында Елбасы Нұрсұлтан
Назарбаев осындай тапсырма берді. Президент мұндай сапасыз сауда орындары
көлеңкелі экономиканың екпінін күшейтетінін атап өтті. Бүгіннің өзінде елімізде
жасырын экономиканың үлесі 20-30 пайызды құрайды.

 

Бұл – қазына қазаны осынша түсімнен
қағылып отыр деген сөз. Осы ретте Нұрсұлтан Әбішұлы:

 

– Қазақстанда еш бақылаусыз жұмыс істеп
жатқан 100 мыңға жуық базар бар. Олар санитарлық нормаларға сай емес. Сонда не,
біздің кәсіпкерлер осындай тиімді бизнес түрін қолға ала алмай отыр ма? Жабық,
ұйымдастырылған сауда үйлерін салу керек. Ол үшін әкімдер тез арада жер бөлуі
тиіс. Оларды еркін экономикалық ай­мақ­қа кіргізіп, салықтан босату қажет.
Осылай барлық ұйым­дастырылмаған базарларды жабуға кірісіңіздер, – деген
болатын.

 

Иә, ұйымдастырылмаған жабайы базарлар
еліміздің барлық қалаларында бар екені даусыз. Олардың сауда қатарлары жаяу
жүргіншілер жолдарына дейін шығып
кетеді. Ондай көрініс Қызылорда қаласына да тән. Әйтсе де, жабайы сауда өріс
алған сонау тоқсаныншы жылдардың бас кезімен салыстырғанда базарлардың біраз
қалыпқа түскенін де мойындамай тұра алмаймыз. Дегенмен, әлемнің дамыған 30
елінің қатарынан орын алуды мақсат тұтқан еліміз үшін бұл салаға да түбегейлі
өзгеріс жасамаса болмайтыны анық. Президентіміз осыны меңзегені белгілі.

 

Бұларды жапқаннан ұтарымыз, біріншіден,
қалаларымызға тазалық әкелеміз. Базар – халықтың көп жүретін орны. Ондай
жерлерде көбіне тазалық сақтала бермейді. Айналасына көлік қаптайды. Базардан
шығатын қоқыстың өзі қаншама. Яғни, мұның бәрі қаланың сәнін кетіреді.
Санитарлық нормалар туралы сөз етудің өзі артық.

 

Сондықтан мұндай ашық базарларды жабық
сауда орындарымен алмастырып, өркениетті сауда-саттық орнату қажет. Бұл –
санитарлық нормалардың сақталуына да қолайлы. Сатушылардың арнайы киімдері де,
сауда орындарындағы тазалық та халыққа азық-түліктен болуы мүмкін қауіптердің
алдын алуға мүмкіндік береді.

 

Әрине, ол үшін жабық базарлар мен сауда
орындары көптеп салынуы тиіс. Қызылорда қаласында бұл бағытта қандай жұмыстар
жасалып жатыр? Бұл туралы Қызылорда қалалық кәсіпкерлік, өнеркәсіп жә­не туризм
басқармасының басшы­сы Қожахмет Ілиясовпен әңгіме­лескенімізде біраз жайтқа
қаныққан едік.

 

Бөлім басшысының атап өткенін­дей, облыс орталығында барлығы 16 базар бар, оның 7-і
шағын ашық базар. Базарларға санат беру жөнінде құрылған жұмыс тобының отырысы
үстіміздегі жылдың 27 мамырында өткізілген. Онда базар басшыларына базарлардың
ішінде және сыртында, санитарлық
талаптардың сақталуына күнделікті бақылау жасау, паспортын жаңалау, санитарлық
белгіленген күні базарды жабу, базардағы өрт жолдарына сатушыларды отырғызбау,
әрбір сауда орнында сатушының аты-жөнін, салыққа тіркелгендігі жайлы құжатының
көшірмесін ілу секілді тапсырмалар берілген.

 

Негізінде, Үкіметтің еліміздің қалаларында жабық
базарлар салдырту жөнінде 2010 жылы шығарған шешімі бар. Осыған орай, келесі
жұмыстар атқарылуда. Бүгінгі күні 4 қабатты 342 сауда орны бар «Отырар” жабық
базарының құрылысы жүріп жатыр. Ол жыл соңына дейін аяқталады деген меже бар.
Сол секілді, «Сыбаға” базарының киім-кешек сатылып жатқан жағындағы 2 қабатты
жабық базардың құрылысы жыл аяғына дейін бітіп, іске қосылады деп жоспарлануда.
«Қанат” шағын базарының басшылығы базарды бұзып, заманауи талаптарға сай
келетін 1 қабатты жабық базардың құрылысын бастап жатыр. «Жайна” жабық
базарының жанында екі қабатты қосымша ғимарат тұрғызылады. Базар әкімшілігі осы
ғимаратқа көшкен соң, олардың орнына базар аумағында сауда жасап жатқандар
келетін болады. «Бабас” базарын 3 қабатты жабық базарға көшіру мақсатында
құрылыс жұмыстары басталып жатыр. Ал
«Асбол” базары астында 160 автокөлікке арналған автотұрағы бар 4 қабатты жабық
базар құрылыс құжаттарын сараптамадан өткізді, құрылысын 2015 жылдың наурыз
айында бастайды. Қ.Ілиясовтың айтуынша, сондай-ақ «Талғат”, «Гүлдана” шағын
базарлары орналасатын жабық базардың эскизі дайындалып, қала әкімдігіне
ұсынған. Облыс әкімі Қырымбек Көшербаев
мал базарын қаланың сыртына көшіру қажеттігін айтқан болатын. Соған сәйкес,
қала әкімдігі «Бұлан” мал базарының басшылығынақала сыртына көшіру үшін жер телімін ұсынды. Қазіргі кезде базар
басшылығы тарапынан базар салуға қаржат көздері іздестірілуде.

 

Міне, Президент айтқан тапсырманы
орындау бағытында осындай жұмыстар жүргізіліп жатыр. Жоғарыда аталған нысандар
құрылысы аяқталуымен бей-берекет ашылған базарлар жойылып, өркениетті сауда
жүйесі қалыптасатын болады. Қ.Ілиясов
Универсам маңында және Тоқтыбаев көшесінде орналасқан жабайы базарларды
құрамында қалалық әкімшілік,
тұтынушылардың құқығын қорғау бөлімі, ішкі істер саласы қызметкерлерінен
құралған мобильдік топ күнделікті аралап, бақылау жасап отырғанын жеткізді.

 

Халықты арзан жеміс-жидекпен қамтама­сыз
ету мақсатында бүгінде қала бойынша маусымдық базарлар ұйымдастырылған. Мұндағы
сатылып жатқан өнімдер делдалдар арқылы өтпегендіктен бағалары арзан болып
келеді. Қалалық кәсіпкерлік, өнеркәсіп және туризм бөлімінің бас маманы Рауа
Сырлыбаева қызылордалықтар сатып алып отырған әлеуметтік-маңызы бар
азық-түліктердің басым бөлігінің бағалары республикалық орташа бағадан төмен
екенін мәлімдеді.

 

Ыдырыс
ТҰРЛЫҒҰЛОВ.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз